• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 20 Қаңтар, 2022

Ортақ энергетикалық нарық құрылады

282 рет
көрсетілді

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Депутаттар Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (Еуразиялық эконо­микалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігінде) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Хаттаманың мақсаты – электр энергиясын өндірушілер мен тұ­тынушылардың, сондай-ақ Ар­менияның, Беларусьтың, Қазақстанның, Қырғызстанның және Ресейдің ұлттық электр энергиясы нарықтарын интеграциялау арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын құру.

Ортақ электр энергетикалық нарықты қалыптастыру мү­ше мемле­кеттердің ішкі тұты­ну­шыларын электр энергиясымен басым қамтамасыз ету ескеріле отырып, Армения, Бела­русь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық электр энергиясы нарықтарын интеграциялау арқылы кезең-кезеңмен жүргізілетін болады. Осылайша, тең құқықтық, өзара тиімділік және мүше мемлекеттердің кез келгеніне экономикалық залал келтірмеу негізіндегі ынтымақтастық үшін жағдайлар жасалады. «Еура­зия­лық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын Арме­ния, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық электр энергиясы нарықтарын интеграциялау жолымен қалыптастыру жоспарланып отыр. Аталған міндетті Жоғары эко­номикалық кеңестің шешіміне сай іске асыру үшін 2015 жылғы 8 ма­мырда ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалып­тас­тыру Тұжырымдамасы бекітілді. Құжат Одақтың ортақ электр энерге­ти­калық нарығының мақсаттары мен міндеттерін, оның нысаналы моде­лін, басқару құрылымдарын, нарық субъектілерінің өзара іс-қимыл тетік­терін реттеудің нысандары мен әдіс­терін айқындайды. Сондай-ақ нарықты қалыптастыру кезеңдерін қамтиды», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Ведомство басшысының айтуынша, 2016 жылғы 26 желтоқсанда ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бағдарламасы бекітілді. Құжатта ұйымдастырушылық, заң­на­ма­лық және технологиялық іс-шаралар кешені қамтылған. Соның ішінде жедел келісімшарттар бойынша және бір тәулікке алған ортақ нарықта сауданың электронды жүйесін, ақ­парат алмасу жүйесін әзірлеу жө­нін­дегі іс-шаралар бар. Сондай-ақ ортақ электр энергетикалық нарықты рет­тейтін актілер жүйесін дайындау қарастырылған. «2019 жылғы 29 мамырда Жоғары Кеңес 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу ту­ралы хаттама нысанында ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нары­ғын қалыптастыру туралы халық­аралық шартқа қол қойды. 2019 жылғы 20 желтоқсанда ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нары­ғын қалыптастыру жөніндегі іс-ша­ралар жоспары бекітілді. Жоспарда Хат­тамада көзделген ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалып­тастыруға бағытталған қағидаларды бекіту және күшіне енгізу мерзімдері бел­гіленген. Хаттама ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қа­лып­тастыру, оның жұмыс істеу және даму негіздері бойынша нақ­тылаулар енгізілді. ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығы­ның жұмыс істеу қағидаларымен рет­те­летін салалар белгіленеді. Ұлттық нарық­тардың ерекшеліктерін ескере отырып, Тараптар ЕАЭО-ның ортақ нарығын қалыптастыру кезінде қолданыстағы ұлттық электр энергетикалық на­рық­тарды, оның ішінде қуат нарықтарын сақтау жөнінде келісімге қол жеткізді», деді Б.Ақшолақов.

Сондай-ақ Хаттамада ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру, оның жұмыс істеуі және дамуы қағидаттары нақтыланған. Мә­селен, тең құқылық, өзара тиім­ділік және мүше мемлекеттердің кез келгеніне экономикалық залал кел­тірмеу негізіндегі ынтымақтастық жа­салады. Электр энергиясын өндіру­шілер мен тұтынушылардың эконо­ми­калық мүдделерінің теңгерімі сақталуы тиіс.

Нарықтық қатынастарға және адал бәсекелестікке негізделген тетік­терге басымдық беріледі. Электр энер­гетикасы саласындағы табиғи моно­полиялар субъектілерінің көрсе­тілетін қызметтеріне кедергісіз қол жеткізу қамтамасыз етіледі. Мүше мем­лекеттердің энергетикалық қауіп­сіздігін ескере отырып, мүше мемлекеттер субъектілері арасында электр энергиясының саудасы жүзеге асырылады. «ЕАЭО-ның ортақ нарығын қалыптастыру мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне жасалған шарттар аясында өзара электр энергиясы саудасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Электр энергиясын нақты жеткізудің жоспарлы мәндерден сағаттық ауытқуларын реттеу үшін тетік құру көзделеді. Бұл келісілген кестелерді сақтау үшін жауапкершілікті арттырады. Электр энергиясы нарығын құрудың әсері өндіруші және беруші қуаттарды пайдалану тиімділігін арттырудан, электр энергиясының өзара және сыртқы саудасы көлемінің өсуінен көрінеді. Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдар арасында бәсекелестік артады», деді министр.

