Кеше Эстонияның астанасы – Таллинде мәнерлеп сырғанаудан «Төрт құрлық чемпионатының» жалауы желбіреді.
Аталған жарыстың тұсауы 1999 жылы кесілген еді. Сол кезде Америка, Азия, Африка және Мұхит жағалауы елдерінің өкілдері өзара шеберлік байқасып, үздіктерді анықтады. Канаданың Галифакс қаласында шымылдығы түрілген алғашқы турнирдің ерлер сайысында жапониялық Такэси Хонда топ жарса, әйелдер арасында өзбекстандық Татьяна Малининаның мерейі үстем болды. Бұл додада Қазақстанның спортшылары екі мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, 2015 жылы Денис Тен топ жарды. Ол америкалық Джошуа Фаррис пен қытайлық Янь Ханьді артқа тастап, бас жүлдені олжалады. 2019 жылы Анахаймда Элизабет Тұрсынбаева күміс медальды мойнына ілді. Қазақ қызы Жапонияның жұлдызы Рика Кихарадан ғана қалып қойды.
Балтық жағалауында өтіп жатқан жарыста Қазақстан намысын Михаил Шайдоров пен Дияс Жирентаев қорғайды.