Саясаттанушы, публицист, «Құрмет» орденінің иегері Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ – өзі өмірге келген Жезқазған өңірінде ғана емес, республикалық деңгейде қоғамдық және мемлекеттік қызметтерде айшықты қолтаңбасын қалдырған, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға үлесін қосқан азамат.
Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары, Жезқазған облыстық «Білім» қоғамы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымының төрағаларының орынбасары болып, талай игі істердің басы-қасында жүрсе, ел ордасында да Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ басқармасының басшысы, «Казахстанская правда» республикалық газеті бас редакторының орынбасары, «Заң АК» ашық акционерлік қоғамының Астана қаласындағы өкілдігінің жетекшісі, «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасының бірінші орынбасары, «Қазақпарат» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті, «Sunna.kz» ақпараттық агенттігінің бас директоры, «Еуразия+ОРТ» бас директорының кеңесшісі, Республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті қызметтерін атқарып, абырой биігінен көріне білді.
– Кенжеболат Махмұтұлы, ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткізген кезде қырықтың қырқасына шыққан, біліміңіз бен біліктілігіңіз арқылы туған жеріңіздің көркеюіне атсалысқан азамат болдыңыз. «Өткен күнде белгі бар» демекші, сол шақтарға ойша көз жүгіртсеңіз, қандай қадау-қадау оқиғаларды атап өтер едіңіз?
– Өмір деген тоқтаусыз ағып жатқан өзен, ал оның арнасын әркім әртүрлі қасиетімен, біреу бойындағы өнерімен, Құдай берген дарынымен, кісілік және кішілік тұнған адамгершілігімен, инабатты мәдениетімен, енді біреу қайсар-қайтпас мінезімен толықтырады.
1990 жылдардағы ішкі дағдарыс аса үлкен сынақ болды. Ірі өндіріс орындары тоқтап қалды. Жаппай жұмыссыздық белең алды. Тұрақты жалақы жоқ. Еңбек етіп жүрген адамның алған жалақысы да мардымсыз. Зейнеткерлер уақтылы зейнетақысын ала алмады, өмірге келіп жатқан сәбилерге жәрдемақы төлеу жүйесі де тоқтап қалды. Осындай дағдарыс кезінде халықтың еңсесін көтеріп тастаған ерекше бір оқиға болды. Ол – 1993 жылы 15 қарашада төл теңгеміздің жасалуы. Ең бастысы, Ресейдің өзі қолданыстан шығарып тастаған әрі өте құнсызданып кеткен КСРО-ның рублінен құтылдық. Ұлттық валюта ұлттық экономикалық дербестіктің негізі болды. Алғаш теңге шыққанда бір теңгені қолына ұстап, «Бұл – біздің теңгеміз. Бұрынғы ата-бабамыз теңге деген» деп толқыған жандарды көзім көрді.
Мемлекеттік шекарамызды шегендеп алғанымызды тағы бір есте қалатын оқиға ретінде айтуға болады. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде шешімі табылмаған Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара аумағын айқындап алдық. Осының өзі – жемісті де жеңісті жетістік. Тоғызыншы территорияның тұтастығын әлем мойындады. ХХІ ғасырдың өзінде шекарасын шегендей алмай, оның соңы дау-жанжалға, қақтығысқа ұласып жатқан мемлекеттер жетіп артылады. Егемендіктің ең басты нышандары саналатын Елтаңба, Әнұран, Көк Байрағымыз ел еңсесін биіктетті. Тәу етер тәуелсіздіктің бүгінгі ұрпағы қазақтың аз қолымен тұрғызған астанасында арманын аспандатып, талғамын шыңдайды, ойы мен бойын түзейді. Елордамыз әлемдік саясат көкжиегінде жұлдыздай жарқ етті. Планетамыздың Солтүстік жарты шарындағы елдердің басым бөлігінің арасындағы өзара түсіністікке қол жеткізу үшін «ұғынысу нүктесіне» айналған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) он жылғы үзілістен соң елордада өткізілген саммиті Қазақстанның бұл мәртебелі ұйымға төрағалық жасаған кезінде өткенін баса айтқан жөн. Жалпы алғанда, қазақстандық төрағалық барысында Қазақстан ЕҚЫҰ қызметінің белгіленген үш бағыты бойынша Ұйым жұмысын ұйымдастыруға айтарлықтай теңгерімді және әділ қадам жасай алды. Елеулі оқиғалар қатарына «Астана. ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін, үш жыл сайын өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін, халықаралық деңгейдегі түрлі форумдарды жатқызуға болады. Қазақстан COVID-19 басталғалы бері вирусқа қарсы вакцина ойлап тапқан санаулы мемлекеттердің бірі болды. Оқиғалардың түзілімін жалғастыра беруге болар, алайда грек философы Софокл айтқандай: «Кейде күннің қаншалықты керемет өткенін түсіну үшін кешке дейін күтуге тура келеді». Яғни уақыт – таразы, ол бәрін безбендеп, өз орнына қояды.
