Ресейдің Украинаға төндірген қаупі Шығыс Еуропадағы биылғы ықтимал дағдарыстың бірі ғана емес, Босния және Герцоговина да күрделі саяси кезеңге аяқ басады.Алдағы қазан айында елде маңызды сайлау күтіп тұр.
Босния ешқашан тыныш өңір болған емес. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Босниядағы бір дағдарыс артынан екіншісіне ұласты. Ақырында Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына ықпал етті. Содан кейін Босния ХХ ғасырдың аяғында Югославия ыдыраған соң босниялық мұсылмандар (босняктар), сербтер және хорваттар арасындағы сұрапыл соғысты бастан өткізді.
Дейтон келісіміне қол қойылған соң 1995 жылы қақтығыс аяқталды. Соғыс салдарынан 100 мыңнан астам адам қаза болды. Соның ішінде 1995 жылғы шілдеде «Сребреница қырғыны» геноциді бар. Миллиондаған адам үйлерінен қуылды. Келесі міндет қирандының орнына жұмыс істейтін мемлекет құру еді. Бірақ үш топтың әскері ғана жұмыс істеуге жарамды құрылым болып шықты. Ал жергілікті көшбасшылардың көпшілігі тыныштық кезеңін соғысты басқа әдістермен жалғастыру деп есептеді. Күлі қалған мемлекеттен ұлтшыл емес көшбасшылардың жаңа буыны шығады деген үміттің жібі үзілді.
Халықаралық көмек соғыс салған сызаттың көпшілігін жасырып, елді өзгерткенімен, мемлекеттің саясаты терең тоқырау кезеңінде қалып отыр. Басты себеп ұлтшыл партиялардың саяси үстемдігі әлі де жалғасып келеді. Соның салдарынан Боснияның Еуропалық одаққа қосылу мүмкіндігі де уақыт өткен сайын алыстап барады.
Еуропалық комиссия 2021 жылы Боснияға берген жыл сайынғы бағалауында «саяси көшбасшылар алауыздық тудыратын пікір ұстанып, конструктивті емес саяси дауларды жалғастырып отыр» деп атап өтті. Еуропалық одаққа кіру туралы келіссөздерді бастауға қажетті 14 бағдарды орындауда іс жүзінде ешқандай ілгерілеу болған жоқ. Сондай-ақ «пандемия кезінде жаппай таралған сыбайлас жемқорлықтың теріс әсерлері мен саяси тұтқындау белгілері күшеймесе, азайған жоқ». Сот қызметкерлері де, саяси жетекшілер де қордаланған мәселелерді шеше алмады.
Оның үстіне, елді жайлаған «жаппай сыбайлас жемқорлық құбылысы» мен «тиімсіз және шамадан тыс» мемлекеттік сектордың салдарынан Боснияның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі Еуропалық одақтағы орташа көрсеткіштің үштен біріне ғана тең. Кейінгі бірнеше жылда елден жарты миллионға жуық адам кетіп, жас таланттар сыртқа қарай ағылды.
Босния соғыс аяқталғаннан кейін 26 жыл өткенде әлдеқайда жақсы мемлекетке айналуы тиіс еді. Оның орнына тағы бір терең дағдарыс келе жатыр. Босниялық сербтердің көшбасшысы Милорад Додик ұлтшылдарға ұран тастап, Republika Srpska-ны (елдегі екі автономиялық аймақтың бірі) орталық үкіметке бағына бермейтіндей тәуелсіздікке қол жеткізуді талап етеді. Пікірталас күшейгені соншалық, Еуропалық одақтың Босния және Герцеговинадағы жоғарғы өкілі Кристиан Шмидт халықаралық қоғамдастықты елдегі ахуалға араласуға тағы шақырды.
Бірақ бұл қадам Боснияның дертіне шипа болар емес. Қазіргі саяси дағдарыстың бір факторы – геноцидті жоққа шығаруға тыйым салатын даулы жаңа заң. Құжатты қызметінен кетуіне бірнеше күн қалғанда халықаралық жоғарғы өкіл өткен жазда енгізген-тұғын. Жауап ретінде босниялық сербтер бірден жалпы мемлекеттік функцияларды алып тастады. Содан кейін Додик қатаң талаптар қоя бастады.
