Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің отырысында сөйлеген сөзінде әлеуметтің әлеуетін жақсартып, халықтың қалтасын қалыңдатуды тапсырды. «Қаңтар қасіретінің» негізінен күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен кейбір мемлекеттік органдар жұмысының тиімсіздігі, нақты айтқанда, олқылығы салдарынан болғанына тоқталды. Қираған қаланы қалпына келтіру, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру қыруар шаруа екені түсінікті. Осы орайда, бізбен бір қатарда егемендігін алған мемлекеттер арасында бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен, әлемге үлгі елдер бар. Соның бірі – әлеуметінің әлеуетімен мақтанатын Эстония.
Балтық жағалауындағы алақандай мемлекет бүгінде төрткүл дүниедегі дамыған елдердің біріне айналған. Мәселен, Эстонияның ішкі жалпы өнім көлемі 35,2 миллиард долларға тең. Жан басына шаққандағы көрсеткіші – 27 мың доллар. Салыстырмалы түрде қарасаңыз, азаттығын қайта қалпына келтірген тұста жоғарыда аталған көрсеткіш небәрі 100 долларға әрең жететін.
Елде жүргізілген күрделі реформалардың нәтижесінде «Балтық жолбарысы» шартараптағы экономистердің зерттеу объектісіне ілікті. Бүгінде Эстония Еуропалық одаққа мүше, Еуро аймаққа және Шенген аймағына кіреді. Еуропалық ұжымдық ынтымақтастық ұйымына, НАТО-ға, Дүниежүзілік сауда ұйымына енген. Сонымен қатар 2020-2021 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Халықаралық ұйымдар халықтың тұрмыс сапасын, білім саласын, қоғамдық қызметтерді цифрландыруды, технологиялық компаниялардың басымдығын жоғары бағалайды. БҰҰ Адам даму индексінде Эстония 189 елдің ішінде 29-орынға тұрақтаған.
Небәрі 1,4 миллион халық мекендеген, аумағы ат шаптырым ғана ел 30 жыл ішінде мұндай жетістікке қалай жетті? Әлеуметінің әлеуетін жақсартудағы басты кілті неде? Мұның басты себебі – халықтың да, биліктің де өзгеріске ұмтылуы. Ел саясатын дамытудың даңғыл жолына бағыттауда жатыр. Эстондар азаттығы қолына тие сала, күрделі экономикалық реформалар жасады. Дамудың үлгісі ретінде батыстық демократия таңдалды. Экономиканың еркіндігі, үкіметтің ашықтығы басты ұстаным болатын. Сонымен қатар заңның үстемдігі де жоғары орынға қойылды.
Осы орайда, артқа сәл шегініп, Эстония тарихына көз жүгіртсек артық етпейді. Екі ғасырға жуық Ресей империясының қоластында болған ел 1918 жылы 24 ақпанда тәуелсіздігін жариялады. Алайда азат елдің арманы ұзаққа созылған жоқ. Көп ұзамай-ақ патша әскері басып кірсе, одан соң нацистік Германия жаулауға тырысты. Қос бүйірден держава құру ниеті бар империялар қыспақтай берген соң, Эстония 1940 жылы КСРО құрамына кірген-ді. Сөйтіп 50 жылға жуық Кеңес өкіметі шекпенінде болды. Одақ құлар тұста елде жаппай «Әндеткен революция» басталып, халық азаттық туралы қызу талқылай бастады. Ақыры 1990 жылы 8 мамырда Эстония Жоғарғы кеңесі егемендікті қайта қалпына келтіру туралы заң қабылдады. 1991 жылы 20 тамызда тәуелсіздігін жариялады.
Азаттыққа аңсап жүріп қол жеткізген эстондықтар алдында екі жол бар еді. Біріншісі – Кеңес Одағы тұсындағы жүйеге аздаған өзгеріс енгізіп, соны жалғастыра беру. Екіншісі – бәрін жаңадан бастау. Эстония халқы екінші нұсқаны таңдады. Өйткені ескі жүйе ұшпаққа шығармайтынын жақсы түсінді. Сөйтіп, кеңестік дәуірде қызмет еткен, сол кезде жоғары лауазымды қызмет атқарған тұлғаларды саяси өмірден алшақтатуға кірісті.
