Халықтың экономикалық проблемалары әлі шешілген жоқ. Егер орталық және атқарушы органдар жағдайды түзеп, болашаққа қадамды қазірден бастамаса онда «Қаңтар қасіреті» алда тағы қайталанады. Мемлекет қысқа мерзімді қолдау шаралары мен күштік құрылымдарға сүйеніп ахуалды ретке келтіргеннің өзінде алысқа бара алмаймыз. Ондай қысқа уақытта реттелген дүние бүкіл проблеманы түбіріне дейін шешпейді.
Елдегі экономикалық түйткілдер мен қылмыс деңгейінің арасында әрқашан өзара байланыс болады. Табыстың төмендеуі қылмыстың күрт өсуіне себеп. Яғни дәл осы әлеуметтік әл-ауқаттың деңгейі тәуекел етіп қылмысқа бару керек пе, әлде жоқ па дегенге жауап береді. Оның үстіне біздің елде халықтың несие жүктемесі шамадан тыс артып бара жатыр. Несие мен тұтыну шығындарының орташа жылдық өсу қарқынын салыстырар болсақ, соңғы бес жылда соңғы тұтыну жылына орташа алғанда 11,34 пайызға, ал несие 12,9 пайызға өскенін байқаймыз. Яғни жиынтық шығынға қарағанда берілген займ көлемі жедел көбеюде. Демек, халық тұтыну сәтіндегі тапшылықты несие алу арқылы толықтырып жатыр деген сөз.
Елде болған күрделі жағдай ресми статистикаға қарамастан азаматтар табысының тым төмендеп кеткенін, бай мен кедей арасындағы алшақтықтың ұзара түскенін аңғартады. Өкінішке қарай, мұндай кемшілікті деструктивті және террорлық ұйымдар өз мүддесіне пайдаланып, түрлі ұран, уәде, талаппен іліп әкетті. Алматыдағы бейбіт басталған митинг соңының неліктен қан-қасап қырғынға айналғанының бір себебі осында жатыр.
2020 жылы Қазақстан үкіметі халықтың несие төлемдерін кейінге шегеріп, жеңілдетілген несиелеу ұйымдастырып, экономиканы қолдау шараларын үздіксіз жүзеге асырды. Менің пікірімше, осы нәрселер біздің арамызда мемлекет көмегіне әбден арқа сүйеп алған көңіл күйді тудырды. Көргеніміздей осы жолы да үкімет келісімге барып, газ бағасын төмендетті, алайда өзге өңірдегі шерулер легі толастаған жоқ. Ел ішіндегі қордаланған проблемаларды бірден шешіп тастау мүмкін емес, оның бәрі жүйелі өзгерісті талап етеді. Әуелі бізге елдегі тауарлар мен қызметтер өндірісін арттыру қажет. Сонда ғана ұсыныс сұранысқа жауап береді және тауарлар мен қызметтер нарығындағы тепе-тең баға төмендей бастайды.
Президент Қазақстан даму банкінің де жұмысын сынға алды. Бұл орайда да Мемлекет басшысын қолдаймын. Жергілікті қамтуды арттыруға бағытталған қолдау шаралары Қазақстандағы көптеген кәсіпкер мен компаниялар қажеттіліктерін қанағаттандырып отыр. Өзге дамушы елдер дәл біздегідей ақша бөліп, қолдау құралдарын ұйымдастырмайды. Алайда менеджменттің әлсіздігінен инвестициялық жобалар аяғына жетпейді, енді бірі халықаралық нарықта бәсекелесе алмайтын өнім шығарумен шектеледі. Сондықтан қазір үкімет үшін ең басты міндет – мемлекеттік бағдарламаларға көптің қолы бірдей жететіндей механизм қалыптастыру. Сонымен қатар көмек алушылар арасында қарама-қарсы міндеттемелердің орындалуын бақылау керек. Мысалы, өнім өндіруді арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру деген сияқты. Ондай жағдайда біз халықтың нақтылы табысын көбейтіп, теңгені нығайтып, нәтижесінде елдің әл-ауқаты ұзақ мерзімде жақсарады.
Ал бүкіл қызметтің басты принципі – Қазақстан заңдары алдындағы теңдік болуы керек. Біз сонда ғана қуатты әрі өркендеген, өзіндік жеке өндіріс күшіне ие, сыртқы бәсекеге түсе алатын жаңа Қазақстанды құра аламыз.
Диас ҚҰМАРБЕКОВ,
сарапшы