• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 20 Қаңтар, 2022

«Омикрон» өршіп барады

1341 рет
көрсетілді

Күннен-күнге белең алып келе жатқан «Омикрон» штамы эпиде­мия­лық ахуалды одан сайын ушық­тырып жіберді. Өткен тәу­лікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 13 874 жағдай тіркелді. Ін­деттің өршуі еліміздің барлық тұ­сында байқалып, бүгінде 16 өңір­іміз «қызыл аймақта» тұр.

Елімізде кейінгі айда індетке шалдығу 19,6 есе өсіпті. Бұл ретте репродуктивті сан 2,1 есе, Covid-19-ға тестілеудің тәуліктік көлемі 3,5 есе артып, 50 мың тестке жетті.

Жағдайдың бұлай күрт нашарлауына коронавирустың «Омикрон» нұсқасының тез таралуы ықпал етіп отыр.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Омикрон» штамымен ауыру жеңіл және орташа ауырлықта жүретінін және шамамен 2 күндік қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталатынын, сондықтан көптеген пациент үйде емделетінін хабарлады.

«Аурудың алғашқы белгілері – тұмау көрінісінің пайда болуы, яғни тұмау мен жедел респираторлық аурулардағыдай қызба, әлсіздік, бас ауруы және жөтелдің байқалуы. Ауру­ханаға жатқызылған науқастардың үлес салмағы індет анық­талған жағдайлардың 19,5%-ын құрайды. Стационарға ауру­дың орташа және ауыр дәреже­сіндегі пациент­тер түседі. Олар­дың ішінде үш күннен аса темпе­ратураның жоғарылауы, ентігу, инток­сикацияның айқын белгі­лері бар, сондай-ақ қауіп тобына жататын науқастар байқалады. Бұл ретте ауыр және өте ауыр науқас­тардың үлесі ауруханаға жат­қы­зылғандардың 5%-ын құ­райды, олар жансақтау бөлім­шесінде жа­тыр», деді ведомство басшысы.

Амбулаториялық науқастар санының көбеюін ескере отырып, Денсаулық сақ­тау минис­трлігі өңірлердің жергілікті атқа­рушы орган­дарымен бірлесіп, уақтылы меди­циналық көмекті нығайту және ұйым­дастыру бо­йынша шаралар қабылдайды. Осы­лайша, 3 054 мобильді бригада, резервте 1 622 бригада жұмыс істейді. Індет жұқ­тырған науқастарды амбулаториялық емдеуге учаскелік медицина қызметкерлері қарастырылған. Шұғыл медициналық көмекті 1 486 жедел медициналық жәрдем бригадасы көрсетеді, резервте 150 бригада бар.

Сонымен қатар А.Ғиният ел ауқымында локдаун енгізу жоспарланбағанын, қолданып отырған шектеу шаралары ден­саулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені жеңілдетуге, ко­­ро­на­вирус инфекциясынан болатын өлім-жітімді азайтуға бағыт­тал­ғанын, бұл ретте шұ­ғыл көмек ха­лыққа қолжетімді екенін атап өтті.

Өңірлердің ішінде елордада індет тым қатты ушығып тұр. Өткен тәулікте бір қаланың өзінен 4 874 коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелді. Бұл – басқа өңірлермен салыстырғанда 10 еседен аса көрсеткіш. Сондықтан да астанада 12 қаңтардан бас­тап қаланың бас санитарлық дәрігерінің шектеу және карантин шараларын қатаңдату туралы қаулысы қабылданды. Ashyq жобасына қатысатын объектілерде 30 адамға дейін еске алу шараларын қоспағанда, бұқаралық, отбасылық іс-шараларды ашық ауада да, үй ішінде де өткізуге тыйым салынады. Ashyq жобасына қатысқанына қарамастан, концерт залдарының, филар­мо­ниялардың, театрлардың, цирктердің, кинотеатрлардың, түнгі клубтар мен караоке барларының қызметі шектелді. Жұма намазы және діни рәсімдер сияқты ұжымдық іс-шараларға тыйым салынады. Сонымен қатар конференциялар, семинарлар, көрмелер, форумдар өткізуге болмайды.

Сонымен қатар елорданың аудандық әкімдіктері тұсында 12 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Олардың қызметі шектеу және карантин шараларын бұзуға жол бермеуге бағытталған. Биыл кәсіпкерлік объектілерінде ка­рантин шараларын бұзу бо­йынша фактілер тіркеліп жатыр. Осы орайда қалада төтенше жағ­дай режімінің тоқтауы карантин режімінің аяқ­талуын білдірмейтінін айта кеткен жөн.