Аз ғана уақыт «жасыл аймақта» болып, арқасын кеңге салған ағайынды індеттің етек алуы, қатерлі қауіптің көбеюі қайтадан қусыра бастады. Өңір – «қызыл аймақ» санатында. Дерттің бас көтеруі – жұрттың санитарлық талапты сақтамауынан. Қатерлі делінгенімен, тығылып той жасап, жасырынып ас ұйымдастырып, тәртіп бұзу тыйылмады.
Жұқпалы дертпен жағаласуға үйренген, азды-көпті тәжірибесі қалыптасқан денсаулық сақтау саласы дертке шалдыққандарға көмек көрсетуге әзір. Бүгінгі таңда облыста коронавирустың қармағына іліккендерді емдеу үшін 870 төсектік орын дайындалған. Бұған қоса 105 реанимациялық орын да бар. Қазіргі күні жұқпалы аурулар ауруханаларында 432 науқас ем қабылдауда. Бұл – барлық орынның 50 пайызы. 30 адам – жансақтау бөлімінде. Бұл жердегі төсектік орынның қамтылу көрсеткіші – 28 пайыз. Егер «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, індет өршіп кетсе, ем қабылдау қолжетімді болуы үшін барлығы 3 мыңнан аса төсектік орын дайындалған. Демек бұл орайдағы қамдану қапысыз деп айтуға болады.
Жұқпалы аурумен күрес шарасына барлығы 930 медицина қызметкері тартылып отыр. Оның 176-сы – дәрігер. Індет алғаш пайда болған кезде медицина қызметкерлерінің тапшылығы байқалған еді. Өз басын қатерге тіккен сала қызметкерлерінің өздері де көп ауырды. Осы жайды ескергендіктен, қажет бола қалса, халыққа қызмет көрсетуге 332 медицина қызметкері дайындалған. Оның 102-сі – дәрігер. Қолданыстағы төсек-орынмен қамтамасыз ету 100 пайызды құрайды. Шұғыл шақыртуларға облыстық жедел жәрдем стансасының 59 фельдшерлік бригадасы қызмет көрсетеді.
Коронавирус инфекциясымен күрес аясында облыстық медицина ұйымдарында 802 млн теңге қаражат көлеміндегі дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдардың екі айлық қоры жасақталған. Күндізгі станционарда жалпы құны 105 млн теңге болатын дәрі-дәрмек қоры бар. Науқастарға тегін босатылатын дәрінің қолдағы қорының жалпы құны – 79 млн теңге.
Өңірде 133 егу пункті мен 135 мобильді бригада жұмыс істейді. Вакцина егуге 564 медицина қызметкері тартылған. Сонымен қатар Ақкөл, Аршалы, Астрахан тәрізді 11 ауданда екпе егетін жылжымалы медициналық кешен бар.
– Дерттің алдын алу тек қана екпеге байланысты. Бұл – меншік түріне қарамастан ұйым жұмысын тоқтатпаудың бірден бір жолы. Мәселен, 100 пайыз вакцина алған ұжымның бір қызметкері ауыра қалса, ұжым жұмысы штаттық режімде жалғаса береді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов.
Бас дәрігердің айтуына қарағанда, вакцина алмаған жағдайда бір қызметкері ауыра қалса, ұжымның барлығы ПТР-тест тапсырып, карантинге жіберіледі.
Өткеннен сабақ алған дұрыс. Дерттің деңгейі неге өскендігін елдің бәрі көріп, біліп отыр. Сондықтан алдағы уақытта бейсауат жүрісті тыйып, уақтылы екпе алып, сақтандыру шараларын бұлжытпай орындаған жөн.
Ақмола облысы