Мұның жарқын мысалын 1992 жылғы парламенттік сайлаудан анық аңғарамыз. Халық 32 жастағы Март Лаарды премьер-министр етіп сайлады. Март мырзаның тұсында негізгі экономикалық реформалардың іргетасы қаланды. «Торренс мәртебесі» деп аталатын жылжымайтын мүлікті тіркеу жүйесі, үйлесімді салық салу секілді жаңашылдықтар енгізілді. Демократиялық құндылықтар мен сөз еркіндігі қатты құрметтелді. Эстония шетелдік тауарларға салынатын бүкіл тарифтерді жойды. Сөйтіп, мұндай қадамға барған әлемдегі тұңғыш мемлекет атанды.
Әлбетте, КСРО тарағаннан кейін оның құрамындағы мемлекеттердің ешқайсысына оңай тимегені түсінікті. Эстониядағы ахуал да басқаларынан өзгеше болған жоқ. Дүкендердің сөрелері босап, халық ішерге ас, киерге киім таппай қалды. Тіпті жанармайдың болмауы себебінен көшелерде көлік те жүрмеген. Бірақ эстондар болашақтан үміт үзген жоқ. Ал ел тізгінін қолына ұстағандар оны ақтай білді.
Эстония азаттық алған кезінде шетелге өндірген өнімінің 5 пайызын ғана экспортқа шығаратын. Бүгінде тауар айналымы айтарлықтай өскен. Мәселен, импорт көлемі 16,2 миллиард еуроны құраса, экспорт 14,4 миллиард еуроға тең. Шетелге негізінен түрлі машиналар мен олардың қосалқы бөлшектерін, ағаш және қағаз, тоқыма, азық-түлік, жиһаз, металдар мен химиялық өнімдер жібереді. Сондай-ақ жылына 1,5 миллиард мегаватт электр тоғын экспорттайды.
Бір қызығы, Эстония экономикасы өрлеуінің себептерінің бірі – еркін нарық енгізіп, мемлекеттің экономикаға араласуы азайтылды. Либералды өмір салтын қалыптастыруға ден қойылды. Жекешелендіру жүзеге асырылды. Осылайша, Еуропаға, жалпы Батыс әлеміне оң көзқараста екенін аңғартты. Мұндай қадам дағдарысқа ұшыраған экономиканы қайта қалпына келтіру үшін қажет етеді. Нәтижесінде, еуропалықтар топ-тобымен Эстонияға ағылып, миллиондаған доллар инвестиция салды.
Дамудың даңғыл жолына түсу үшін көршілес елдердің де ықпалы аз емес. Бұл тұрғыдан алғанда эстондардың жолы болған. Кеңес Одағы құрамына енген Литва мен Латвия да Эстониямен тағдырлас. Шағын үш ел де сыртқы күштердің шылауында кетуі мүмкін еді. Әрқайсысы этностық және тілдік тұрғыдан ерекше болатын. Бұл үштік жеке-жеке жүрсе жау алатынын түсінгендіктен, бірлесе әрекет етіп, ортақ идеяларды жүзеге асыруға көшті. Эстония көш бастаса, Латвия мен Литва ізін жалғады. Жұдырықтай жұмылғандықтан үшеуі де экономикалық табыстарға қол жеткізе бастады.
Тәуелсіздік алған тұста Эстонияның басты сауда әріптесі Ресей ғана еді. Батысқа бет бұрғаннан кейін бұдан бас тартты. «Көршің жақсы болса – тынысың» демекші, Эстония қиын жағдайға келген кезде көршілес скандинавиялық мемлекеттер көмек қолын созды. Өзара тауар айналымы жолға қойылды. Соның нәтижесінде Финляндия басты серіктесіне айналды. Қазіргі таңда аталған елге эстондар құны 2,29 миллиард доллар тауар экспорттайды. Сондай-ақ Швеция (1,56 миллиард доллар) және Латвия (1,42 миллиард доллар) да экспорт жөнінен жоғары орында тұр.