– Өзіңіз бастамашы болған бірқатар маңызды саяси-әлеуметтік жобалар, оларды жүзеге асыруда қолдау көрсеткен жандар туралы айтсаңыз?
– Хакім Абайдың: «Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді саусаң, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», деген сөзі бар. Ал Чеховтың өмірлік кредосы: «Ерінбеу, жалықпау, күресу, іздену, өзіңді өзің қор санамау, құдайдан басқаға табынбау» екен. Сондықтан өз ақылың мен еңбегіңе сүйенгеннен абзалы жоқ деп санадым да, осынау қарапайым ұғымды басшылыққа алып, шама-шарқыма қарай көңілдегі үлкен арман, ұлы мақсатты ұштау үшін үзбей еңбек еттім. Осы орайда, өткеннің өрнегін, бүгіннің бергенін санаға салып, салмақтап қарасаң, тиегі ағытылып, тілі шешіліп, көптеген жайт көңілдің тақтасына түсе қалады. Атап айтқанда, Жезқазған мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аймақтық комитетінде, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Жезқазған облыстық ұйымы басқармасында, Ұлытау ауданы әкімдігінде қызметтер атқарғанда ел экономикасын нарыққа бейімдеуді, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне сәйкестендіруді, тарихтың талқылы да тартысты кезеңінде қазақ халқының кеткен қапысын түгендеп, еліміздің еңсесін көтеруді, ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді сақтауға, бағалауға, дамытуға серпін беруді жүзеге асыру және насихаттауды мақсат тұттым. Әрине, мұндай ауқымды жұмыстарды атқаруда адамгершілігі зор, парасат-пайымы терең, зейіні зерек, зерделі азаматтардың көмектері мол болды. Мәселен, киелі Ұлытауды дүйім жұртқа танытуды көздеген «Ұлытау» ұлттық, әдеби, мәдени, тарихи-этнографиялық журналын қасиетті жердің сан ғасырлық тарихында тұңғыш рет өмірге әкелуге сол кездегі аудан әкімі Серік Тілеубайұлы, журналист-жазушы, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Батырбек Мырзабеков үлкен үлес қосты. Сондай-ақ Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени дүниелерін, көне әдеби мұраларын қамтитын толық көлемді бейнефильмді жасау мақсатында арнайы ұйымдастырылған әуе десанты жұмысының сәтімен аяқталуына Жезқазған әуежай басқармасының басшысы Рысмағамбет Игіліков пен белді қызметкері Жақангер Рымбаевтың, телеоператор Сергей Майковичтің ықпалы айтарлықтай болды. Түптеп келгенде, бұл іс-шаралар бүгіндері Ұлытауға мән беріліп, оны Халықаралық туризм орталығы ету туралы шешім шығарылуына игі әсер етті десек, қателесе қоймаспыз.