Додик анда-санда Republika Srpska-ны Босниядан толығымен бөлініп шығуға шақырады. Бұл пікір оны қоғамда қызу талқылауға итермеледі. Бірақ оны байыппен қабылдауға болмайды. Өйткені Сербия да, Ресей де Боснияның аумақтық тұтастығын сақтауға шақырды.
Бірақ дағдарыс Босниядағы ұлтаралық алауыздықты тереңдетіп, халықаралық қоғамдастықтың елдегі рөліне нұқсан келтіреді. Босния халықаралық қоғамдастықтың қалауына сай шешімдер қабылдап, енгізіп, жүзеге асыратын протекторат па? Әлде өз мәселесін өзі шешетін нағыз егемен ел ме?
Былайша айтқанда, халықаралық жоғарғы өкілдің кеңсесі (соғыстан кейін бұл қызметті мен бірінші болып атқарған едім) ендігі жерде мәселенің бір бөлігін шешетін құрылым емес. Босняктар мұндай кеңсе елде болғандықтан босниялық сербтерге немесе босниялық хорваттарға қарсы халықаралық шара қолдануды үнемі талап етеді. Өз кезегінде кейінгілері мұндай әрекет шынымен де қабылданады деп қорқады. Соның салдарынан сенімсіздік пайда болады. Өйткені екі тарап та елді қалпына келтіру үшін мәмілеге келуді қажет деп санамайды.
Қазіргі дағдарыстың басты факторы – жыл соңында Боснияда өтетін жалпы сайлау. 2020 жылғы жергілікті сайлауда оппозициялық партиялар ұлтшыл күштерге қарсы тұрып, Сараеводағы және босниялық сербтердің орталығы Баня Лукада басым жеңіске жетті. Беделінен айрылудан қорыққан ұлтшыл көшбасшылар жан-жақтан талпынып, жаңа дағдарыс тудыруға ынталы. Сөйтіп қолдаушылар санын арттырып алмақ.
Жалпы сайлаудың жоспарланғандай өтуі маңызды. Бірақ кейін халықаралық қоғамдастық Боснияға деген көзқарасын қайта қарауы керек. Егер протекторат ретінде есептеуге дайын болмаса, артқа шегініп, елдің тағдырын жаңа көшбасшылардың қолына тапсыруы керек. Бұл процесс баяу және қиын жүреді. Әйтсе де Босния егемен ел ретінде өмір сүруі үшін ерте ме, кеш пе қажет шара.
Дегенмен халықаралық қоғамдастық екі қиын шарт қоюы қажет. Боснияның аумақтық тұтастығы сақталуға тиіс. Сондай-ақ Еуропалық одақтың елдегі шағын әскери миссиясы қалуы қажет. Өйткені қажеттілік туындағанда НАТО-ның жедел күштерін шақыруға мүмкіндік береді.
Биыл Босния үшін саяси тұрақсыздыққа толы жыл болатыны сөзсіз. Босниялық серб ұлтшылдары өздеріне көбірек билік берілгенін қалайды. Ал Додик АҚШ-тың салған жаңа санкцияларына қарамастан өз жақтастарын жинау үшін батыл әрекетке баруы ықтимал. Сонымен бірге босниялық ұлтшылдар биліктің Сараевоға шоғырланғанын талап етеді. Бұған қол жеткізу мақсатында халықаралық қоғамдастықтан көмек күтеді. Ал босниялық хорват ұлтшылдары, өз кезегінде, елдің ең жоғары шешім қабылдау органында өкілдік ету құқығынан айыратын сайлау туралы заңға наразы (бұл негізсіз емес).
Бұл саяси дағдарыс, Босния үшін бірінші де, соңғысы да емес. Тағы бір ауқымды халықаралық іс-қимыл қолға алынатын болса, оған таңғалмаймын. Бірақ бұл дұрыс емес. Боснияға енді протекторат ретінде қарауға болмайды. Еуропалық одақ пен АҚШ көмектесуге дайын әрі ниетті екеніне қарамастан, босниялықтар Босния үшін жауапкершілікті өз мойнына алуы керек.
Карл БИЛДТ,
Швецияның бұрынғы премьер-министрі және сыртқы істер министрі
Copyright: Project Syndicate, 2022.
www.project-syndicate.org