Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) 2021 жылдың қорытындысы бойынша Роберт Левандовскийді әлемнің ең үздік футболшысы деп таныды.
33 жастағы Польша құрамасы мен Мюнхеннің «Бавария» клубы шабуылшысының былтыр жасыл алаңда жасындай жарқылдағаны белгілі. Ол бундеслигада – 43, Чемпиондар лигасында – 11, ұлттық команда сапында – 11 және клубтық әлем чемпионаты мен Германия суперкубогында екі реттен нысананы дәл көздеді. Барлығы 69 гол соқты. Оған әр кездесулердегі жанкешті ойыны мен әдемі пастарын қосыңыз. Сөйтіп Левандовский ең үздік футболшыға тиесілі арнайы сыйлықты иеленді. Екінші орынды «Ливерпульдің» сұрмергені Мұхамед Салах иеленсе, үшінші орынды ПСЖ-ның жұлдызы Лионель Месси еншіледі. Сондай-ақ Карим Бензема («Реал»), Н’Голо Канте («Челси»), Жоржиньо («Челси»), Криштиану Роналду («Манчестер Юнайтед»), Килиан Мбаппе (ПСЖ), Кевин де Брейне («Манчестер Сити») және Неймар (ПСЖ) үздік ондықтың қатарынан көрінді.
Ал ең үздік бапкер аталымы бойынша Томас Тухель топ жарды. 48 жастағы неміс маманы Англияның «Челси» клубымен бірге Чемпиондар лигасын ұтып, УЕФА суперкубогын иеленді.