Кезінде қазақ тіліне қатысты мәселелер төңірегінде құдды арыстан баққан ауылдай алыс-жұлысы, айтыс-тартысы, арбасуы әрі айқасуы жетіп артылатын. Ал мұндай ортаға рухы мықты, жүрегі түкті, төзімі зор, ұлтым деп ұйқысы қашып, жұртым деп жабығатын, елін ерекше сүйетін адамдар ғана атының басын бұруға тәуекел етері шындық. Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, осындай санаулылар санатының төрінен табылған Жезқазған мыс қорыту зауытының, Жезқазған кен байыту фабрикасының, Жезқазған құю-механикалық зауытының, Батыс Жезқазған кенішінің «Қазақ тілі» бастауыш ұйымдарының төрағалары Мырқы Асқарұлы, Жақан Махмұтұлы (марқұм), Темеш Молдабеков (марқұм), Мұса Тілеуов, Жезқазған облыстық телерадиокомпаниясының басшысы Сәбит Байдалин (марқұм), Сәтбаев қалалық және де Ағадыр аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағалары Қойшыбек Тоқтамысов (марқұм) пен Өмір Кәріпұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Жезқазған облыстық ұйымының жауапты хатшысы Дина Рамазанқызы, Жезқазған қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағалары болған Төлеген Бүкіров пен Асқар Ермекбаев тәрізді азаматтарды атап өткен жөн. Нәтижесінде, мемлекеттік тілмен етене табысуға бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Нақтырақ айтқанда, «Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жолдары» ғылыми-практикалық конференциясы, «Туған тілдің тұғыры биік болсын» деп киелі Ұлытаудан исі қазаққа ұран тастаған «Тележаңғырық», «Іс қағаздарын қазақшаға көшіруге дайындық барысы» атты аймақтық семинар-кеңес – солардың бір парасы ғана. Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде істеген жылдары марқұм, талантты журналист Светлана Галиевамен бірлесіп жасаған «Астана – жастар көзімен» атты шағын ғана жобасын кейіннен жастардың «Еуразия сақинасы» халықаралық ақпараттық форумы деңгейіне дейін көтеріп, Риддер қаласында Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен, ал Мәскеуде ТМД елдерінің жас журналистерімен медиа саласының өзекті мәселелерін талқылаудың сәті түсті. Республикалық «Казахстанская правда» газетінде қызмет істеген тұста Оңтүстік Қазақстандағы Өгем сілеміндегі Батыс Тянь-Шань тауларының біріне «Казахстанская правда» шыңы атауын беру туралы акцияны ұйымдастырған едім. Бұл жөнінде «Время жить и творить» деген кітабымның «Восхождение» тарауында жазылған. Ең бастысы, сол жолы сәті түсіп, әріптестеріммен бірге 4034 метр биіктікке көтеріліп, идеям іске асты. Сондай-ақ Бас редакторлар клубына басшылық жасаған кезімде Қазақстан Журналистер одағымен бірлесе отырып Тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет «Қазақстан журналисінің этикасы» қабылданғанын айтқан жөн.
– Қат-қабат жұмыстардың арасында шығармашылықпен де айналысып, бірнеше кітап жаздыңыз. Қандай тақырыпқа қалам тербесеңіз де өскелең ұрпақ бойына ертеңге деген сенім мен отаншылдық қасиеттерді қалыптастыру мақсатында өткен мен бүгінге алтын көпір болар өрелі дүниелерді ұсынып келесіз. Қазір қоғамда материалдық байлыққа ұмтылу белең алып тұрғанда, жас буынды қалай рухани құндылықтарды құрметтеуге үйрете аламыз?
– Бақытжан Раисова деген алтайлық ақын қыз бар. Оның ішкі дүниесіне кез келгеннің аузына түсе бермейтін кемел ой, келісті өрнек, тың тіркестер тән. Жазғандары керемет. Өлеңдерінің бірінде «Тектілік пен тексіздіктің арасын, көміп кетті ақша деген борасын» депті. Расында солай. Құлқынның құлдары бұрын да болған. Қазір мүлдем үдеп бара жатыр. Мұны «құлқындемия» демеске шара жоқ. Бұл індеттің емі – жастардың бойына имандылықты сіңіру. Сонау атамзаманнан бері қариялар жас өскіндерге алғысын «Иманды, ырысты бол» деп берді. Яғни иманды, ырысты байлықтан жоғары қойды, осыны бала санасына сіңірді. Шырық бұзғандарды «Не деген имансызсың» деп сөкті. Ол дәуірлерде қарғыстың ең ауыры еді. Аталарымыздың айтуынша, иман адамның жүрегінен орын алып, көкірегінде сақталуға тиіс. Иә, адам білімді болуы мүмкін, бірақ жүрегінде көз болмаса (иманы болмаса) оның білімі ізгілікке арналмайды, керісінше, өз атағын, байлығын асырып, үрім бұтағы үшін «жақсы өмір» жасап кетуге арналады. Адам өзін жегідей жеген эгоистік пиғылдың құлы болмас үшін, әлбетте, рухын жетілдіріп отыруы керек. Бұл – тек рухани тазаруға бет бұру арқылы жүзеге асатыны анық. Бұлай болмаса жексұрын әдеттер жаулап алып, адамдар бір-бірінің өмірін бұзып, ежелгі римдік драматург Плавт айтқан, кей кезде ағылшын философы Томас Гоббс қайталаған «Адам адамға қасқыр» деңгейіне түседі. Жүсіп Баласағұн да: «Адамда жақсы қасиеттер болмаса, оған бақыт та, бақ та қонбайды», деп ескерткен.