Еуропамен шекаралас орналасу да Эстонияға мол мүмкіндік сыйлады. Мемлекет экономикаға араласпай, жекешелендіруге басымдық бергендіктен, еркін кәсіпкерлер табы пайда болды. Мәселен, 1995 жылы жаңадан 10 мыңға жуық компания құрылған екен. Еуропалық одақтың мүшелігі құрамына өту де ел дамуына мол мүмкіндік берді. Бастапқыда халық нәпақа іздеп қарт құрлықтың қалаларын аралап кетсе, жағдай түзелгеннен кейін елге орала бастады.
Эстонияны әлемге танытқан жаңашылдықтың бірі технологияға байланысты. Егемендігін алған тұста кеңестің көнерген құралдарын пайдаланып жүрген олар көп ұзамай-ақ Еуропаның заманауи құрылғыларын қолдана бастады. Былайша айтқанда, технологиялық дүмпу болды. Мұндай серпіліс халыққа да оң әсер етіп, қоғамда жаңа технологияға қызығатындар саны күрт артты. Соның арқасында XXI ғасырдағы цифрлы өнімдерге айтарлықтай үлес қосты.
Мәселен, эстон бағдарламашысы Яан Таллинн бастаған BlueMoon Interactive компаниясы файл алмасуға арналған KaZaa бағдарламасын жасап шықты. Peer-to-peer технологиясы арқылы жұмыс істейтін KaZaa бір кездері әлемдегі ең көп жүктелген бағдарлама атанды. Эстон бағдарламашыларының жаһандық технологияларға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Қазіргі таңда шартараптың түкпір-түкпірінде қолданылатын Skype та алғашқыда Таллиннің бұйығы көшелерінің бірінде жасалған. Аталған бағдарламаны кейіннен eBay компаниясы 2,6 миллиард долларға сатып алды. Содан кейін Microsoft компаниясы Skype-тың меншігін иелену үшін 8,5 миллиард долларды шытырлатып санап берді.
Мұндай технологиялық табыс жаңа жобалардың көптеп ашылуына жол ашты. TransferWise, Ambient Sound Investment секілді әлемге белгілі компаниялар бірінен соң бірі әлемдік нарықты жаулап ала бастады. Starship Technologies компаниясы Таллинде, Бернде, Лондонда жеткізу қызметімен айналысатын роботтар жасайды.
Эстонияның цифрлық дамуы мұнымен бітпейді. Жаңа технология күнделікті өмірге дендеп енген. Мысалы, елдегі бүкіл әлеуметтік қызметтер мен үкімет агенттіктері өзара байланысқан. Бүкіл мемлекеттік қызмет цифрлы қолтаңба арқылы алынады. Салық төлеу жүйесі де толық автоматтандырылған. Яғни бірнеше минуттың ішінде атқарылады.
Сондай-ақ Эстонияда электронды азаматтық енгізілген. Бұл жаңашылдық шетелдіктерге цифрлы азаматтық алып, Еуропалық одақта кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік береді. Бизнес бастауға рұқсат алу да қиын емес. Телефон арқылы айналдырған 5 минуттың ішінде қажетті құжат қолыңызда болады. Осындай жаңашылдықтың арқасында қыруар қаржы – ішкі жалпы өнімнің 2 пайызына тең қаражат үнемделеді.
Бұдан бөлек, мүлікті электронды тіркеу, электронды денсаулық сақтау жүйесі, электронды полиция, электронды мектеп секілді жүйелер енгізілген. Былайша айтқанда, Эстония цифрлы мемлекетке айналған. Тіпті дауыс беру жүйесі де онлайн өткізіледі. Әлемде тұңғыш рет 2005 жылы интернет арқылы жергілікті сайлау өтті. Ал 2019 жылы парламенттік сайлауға қатысушылардың 44 пайызы онлайн дауыс берген.
Қорыта айтқанда, Эстония дамудың даңғыл жолына түсті. Ең бастысы – айтылған уәделер мен алға қойылған мақсаттарды іске асыруда эстондар ыждаһаттылық таныта білді. Кеңестік жүйенің шекпенінен шыққандардан құтылып, тізгінді тың ойланатын жастарға тапсырып, жарқын келешекке бірге аттана білгендіктен ғана әлеуметтің әлеуетін арттырды.