• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Қаңтар, 2022

«Атамекен» палатасының жаңа басшысы қашан сайланады?

403 рет
көрсетілді

«Атамекен» ҚР ҰКП басқармасы Тимур Құлыбаев қызметінен кетуіне байланысты үндеу жасады, деп хабарлайды Egemen.kz  Ұлттық палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы қызметіндегі өкілеттігі өз еркімен тоқтатылды. Тимур Асқарұлының жеке шешіміне құрметпен қарап, бірлескен жұмыс жылдары үшін алғыс білдіреміз. Тимур Құлыбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құрудың бастауында тұрды және палатаның бизнес пен биліктің сындарлы үнқатысу алаңы ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосты», деп жазылған Кәсіпкерлер палатасының үндеуінде.

«Атамекен» ҰКП басқармасы Ұлттық палатаның барлық басқару органдары жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті.

Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет ҰКП-мен бірлесіп, тәртіпсіздіктер барысында бизнеске келтірілген залалды өтеу бойынша жұмысты бастады.

«Төралқа төрағасын съезд сайлайтынын ескере отырып, төралқаның кезекті отырысында оның мүшелері төрағаның міндетін уақытша атқарушының кандидатурасын айқындайды. Біз өз кезегімізде «Атамекен» ҰКП сайлау жүйесін нығайту жұмыстарын жалғастырамыз. 2020 жылы аймақтық кеңестерге сайлау өткізілді. Жақын арада ҰКП басқармасы бизнес-қоғамдастықтың талқылауына бұрыннан келе жатқан мәселені - төралқаның салалық комитеттерінің мүшелерін тиісті саланың кәсіпкерлері етіп сайлау тәртібін шығарады. Нәтижесінде, 2022 жылдың күзіне қарай кезекті съезге съезд пен төралқа делегаттарының құрамы жаңартылады. Съезд жоғары басқару органы ретінде өз өкілеттіктері шеңберінде төралқаның төрағасы мен құрамы, сондай-ақ басқарма бойынша шешім қабылдайды», делінген Ұлттық палата үндеуінде.

Еске сала кетсек, Тимур Құлыбаев «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Төралқасының сайланған төрағасы өкілеттігін тоқтатты.