Қазақ өнері мен мәдениеті ауыр қазаға ұшырады. 72 жасқа қараған шағында театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Төлеубек Мұхамеджанұлы Аралбай дүниеден өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Төлеубек Аралбай 1950 жылы 18 наурызда Семей қаласында дүниеге келген. Өнерге құштар ол бала кезінен-ақ қаладағы Пионерлер Сарайының драма үйірмесіне қатысты. Оның өнердегі ең алғашқы ұстазы атақты В.Мейерхольдтің шәкірті, репрессияға ұшырап, Семейге айдалып келген режиссер И.Вишневский болды.
1964-1966 жылдары Семей облыстық музыкалық драма театры жанындағы студияны оқып бітірген соң театрдың қазақ тобына қабылданып, алғашқы рөлдерін орындады.
1970-1973 жылдары әскери борышын өтеген соң Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы екі жылдық студияға оқуға түсіп, белгілі сахнагер Р.Сейтметовтің класын 1975 жылы бітіріп шығады да, көркемдік кеңестің шешімімен қара шаңырақ театрдың актерлік тобына қабылданады. Театр спектакльдеріне студияда оқып жүргенде-ақ қатысқан оның алғашқы рөлі О.Бөкеевтің «Құлыным менің» драмасындағы Жігіт еді. Содан бері ол сахнаның үлкен шеберіне айналды. Шығармашылық қуаты мол, диапазоны кең актердің трагедиялық болсын мейлі: Софоклдың «Эдип патшасындағы» Эдип (ауд.Х.Ерғалиев, реж.Ә.Мәмбетов), Шекспирдің «Юлий Цезаріндегі Октавий, (ауд.Ә.Кекілбаев,реж.Қ.Жетпісбаев), «Кориоланындағы» Кориолан (ауд.Ә.Кекілбаев, реж.Ә.Мәмбетов), «Гамлетінде» Клавдий (ауд.Х.Ерғалиев, реж.Ю.Ханинго-Бекназар), А. Чеховтың «Сүйікті менің ағатайымда» (реж. А. Маемиров, ауд. А. Маемиров) Серебряков, О. Бөкейдің «Қар қызында» - Сиыршы шал (реж. Ж. Жұманбай); комедиялық болсын мейлі: М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясының екі қойылымында да Маман (реж.Ә.Мәмбетов, Е.Обаев), С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісіндегі» Тілші жігіт (ауд.А.Сүлейменов, реж.Р.Сейтметов), И.Саввин, Ж.Тәшеновтің «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырдысындағы» Нұртаза (реж.Ә.Мәмбетов), У.Гаджибековтің «Аршын-мал аланындағы» Сұлтанбек (ауд.Қ.Мұхамеджанов, реж.Т.Әл-Тарази); Б. Брехтің «Пері қатынында» Полковник (ауд. А. Ықсан, реж. Е. Нұрсұлтан); драмалық болсын мейлі: Т.Ахтановтың «Антындағы» Барақ сұлтан (реж.Ә.Мәмбетов), Мольердің «Жендеттеріндегі» Муаррон (ауд.А.Сүлейменов.реж.В.Мажурин),Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісіндегі» Амангелді (реж.А.Әшімов), Ш.Айтматовтың «Ғасырдан ұзақ күніндегі» Едіге (ауд.Ш.Мұртаза, реж.Ә.Мәмбетов), Ә.Кекілбаевтың «Абылай ханында» Бұхар жырау (реж.Б.Атабаев), К.Аширдің «Қабыл – Адам ата перзентіндегі» Ібіліс (реж.К.Ашир), Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма» драмасындағы» Абай (реж.А.Әшімов), «Естайдың Қорланындағы» Естай (реж.Б.Атабаев), Н.Абдықадыровтың «Шыңғысханның соңғы мұхитындағы» Шыңғысхан (реж.Н.Абдықадыров), С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатындағы» Жақыпбек (реж.Ә.Рахимов), Гауптманның «Ымырттағы махаббатындағы Хайгер (реж.Р.Андриасян), М.Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» Дәруіш (Ә.Кекілбаев, реж.О.Кенебай), А. Құнанбайұлының «Қарасындағы» (реж. Ж. Жұманбай) – 2-адам тағы да басқа көптеген бейнелері болмыс толыққандылығымен, парасат деңгейімен ерекшеленіп тұрды. Мұның бір дәлелі - актердің «Ғасырдан да ұзақ күн» спектакліндегі Едіге рөлі үшін 1985ж. Қазақстан және Орта Азия театрларының Ташкентте өткен І халықаралық театр фестивалінде «Ер адам рөлін үздік орындағаны үшін» мәртебелі жүлдесін жеңіп алуы.
Актер Т.Аралбайдың қазақ киносына да еңбегі сіңді. Әр жылдары түсірілген «Аждаһа жылы», «Шоқан Уәлиханов» (реж.А.Әшімов),, «Азиат» (реж.Л.Аранышева), «Қызжылаған», «Мұстафа Шоқай», (реж.С.Нарымбетов), «Рэкетир», «Ликвидатор» (реж.А.Сатаев) көркем фильмдерінде, сондай-ақ «Тоғысқан тағдырлар», «Саранча» (реж.А.Қарпықов) теле сериалдарындағы рөлдерімен шебер актер ретінде жақсы танылды.
Актер, режиссер шығармашылығының елеулі бір қыры – ұстаздық. 1993 жылдан бері Республикалық Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде «актерлік шеберлік» пәнінен сабақ берген Т.Аралбайдың шәкірттері бүгінде республика театрларында, өзге де өнер ордаларында жемісті еңбек етіп келеді.
Т.Аралбайдың ұлттық сахнадағы өнері жоғары бағаланып:
1995ж. «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» атағына ие болды,
1998ж. «Астана» медалінің иегері,
2006ж. «Құрмет» орденінің иегері,
2016ж. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалін алды,
2017ж. «Парасат» орденінің иегері,
2018 ж. «Үздік екінші пландағы актер» номинациясы бойынша Қазақстан Театрлар Ассоциациясның «Сахнагер» Ұлттық театр сыйлығының иегері атанды.