Қазақтың кәсіпқой боксшысы Айдос Ербосынұлы былтырғы жылдың қыркүйек айында гайаналық Аллен Ленноксты ұрып жыққан соң ресейлік Евгений Шведенкомен күш сынасуға тиіс еді.
Аталған жекпе-жекте жеңіске жеткен боксшы ІВҒ нұсқасы бойынша екінші орта салмақтың чемпиондық белбеуі үшін таласуға мүмкіндік алатын еді. Алайда қандасымыз коронавирус жұқтырып алып, ол кездесу өтпей қалды. Қазір Ербосынұлының командасы кубалық Дэвид Моррельмен келіссөз жүргізуде. 81 кило салмақта өнер көрсеткен Бостандық аралының өкілі 2016 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанып, ересектердің ел біріншілігінде күміс медальды мойнына ілді. Есесіне келесі жылы Куба чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалады. 2019 жылдан бері кәсіпқойлар арасында жұдырықтасып жүр. Сол аралықта алты кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 23 жастағы кубалық қабылан қазіргі кезде WBO нұсқасының алтын белбеу иегері.
30 жастағы Айдос Ербосынұлы кәсіпқойлар арасында күш сынасып жүргеніне алты жылдан асты. Сол аралықта 16 рет рингке шыққан қазақ боксшысы барлық бәсекені өз пайдасына шешіп, 11 қарсыласын есінен тандырды.