ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Мемлекет басшысына елдегі Төтенше жағдай кезінде атқарылған шараларды мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
«Төтенше жағдай режимі кезінде сауда-саттықтың болмауына және шетел валютасына ұсыныстың шектеулі болуына байланысты қалыптасып жинақталған сұранысты ескере отырып, Ұлттық Банк валюталық сауда-саттықты қайта бастаудың алғашқы 2 күнінде көлемі 240 млн. АҚШ долларына валюталық интервенция жүргізді. Бұл қаржылық тұрақтылық тәуекелдеріне және теңгеге алыпсатарлық қысым көрсетуге жол бермеуді қамтамасыз етті.
Қазақстан Ұлттық Банкі нарықтың ішкі және сыртқы қатысушылары тарапынан теңгеге деген сенім толығымен қалпына келгенге дейін валюта нарығының теңгерімділігін қамтамасыз етеді. Бұл ретте Ұлттық Банк Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясына сәйкес нарықтық сұраныс пен ұсыныс негізінде айқындалатын еркін бағам қалыптастыру саясатын ұстануды сақтайды», деді ол.
Ұлттық банк төрағасы мемлекет қолданыстағы заңнамаға сәйкес халық салымдарының сақталуын қамтамасыз ететінін растады. Салымшылардың сенімін арттыру үшін олардың салымдарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша қосымша шара ретінде жинақ депозиттері бойынша кепілдік беру сомасы 15 млн. теңгеден 20 млн теңгеге дейін өсірілгенін атап өтті.
«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры барлық қабылданған міндеттемелерін орындауға дайын. Осы мақсаттар үшін арнайы резерв құрылды, ол бүгінгі күні шамамен 850 млрд теңге болды», деді ол Президенттің бизнес өкілдермен кездесуі барысында.