• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Экономика 18 Қаңтар, 2022

Азық-түлік қауіпсіздігінің алғышарттары

585 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте сөйлеген сөзінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Үкімет пен әкімдер үшін бас­ты басымдық екенін атап өтті, өйткені нарықта өнімдер жет­кіліксіз болса, ешқандай шаралар инфляцияны ұстап тұруға көмектеспейді.

«Көптеген жыл бойы жоғары инфляция біздің экономикамыздың басты проб­лемасы болып келуде. Бұл экономикалық және әлеуметтік саясаттың тиімділігін төмендетеді. Бұл мәселеге нүкте қойып, бағалар мен халықтың инфляциялық күтулерін тұрақтандыратын кез келді. Инфляцияны 2025 жылға қарай 3-4% нысаналы дәлізде төмендету бойынша жоспарлы жұмыс қажет. Үкімет Ұлттық банкпен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп инфляцияны бақылау жөнінде шаралар кешенін әзірлеуге тиіс. Ол импортқа тәуелділікті төмендету, артық делдалдықты азайту шараларын және ақша-несие саясатының құралдарын қамтуға тиіс», деді Президент.

Дәл осы күндері еліміздің ішкі нары­ғын­дағы азық-түлік жағдайының халық үшін төтенше сипаты бар деп түсінеміз. Өйткені бұрынғы үкіметтер бұл мәселеге дұрыс мән бермей келді. Сондықтан азық-түлік бағасы жылдан-жылға шарықтап, халық наразылығының туындауына әсер еткен басты факторлардың бірі болды. Ендеше, бұл мәселеде жаңа Үкіметтен жаңа қадамдар күтетініміз анық. Ал әзірге проблеманы еңсерудегі оның қолындағы құралдар көп емес.

Мұны жаңа Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өзі айтып, Үкімет мүшелерінің алдында төтенше сипаты бар көптеген жұмыс тұрғанын атап көрсетті. «Бүкіл еліміздің басына ауыртпалық түсіп тұрған қазір­гі­дей күрделі кезеңде біз Мемлекет бас­­­шы­сының зор сенімін ақтауымыз керек. Біз – Үкіметтің жаңа құрамы, ха­лық­тың өмір сапасын жақсартуға, эко­номиканың өсімін сақ­тау­ға және пан­демияны еңсеруге, лаң­кестер мен бұзақы-тонаушылар кел­тірген орасан шығынды қалпына келтіруге, елімізді жаппай дағдарыстан шығаруға бағытталған Президент тапсырмаларын орындау үшін бар күш-жігерімізді аямай жұмыс істеуіміз қажет».

Премьер-Министр Үкіметтің ал­ғаш­қы отырысында сөйлеген сөзінде осылай дей келіп, мұның осындай аса ауыр жағдайда әлі ешқандай Үкіметтің алдында болып көрмеген өте күрделі де ауқымды міндет екенін, халық өздерінің жұмысынан нақты нәтиже күтетінін атап көрсетті.

Біздің ойымызша, бұл Үкіметке қиын­дық­тарды еңсеруге көп уақыт бері­ліп отырған жоқ. Өйткені халық елімізде қ­а­зіргі жүріп жатқан өзгерістерден жа­ғымды және шұғыл жаңалықтар күтеді. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса маңызды мәселеде жүргізілетін жү­йелі реформалар өз алдына, сонымен қа­тар қазірдің өзінде бірқатар төтенше шараға баруға тура келетіндей. Соның алғашқы нышаны Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің аузымен алғашқы отырыста айтылып та қалды. «Министрлік мынадай жедел шаралар қабылдады: 2022 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімге 125 мың тонна күнбағыс тұқымы мен 110 мың тонна күнбағыс майы экспортына сандық шектеулер енгізу; картоп пен сәбізді экспорттауға 3 ай мерзімге тыйым салу; ірі қара мал мен ұсақ малды экспорттауға 6 ай мерзімге тыйым салу. Сондай-ақ нан бағасын тұ­рақтандыру мақсатында қаңтардан бас­тап Азық-түлік келісімшарт корпора­ция­сы әлеуметтік нан өндіру үшін өңір­лерге өткізетін астық құны субсидия­ла­нады. Бұл тетік Азық-тү­лік келісімшарт корпорациясының ішкі на­рыққа астықты нарықтағыдан төмен баға­мен өткізу шығыстарын өтеуді көздейді», деді ол.