Заң жобасына қатысты пікір біл­дірген Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Еуразиялық эконо­ми­калық одақтың бірыңғай энерге­тикалық жүйесін құру кезінде Қазақ­станның мүддесі ескерілуі керек екенін жеткізді. Мәжіліс Спикері заң жобасының қабылдануымен бір­тұтас ірі энергетикалық жүйеге инте­грациялану үшін құқықтық негіз құрылатынын атап өтті. Электр энергия­сын жеткізудің еларалық құрылымын қалыптастыруға қуаттардың, база­лық инфрақұрылымның, сондай-ақ ЕАЭО мемлекеттерінің электр энер­ге­тикалық жүйелеріне ортақ техни­­калық стандарттарының болуы ық­пал етеді. Мәжіліс Төрағасы заң жо­басын әзірлеуші Энергетика министр­­лігінің назарын ортақ нарыққа қаты­су­шылардың өзара қарым-қаты­насына қатысты ережелерді құрудың маңыздылығына аудара отырды. «Бірыңғай энергия жүйесін құру, әрине, керек нәрсе. Оған ешқандай  күмән жоқ. Ол – бәсекеге қабілетті арт­­тыру үшін керек. Ол жалпы, осы сек­­торды дамытуға жол  ашады. Бірақ та осы бірыңғай энергия жүйесін құрғанда, ең бастысы, өз еліміздің энер­­г­е­тикалық тәуелсіздігін сақтап қа­луы­мыз керек. Ол – өте маңызды мә­селе», деді Н.Нығматулин.

Мәжіліс Төрағасы еліміздің энер­гетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жеке энергетикалық қуаттарды дамытуды талап ететінін атап өтті. Осыған байланысты энергия көздеріне толық техникалық аудит­ жүргізіп, елімізде 40-50 жыл және одан да көп жұмыс істеп тұрған негізгі өндіруші қуаттарды жаңғырту бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігіне назар аударды.

Сонымен қатар жалпы отырыс­та депутаттар «Қазақстан Респуб­ли­касындағы сайлау туралы» Қазақ­стан Республикасының Консти­ту­циялық Заңына өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жо­басын мақұлдады. Құжат Мем­лекет басшысының 2021 жылғы 1 қыр­күйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жол­дауын іске асыру үшін әзірленді. Заң жобасын қабылдаудағы басты мақсат – биліктің өкілді тармағында әйелдердің және жастардың, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың да қатысуын қамтамасыз ету және пікірін ескеру, оларды мемлекеттің тыныс-тіршілігінде белсенді жұмысқа тарту.

Бұл тәсіл қоғамдағы әлеуметтік тең­герімсіздікті жоюға бағытталған және заманауи сұранымдарға жауап береді. Мұндай жағдайларда биліктің өкілді органдарын қалыптастырудың құқықтық тетіктерін жетілдіру не­ғұрлым өзекті әлеуметтік проблема­ларды шешуде азаматтардың неғұрлым кең санатының пікірін ескеруге мүм­кіндік береді. «Мемлекетіміз саясатты қалыптастыруға халықты тартуға ерекше назар аударады. 2020 жылғы мамырда «Саяси партиялар туралы» заңға партиялық тізімдерде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыз квота енгізу жөніндегі нормалар енгізілді. Сол кезден бастап саяси партиялар гендерлік теңдік және жастарды қолдау мәселелерін жетілдіруде маңызды рөл атқара бастады.

Сайлау тізімдеріне енгізу арқылы жас кандидаттар мен әйелдерді өкілді органдар қатарына қосу мүмкіндігі пайда болды. Квоталау тетігі қоғамдағы өзекті және сезімтал мәселелерді шешу кезінде әртүрлі пікірлерді ескеру арқылы норма шығармашылық процесінде «қоғамдық күн тәртібін» қалыптастыру мүмкіндігін кеңейтті. Осы тетікті дамыту үшін Мемлекет басшысы өзінің 2021 жылғы Жолдауында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың заңнамалық қызметте қатысу қажет­ті­лігін атап өтті. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында ұсынылған «Қа­зақстан Республикасының кейбір Конституциялық Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық Заң жобасы әзірленді. Конституциялық Заң жобасы әйелдер, 29 жасқа толмаған адамдар және мүгедек адам­дар үшін 30 пайыз квотадан басқа, оларды Парламент Мәжілісінде депу­таттық мандаттарды бөлу кезінде есепке алу қажеттілігін бекітуді көздейді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Әділет министрі Қанат Мусин.

Заң жобасының нормалары тыныс-тіршіліктің барлық салаларында ген­дер­лік теңдікті қамтамасыз ету мақ­са­тында қоғамның құқықтық және сая­си мәдениетінің деңгейін арттыруға жол ашады. Сондай-ақ әртүрлі кандидаттарды ұсыну арқылы сайлау бағдарламаларын әртараптандырып, әйелдердің, жастардың және мүге­дек­тігі бар адамдардың азаматтық ұста­­ным­дарын көрсетуге белсенді ара­ла­суы­­на мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жалпы отырыста «Сая­си партиялар туралы» Қазақстан Рес­публикасының заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Заң жобасын қабылдаудың мақсаты – кво­­та­ланатын санаттарды оған мүге­дектігі бар адамдарды енгізе отырып кеңейту. Әйелдерді, жастарды және мүгедектігі бар адамдарды елдегі саяси мәселелерге белсенді тарту нор­ма шығару процесіне қатысу арқылы елдің неғұрлым осал және пробле­малық мәселелерін шешуде осы санаттардың пікірін ескеруге мүм­кіндік береді. Бұдан басқа, депу­тат­тық мандаттарды бөлу кезінде әйел­дерді, жастарды және мүгедектігі бар адамдарды міндетті түрде қосу әлеу­меттік артықшылықтарға ие. Сонымен саяси лауазымның осы санатта­рымен айналысу әлеуметтік-саяси, құқықтық мәселелерді шешуде олар­дың пікірлерін ескеруге мүмкіндік бере­ді. Өмірдің барлық салаларындағы бел­сенділікті және қоғамның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын арттырады.

Сонымен қатар отырыс барысында Палатаның комитеттері Қазақстан мен Қытай арасындағы Ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.

Жиын соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.