• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қаңтар, 2022

Екі ауылға газ жетті

559 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысына қарасты Бәйтерек ауданының екі елді мекені көгілдір отын желісіне қосылды. Аудан әкімі Марат Тоғжановтың айтуынша, табиғи газ игілігін көретін аудан тұрғындарының үлесі 99,5 пайызға жетпек.

Айта кетейік, қаңтардың 13-і күні табиғи газға қосылған Пав­лов пен Горбунов ауылдары – Бәйтерек ауданы Махамбет ауылдық округіне қарасты шағын ғана елді мекендер. Горбуновта небәрі 36 үй, 123 адам тұрса, Павлов ауылындағы 52 отбасында 168 адам бар. Өңірдегі барлық ірі елді мекендер, округ орталықтары табиғи газ игілігін ертеден-ақ көріп отырса, енді, міне, кезек алақандай ауылдарға да жетті.

– Ел үкіметі халықтың тұрмы­сын жақсарту, үй тұр­мы­сындағы ең басты қажеттіліктерді қана­ғат­тандыру мәселесіне барынша көңіл бөліп келеді. 2021 жылы ауылдарды таза ауызсу, жол және газбен қамту сияқ­ты жұмыстарды ойдағыдай атқар­дық. Бәйтерек ауданында 68 елді мекен бар. Осы кезге дейін соның 51-інде ғана газ болды. 2021 жылы тағы сегіз ауылға газ тартуды бастадық. Биыл аудан халқының 99,5 пайызы газбен қамтылады, – деді аудан басшысы Павлов ауылында өткен салтанатты жиында.

Аталған ауыл тұрғындары табиғи газ игілігін көптен бері талап етіп жүрген. Әрине, газ, су құбырлары әуелі халық саны көп, ірі елді мекендерге тарты­ла­ды. Облыс орталығынан небәрі 30 шақырым жерде орналасса да, шағын ауылдың өз кезегін күтіп қалғаны сондықтан. Ұзақ жылғы мәселе түйіні өткен жылы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасы арқасында шеші­ліп­ті.

Ауылға газ келген мерекелі жиында көпбалалы ана Саражан Есмұханбетова, ауыл тұрғыны Аманбай Аяпов сөз алып, елге жасалған қамқорлық үшін ел ағаларына алғыс айтып, ауылдас­та­рын қуанышымен құттықтады.

Тағы бір қуанышты жаңалық, Махамбет ауылдық округі орта­­лы­ғында кәсіпкерлердің қол­дауы­мен 75 орындық бала­бақ­ша ашылғалы жатыр екен. Жер­гі­лік­ті демеушілер бос ғима­ратты жабдықтап, ауыл балаларына сыйға тартуда. Айта кетейік, округте мал шаруашылығымен айналысатын, сүт, ет өндіретін бизнес құрылымдары аз емес. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер А.Аманғалиев өз меншігіндегі ғимаратты мемлекет теңгеріміне өткізген болатын. Ол ғимарат 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп, кітапхана ретінде халықтың пайдалануына берілді.

 

Батыс Қазақстан облысы