Сондай-ақ дүниеге құштарлықтың емі – шүкір әрі тәубе. Ендеше, қазіргі сананы ақша билеген заманда қазақ болып қалу үшін бұл қасиеттер ауадай, судай, күндей әрдайым керек. Ішкі жан сарайы мөлдір адам ғана түрлі пәндауи қылықтардан ада болады. Сондықтан ақыл-ойды өсіретін, білім әрі біліктілікті молайтып, жанашырлықты, мейірімділікті, имандылықты тереңдететін істерге бір кісідей атсалыссақ, жас буынға рухани құндылықтарымызды құрметтеуге үйрете түсеріміз сөзсіз. Тәрбие, тіл, өнеге бесіктен, отбасынан, балабақшадан, мектептен басталатыны белгілі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Әуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек», деп ескертуі мүлдем бекер емес. Демек ұлттық мектептерде бүгінгі ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу ең басты міндет болып саналуы қажет.
Әрине, ешкім жаман мінезбен, қаскөй көзқараспен келмейді. Адамның мінез-құлқы, өмірге деген көзқарасы оның өскен ортасына байланысты. Біздер күн иісі сіңіп, жусан иісі аңқыған қазақы топырақта өстік. Сондағы қариялардың жоғары білімі болмаса да, сол сауаттан артық даналығы мен өмір тәжірибесі болған. Сол даналық бізді аялады. Осындайда өткен ХХ ғасырдың басында өмірге келіп, зейнетінен бейнеті басым тіршілік кешкен ата-анамды еріксіз есіме аламын. Әкем Махмұт өле-өлгенше ораза, намазын қаза қылмаған, адам баласына зәредей қиянат жасамаған, арамнан ас ішпеген, ғайбат сөйлемеген, тақуа кісі болды. Анам Шархия болса, жоқ-жітікке, ағайынға қайырымды, қолы ашық еді. Ол кісілердің берген тәлім-тәрбиелері біздің өмір белестерін бағындырудағы ең негізгі және басты сүйенішімізге айналды. Олардың: «Адамды алға сүйрейтін – тек қана адал еңбек. Жұмыстың жаманы жоқ. Еңбек етуден қашпаңдар. Еңбек те ерінбегенді ұнатады. Біреудің ала жібін аттаушы болмаңдар. Маңдай терің төгілмей үйіңе береке кірмейді» дегендері қара шаңырақта біз жиі еститін әңгіме болатын.
Әлі есімде, 60-жылдардың ортасында бізден темір жолмен арнайы вагондарға артып, басқа аймаққа тайланған шөптерді жөнелту қажет болды. Бұл жұмысқа біраз адам жегілді, ақысына сол шөп белгіленді (шарт бойынша берілуге тиіс шөптің мөлшері тиелген вагонның санына қарай байланысты болды). Ел болғасын әртүрлі адам бар. Біреулер вагонның бет жағын ғана қалқайтып, артық шөп алу үшін қулыққа барды. Біздің де осындай тірліктерге бастайтын әрекетімізді әкем бірден тыйып тастап отыратын, ал өзі вагондарды кенересіне дейін нығыздап толтыратын. Әкемнің сондағы: «Біреуді алдасаң, обалына қаласың, бұдан өткен күнә жоқ. Адамды алдауға болар, Құдайды алдай алмайсың!» деген сөздері мәңгі есімде қалыпты. Иә, ар-ұжданмен өмір сүріп, қоғам игілігі үшін еңбек еткенге не жетсін!
– Сөз бен істің бірлігі болған кезде қоғам дамиды, ел өркендейді. Жоғары мінберлерден тіліміз жайлы толғамды ой айтатын кейбір азаматтарымыздың отбасындағы ұрпағының бір ауыз ана тілінде сөйлей алмауы жаныңа бататыны рас. Өзіңіздің отбасыңыздағы ұлттық құндылықтар, тәлім-тәрбие жайлы айтсаңыз.
