Еліміздің Батыс өңірінде орын алған шерулерді қолдау мақсатында 3 қаңтар күні Алматы қаласында да митингтер өткені белгілі. Оның арты лаңкестік шабуылдарға ұласып, қаладағы маңызды нысандар өртке оранды. Салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шекті. Президент жанындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматыдағы оқиғалардың барысы мен қазіргі ахуалға байланысты Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов және прокурор Берік Жүйріктаев ақпарат берді.
Алматының бас полицейі болған оқиғаны рет-ретімен баяндап, қалада орын алған тәртіпсіздіктің лаңкестік шабуылдарға ұласқандығына қатысты нақты ақпарат беріп, қаза болған болған әскерилер мен бейбіт тұрғындардың отбасына көңіл айтты. Қ.Таймерденов 3 қаңтар күні Алматы қаласында да Батыс өңірде орын алған шерулерді қолдау мақсатында қалада заңсыз шерулер өтті.
Бұл жиындарға 200-ден 2000-ға дейін азаматтар жиналған. Жергілікті атқарушы органдар мен прокуратура қызметкерлері тарапынан алдын алу, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ол күні бүлікшілікке қатысты деректер тіркелмеді. Алайда 4 қаңтардан бастап қаладағы ахуал қиындай түсті», деді. Оның айтуынша, 4 қаңтарда «Алматы Арена» мұз сарайының жанына 2 мыңға жуық адам жиналған. Сондай-ақ Шығыс айналма жолының маңында заңсыз акция ұйымдастырылып, қаланың басқа бөліктерінде 5 мыңға дейін адам ереуілге шықты. Қатысушылар саны біртіндеп көбейе берді. Рысқұлов, Саин, Шығыс айналма жолы мен Төле би көшелерінің бойында жолдарды жауып, көлік қозғалысын жабу әрекеті жасалды. Шерушілерге лаңкестер, экстремистер мен қылмыскерлер қосылып, билікке қарсы күш көрсетіп, әкімдікті басып алуға шақырды. Осы кезде гарнизонның барлық жеке құрамы жасақталып, қалаға қосымша полиция бөлімшелері мен Ұлттық ұланның әскерилері орналастырылды, стратегиялық нысандар мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының күзеті күшейтілді. Түскі уақытта кемінде 10 мың адам басып алынған муниципалдық көліктердің көмегімен қоршауды бұзып, қала әкімшілігін басып алуға тырысты. Екі әрекеті сәтсіз болған соң, наразылар алаңнан шығып кетті. Кетіп бара жатып олар қызметтік және өрт сөндіру машиналарын өртеп, жедел жәрдем көліктерін зақымдаған. Қ.Таймерденов атап өткендей, 5 қаңтар күні таңертең 20 мың адам қала орталығына қарай бет алды. Сандық артықшылық пен қаруды пайдаланып, бірнеше қорғаныс шебін бұзып өтіп, Республика алаңына жетіп, әкімдік ғимаратын басып алды. Қаланың әртүрлі аудандарында содырлар оқ жаудырып, қаланы қиратып, қару-жарақ дүкендерін басып алып, кездейсоқ өтіп бара жатқандарды өлтіріп, сауда орталығында бүліктер жасай бастады. Сол күні кешке қала әкімі Б.Сағынтаевтың кортежіне оқ атылды. Алматыда Президент тапсырмасымен төтенше жағдай енгізілді. Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні содырлар полиция бөлімін, Алмалы, Жетісу, Әуезов, Бостандық аудандық бөлімшелерін басып алуға әрекет жасаған. Қару-жарақ пен әскери техниканы тартып алу мақсатында Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне де шабуыл жасалды. Алматының халықаралық әуежайы басып алынды.
Кейіннен лаңкестердің топтары бір мезгілде жеті қару-жарақ қоймасын басып алды, барлығы 1 347 қару, оның ішінде 501 винтовка, 807 тегіс ұңғылы және 39 газ-травматикалық қару алған. «Осыған орай шабуылдардан қорғану және тойтарыс беру, жауынгерлік қаруды ұрлауға жол бермеу үшін табельдік қаруды қолдана отырып, арнайы жоспар енгіздім. Мен жеке полиция департаментінде болдым. Осы кезде ғимаратты басып алу үшін бүлікшілер 27 әрекет жасады. Олар техника мен арнайы тактиканы, таран ретінде джиптер мен «Камаздар» қолданды. Шабуылдарды қару-жарақ пен ұрыс әдістерін меңгерген кәсіби дайындалған адамдар жасады», деді Қ.Таймерденов.
Бас полицейдің айтуынша, күні бүгінге дейін күш құрылымдары лаңкестікке қарсы операцияларды жалғастырып келеді. Осы орайда азаматтарды мәжбүрлі шектеулерге шыдамдылықпен қарауға шақырып, сабырлық сақтауды, әсіресе, антитеррорлық операциялар жүргізіліп жатқан жерлерде қауіпсіздік шараларына абай болуды ескертті. Сонымен қатар Қ.Таймерденов арандатушылыққа бой алдырмай, барлық күдікті фактілер мен адамдарды полицияға хабарлау қажеттігіне назар аудару керектігін ескертіп, «Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана қаладағы тәртіпті қалпына келтіруге, құқық қорғау органдарына үлкен көмек көрсете аласыздар», деп атап өтті.
Алматыда лаңкестік қақтығыстар мен шабуылдар нәтижесінде 149 адам көз жұмды. Олардың басым көпшілігі бұзақылар мен лаңкестер болса, олардың қолынан бейбіт азаматтар да қаза тапты. Лаңкестердің басым көпшілігі 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні полиция бөлімшелері мен блок-бекеттерге шабуыл жасау кезінде жойылған. Қазіргі кезде қылмыскерлерден қару тәркілеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінге дейін 127 бірлік қару, 2800 түрлі калибрлі патрон, сондай-ақ басқа да оқ-дәрілер мен арнайы құралдар тәркіленген. Қ.Таймерденовтің айтуынша, бастапқыда жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар таяқпен, «битпен» және т.б. қаруланған, тас, бөтелкедегі бензинді пайдаланған. Кейін олар полиция қызметкерлері мен әскери училище курсанттарының арнайы құралдары мен нысанды киім-кешектерін иеленіп, қару-жарақ пен әскери техниканы басып алу мақсатында Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне шабуыл жасады.
«Алматыда белең алған қарулы қақтығыстардың бел ортасында жүрген прокуратураның барлық қызметкерлері бандиттердің ұйымдасқан агрессиясының куәсі болды. Олар арнайы техниканы, өрт сөндіру машиналарын, автобустарды басып алып, құқық қорғау күштерін таратты. Барлық жерде бейнебақылау камералары жойылды. Қылмыс жасау үшін «брусчатка» мен қолда бар басқа да қаруларды пайдаланды», деп атап өтті қала прокуроры Берік Жүйріктаев.
Бандиттер мен террористер 5 қаңтардан бастап қала тыныштығын бұзып, шабуылдарды күшейткен. Прокурордың айтуынша, олардың мінез-құлқы, дайындығы, қатыгездігі және іс-әрекеттерінің синхрондылығы бұл әрекетке асқан дайындықпен келгендігін көрсетеді. Қатыгез іс-қимылдардың салдарынан қаладағы барлық жеке құрам орналасқан прокуратура ғимараттарының бірі өртенген. Төтенше жағдайлар министрлігінен көмекке келген күштердің жедел әрекеттерінің нәтижесінде қызметкерлер эвакуацияланып, жанып жатқан ғимараттан шығарылып, өрт сөндірілген.
Прокурор сонымен бірге қылмыскерлердің аңшылық дүкендерін басып алып, полицияға шабуылын мақсатты түрде жасады деді. Қару бандиттер мен террористерге құқық қорғау органдарына шабуыл жасау, бейбіт тұрғындарды қорқыту және террористік шабуылдарды жалғастыру үшін қажет болған. Соның салдарынан ғимараттар қирап, өрт және медициналық көмек жұмысына кедергі жасалды.
Мұндай жойқын әрекеттерді алғашқыда құқық қорғау органдары ашынған митингішілердің ісі деп танып, шектен шыққан қылмыстарға қарамастан, қару қолданбаған. «Қазір біз содырлардың наразылық акцияларын өз мақсаттары үшін қолданғанына көз жеткізіп отырмыз. Көшеге шыққан бейбіт тұрғындарды олар қалқан ретінде пайдаланды. 5 қаңтардан бандиттер мен террористер шабуылдай бастады. Бұл бейбіт наразылық емес еді. Нағыз терроризм актісі болатын. Қала әкімдігінің ғимараты, әуежай мен Президент резиденциясы басып алынды. Олардың іс-әрекетінің сипаты, дайындығы, қатыгездігі мен үйлесімділігі арнайы ұйымдасқандығын көрсетеді», деді Б.Жүйріктаев.
Қаладағы лаңкестік әрекеттің салдарынан әскерилермен қатар бейбіт тұрғындар да көз жұмды. Осы орайда қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтқан Алматы прокурорының айтуынша, қазір қалада жағдай тұрақты. Осы орайда қала тұрғындарын жалған ақпараттың таралуына жол бермеуге және арандатушылыққа бой алдырмауға шақырып, қоғамдық қауіпсіздікті қалпына келтіруге байланысты барлық күш жұмылдырылғанын атап өтті. Қазіргі кезде қалада барлық қылмыстарды тергеу үшін құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын ведомствоаралық тергеу тобы құрылған. «Біз лаңкестік әрекеттерге және басқа да қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қоғамдық қауіпсіздікті қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдануда. Қазір құқық қорғау органдары 405 қылмыстық істі тергеуде. Соттың санкциясымен 249 адам қамауға алынды», деді прокурор.
Бүгінде қала бойынша қылмыскерлер 2 мыңға жуық нысанды бүлдірген. Тергеушілер зардап шеккен бизнес нысандарын тексеріп, оқиға орнынан заттай дәлелдемелер іздестіруде. Бұл – бандиттердің киімдері, бейнежазбалар, қылмыс құралдары. Қазіргі кезде 127 қару табылған. Алынған бейнематериалдар қылмысқа қатысушыларды анықтау және кейіннен сәйкестендіру үшін пайдаланылады. Жұмыс Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, құқық қорғау ұйымдарының өкілдерімен, Адвокаттар алқасымен және Кәсіпкерлер палатасымен тығыз өзара іс-қимылда жүргізілуде. Қамалғандарды ұстауды тәуелсіз бағалау үшін олардың изоляторларына кіру мүмкіндігі қарастырылған. Прокурордың айтуынша, азаматтарды жәбірленуші деп тануға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл өтемақы алу үшін аса маңызды. Прокурорлар Президенттің тапсырмасына орай ауыр қылмыс жасамағандарға жазаны жеңілдету шараларын да қарастыруда. «Бұл жерде құқық бұзушының ісі жеке қаралуда. Мәселен, қала прокуратурасы 71 адамның жазасын жеңілдетті, тергеу изоляторынан 91 адамды босатты. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Прокурорлар қылмыстық үрдіс барысында азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді», деген Б.Жүйріктаев қалада терроризмге қарсы операция жалғасып жатқанын еске салып, көпшіліктен шектеулер мен құқықтық тәртіпті сақтауды сұрады. Фейктердің таралуына жол бермеуге және арандатушылыққа бой алдырмауға шақырған прокурор құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқық бұзуына немесе қиянатына тап болған жағдайда прокуратураға хабарласуға болатынын ескертті. Осы орайда прокуратура қызметкерлері күнделікті онлайн қабылдау жүргізіп, әлеуметтік желілерде байланыста болады.