Әрине, мұнда айтылған шектеу шаралары қазіргі қиындықтан түбегейлі шы­ғып кетуге лайық жүйелі жол емес. Елі­міздің ауыл шаруашылығы тұрақты дамуы үшін оның барлық әлеуеті ашылуы тиіс және ол салада еңбек ететін көптеген шағын шаруашылықтың көкейдегі мүд­де­сін дөп басатындай әділ жолды бел­гі­леу қажет. Олардың өндірген өнім­де­рі еліміздің ішкі нарығында өтімді болып, базарлар мен сауда дүкендерінде молынан орын алуы керек. Сонымен қатар еліміздің экспорттық әлеуетіне нұқсан келмей, керісінше молайып, сырттан мол қаржы түсіруге қабілетті болуы керек. Түбі экспорт дұрыс жолға қойылмай, жер ре­сурс­тарына өте бай Қазақстанның ауыл шар­уашылығы дұрыстап алға баса алмайды. Дегенмен Үкіметтің қазіргі кездегі күрделі міндеттерінің бірі – еліміздің ішкі рыногын бағасы қолайлы азық-түлік өнім­дерімен тездетіп қамтып, халық нара­зылығына жол бермеу.

Осыған орай Азық-түлік келісімшарт корпорациясы бағаны тұрақтандыру үшін мемлекеттік резервтен ішкі нарыққа 500 мың тонна астық жіберетін болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, 2021 жылғы егіннен форвардтық сатып алу бағдарламасының қорытындысы бойынша азық-түлік кор­по­­рациясы 930 мың тонна көлемінде ас­тық ресурстарын қалыптастырды. Оның ішінде азық-түлік бидайының қоры 880 мың тоннаға жетті.

Әлеуметтік нан бағасының тұрақ­ты­лы­ғын қамтамасыз ету үшін Азық-түлік корпорациясы осы жылдың қаңтар айы­нан бастап ұн тарту комбинаттарына же­ңіл­детілген бағамен 275 мың тонна бидай сатуда.

Бұдан басқа, еліміздің құс және мал шаруашылығы кәсіпорындарына жеммен қамтамасыз ету үшін шамамен 235 мың тонна астық пен кебек жіберіледі.

Сонымен қатар Азық-түлік ке­лі­сім­шарт корпорациясы 14 қаңтарда фор­вард­тық сатып алу бағдарламасы бо­йын­­ша көктемгі-жазғы дала жұмыстарын жүр­гізу үшін ауыл шаруашылығы өндіру­ші­лерін қаржыландыруға өтінім­дер қа­­был­дауды ашты. Бұл туралы Ауыл ша­руа­­шылығы министрлігінің баспасөз қыз­ме­ті хабарлады.

«Осы жылы алдын ала қаржы­лан­дыру сомасын 80 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда, бұл өткен жыл­дың деңгейінен екі есе артық. Салыс­ты­ру үшін, көктемгі кезеңде ауыл шаруа­шылығы өндірушілеріне 2020 жылы бөлінген осы бағдарлама бойынша алдын ала төлем сомасы 24,4 млрд теңгені, 2021 жылы шамамен 40 млрд теңгені құрады. Ал биыл бұл сан тағы екі есе өсіп, 80 млрд тең­гені құрайтын болады», деді Ауыл шар­уашылығы министрлігінің баспасөз қыз­меті.

Бұдан басқа сатып алынатын дақыл­дар­дың тізбесі он атауға дейін көбейеді. Оған жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, зығыр, рапс, соя, қара­құ­мық және жүгері кіреді. Қар­жы­лан­дыруға құ­жаттар тапсыру үшін фермерлер Азық-түлік корпорациясының облыстық өкіл­дік­теріне хабарласуы немесе fcc.kz. сайтында онлайн өтінім беруі қажет.

Міне, осындай жағдайда отандық өндірушілерді қолдау үшін астық тасымалымен айналысатын «Астық Транс» АҚ азық-түлік өнімдерінің құнын тұ­рақ­тандыру мақсатында 2022 жылғы 30 маусымға дейін республикаішілік қа­тынаста астық тасығыш вагондарды ұс­ы­ну тарифін көтермеу туралы шешім қа­былдады. Сонымен қатар «Астық Транс» АҚ төтенше жағдайдың әрекет ету ке­зеңінде вагондардың нормативтен тыс бос тұрғаны үшін тұрақсыздық айыбын есептеу ісі де тоқтатыла тұратынын хабарлады.

Тағы бір атап көрсетерлік мәселе, елі­міздің ауыл шаруашылығында ашық­­тық пен әділдікті қамтамасыз ету мақ­са­тында жеке тұлғалардың есімдері және Қазақстанның барлық жер пайдаланушылары компанияларының атау­лары 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде (МЖК ААЖ) ашық қолжетімділікте болуы тиісті еді. Алайда 3 қаңтарда бұл қызмет пай­да­ла­ну­шылардың үлкен ағымына байланыс­ты сәтсіздікке орай жұмысын тоқтатқан екен. Неге?

Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің тө­рағасы Мұрат Теміржанов осы мәсе­ле­ге орай Facebook парақшасы арқылы түсі­ніктеме берді. «Бірнеше күн бойы тех­никалық жұмыстар жүргізіліп жатыр, жақын арада барлық проблема шеші­летініне және МЖК ААЖ жұмыс істейтініне сенімдімін. Барлығыңыздан шын ниетпен кешірім сұраймын!» деп жазды М.Теміржанов. Оның ақпараты бойынша, комитет ескертулерді ескере отырып, барлық мүдделі тараптармен («Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ, «ҰАТ» АҚ және басқалар) қателер бо­­йын­ша жұмыс жүргізуде. «Тарихи мәсе­­ле­лер» болғандықтан, дұрыс емес ен­гі­зу және/немесе бір жерде тіпті дұрыс емес мә­ліметтер болғандықтан, базаны жа­ңар­ту ұзақ уақытты алады», деп түсін­ді­рді ол.

Біздің түсінігімізде, еліміздің ауыл шар­уа­шылығын реформалау бағытында бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан атал­ған ашық жүйе көп кешікпей дұрыс жұ­мыс істейді деп ойлаймыз. Мұны халық та күтіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі отырысында сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесін де қозғады. 2021 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы салаға терең тал­дау жүргізіп, жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан бюджет қаражатын жым­қы­ру схемаларын анықтағаны белгілі. Нәтижесінде, 60-тан астам қыл­мыс­тық іс қозғалды, бұл бойынша залал 2,6 млрд теңгеден асты. Қазір субсидиялау жү­йесін реформалау бойынша жұмыс жүр­гізілуде. «Мен бұған дейін субсидия­лау әдістерін қайта қарауды тапсырдым. Бұл жұмысты мүмкіндігінше тезірек орындау керек. Біз субсидияларға қолжетімділікті же­ңілдетіп, олардың ашықтығын қам­та­масыз етуіміз керек. Анықталған бұзу­шы­лықтардың қайталануына жол бермеу маңызды», деді Президент.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің ұйымдастыруымен сала­ны мемлекеттік қолдау жүйесін түзе­ту бойынша ұсыныстар дайындалды, олар, ең алдымен, қолдау тетіктерін оңай­ла­туға, бағыттарын оңтайландыруға, шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысандарына қарамастан, барлық субъек­ті­лер үшін тең қолжетімділікті қам­та­масыз етуге бағытталады. Сондай-ақ субсидия алушылар нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу туралы қарсы міндеттемелерді міндетті түр­де қа­­былдайтын норма енгізіледі. «Ұсы­ныс­тарды қазіргі уақытта құрылған Агро­өнер­кәсіптік кешенді мемлекеттік қол­даудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс тобы қарауда, оған салалық қа­уымдастықтар мен одақтардың, агро­биз­нестің, ғылымның, мүдделі мем­лекеттік және жергілікті атқарушы ор­ган­дардың өкілдері, сондай-ақ Қазақ­стан Рес­пуб­ли­касы Парламентінің Сенаты мен Мәжі­лі­сі­нің депутаттары кірді. Қа­зір­гі уақытта жұ­мыс тобының үш отырысы өтті», деді министр Е.Қарашөкеев.

Осы ретте ауыл шаруашылығындағы суб­­сидиялардың әділетті бөлінуі мен дұ­рыс игерілуін және ауыл шаруа­шы­­лығы жерлерін иелену және игеру ісінің ашықтығын, құрғақшылық тура­лы болжамдардың неғұрлым нақты жүргізілуін қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі ғарыштық мониторинг жүйесі мен жерді қашықтан зондтау ісін кеңінен пайдалан­уы тиіс. Жері мол, халқы аз Қазақстан жағдайында қазіргі қолда бар ғарыш өнеркәсібі мен оның мониторинг және жерді қашықтан зондтау жүйесі ауыл шаруашылығындағы жұмыстарды алға бастырып, заң бұзушылықтардың жолын кесе алады. Осы уақытқа дейін Үкімет пен Ауыл шаруашылығы ми­нис­тр­лігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың та­рапынан ескертулер болса да бұл мәсе­ле­ге дұрыс мән бермей келді. Істі бұдан әрі кешіктіре берудің ешбір реті жоқ деп ойлаймыз.