– Сауалыңыздың астарын түсініп отырмын. Жезқазған мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аймақтық комитетіндегі әжептәуір қызметімнен «Қазақ тілі» қоғамына өз еркіммен келгенімде көптеген азаматтың: «Көлден кетіп, шөлге келгенің қалай?» деп таңғалыс білдіргендері есімде. Жаңалық ашпай-ақ қояйын, кейбір қандастарымыздың өз ана тіліне немқұрайды қарауы, мүдделілік танытпауы, өзгенің сойылына айналып, қыңыр, қисық пікірлер айтып, аяқтан шалғаны өзін сыйлайтын кез келген азаматтың намысын оятары анық. Мұны айтпаса да болар ма еді. Алайда «Данадан қанып сөздің бұлағына, Наданның құйса болар құлағына» дегендей, ондайларға дер кезінде тосқауыл қоймасақ, ананың сүтінен, әкенің мейірімінен жаралған тіліміздің көктемейтіні анық. «Адамға екі нәрсе тірек тегі: Бірі – тіл, бірі – дінің жүректегі», депті Баласағұн. Сондықтан шығар, отандастары француз ойшылы Сенан де Мейанның: «Өзге тілде сөйлейтін ұлт біртіндеп өзінің төл болмысын жоғалтады», деген ескертуін ешбір ұмытпайтын көрінеді. Бүгінде Франция ұлттық ерекшелігінің ең соңғы кепілдігі ретінде өз тілін сақтауға бар күшін салуда. Сөйтіп, өзінің мәдениетінің мерейін қамтамасыз етуге арналған бүкіл қаржысының жартысын француз тілінің өрісін кеңейтіп, нығайтуға жұмсайды екен. Мұндай тәжірибе көршілес Ресей мемлекетінде де бар. Халықаралық деңгейдегі ең ірі тілдерге қатысты мұндай қамқорлықтарға қарап, от басы, ошақ қасынан алыстай алмай, тойдың тілі ғана болып жүрген біздің мемлекеттік дәрежедегі, бірақ мемлекетке қажеті шамалы қазақ тілінің болашағына қалай алаңдамассың?! Осы ретте Қоғамдағы атқарылған қызметімнің шет жағасы жоғарыда айтылды. Ал отбасыма келер болсам, балаларым мектепті де, жоғары оқу орындарын да қазақша бітірді, қазір немерелерім қазақ мектептерінде білім алып жүр.
Алайда бүгінгі қазақ қоғамының тіршілігі орысша ортаға бейімделген. Осыған байланысты бір мысал келтіре кетейін. Елордада былтыр ашылған №91 мектеп-гимназиясының Instagram парақшасында берілген мәліметке сәйкес мұнда жаңа оқу жылы қарсаңында, яғни 2021 жылғы 28 тамызда 1262 оқушы қабылданып, барлығы 55 сынып жиынтығы құрылды. Қазақ тілінде оқытатын сыныптар 15 болса, орыс тілінде оқытатын сыныптар – 37. 0-сынып – 3. Бір айта кетерлігі, сол орыс сыныптарындағы оқушылардың басым көпшілігі – қазақтың балалары. Бұл жағдай ұлты қазақ, тілі орысша ата-аналардың қалауы бойынша орын алуда. Жалпы алғанда, мұндай ахуал еліміздің ірі қалаларына да тән құбылыс болып тұр. Сөйтіп, қазақтардың өздері елімізде орыс тілдік ортаны қалыптастырып отыр. Осындағы №76 таза қазақ мектеп-лицейінің 1-сыныбында оқитын немеремді алуға барғанымда, ата-аналардың, әсіресе келіншектердің бір-бірімен тек орысша шүлдірлесіп қана қоймай, сабағын қазақша оқып шыққан балаларына орыс тілінде сөйлеп жатқандарын ылғи байқаймын. Шындап келгенде, қазақ баласының қазақ тілін білуі анасына байланысты. Ақ сүтін берген ана өз тілін білсе, баласы сол ананың тілін білмейді деуге кім сене қояр екен? Анасы ана тілін білмесе, баланы неге кінәлаймыз? Тәрбие отбасында. Тәрбиенің қуаты туралы Жүсіпбек Аймауытов «Тәрбие» деген еңбегінде өте жақсы айтады: «Рум халқын атақты, күшті қылған кім? Тәрбие. Ескендірді данышпан хакім қылған кім? Аристотельдің тәрбиесі. Неронды залым қылған кім? Сенеканың қате тәрбиесі. Неміс жұртының ұлтшылдық бірікшілігі неден? Тәрбиенің қуаты. Адамды бұзатын да, түзейтін де – тәрбие». Сондықтан ана мықты болуы керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Базаргүл СЕЙІТЖАНҚЫЗЫ,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін