• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2010

МАЙДАНГЕР және МУЗА

716 рет
көрсетілді

ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДА ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВТІҢ ЕСКЕРТКІШ-МҮСІНІ АШЫЛДЫ Жеңіс мерекесі қарсаңында Тараз қаласындағы мектеп-интернаттың ауласынан дәулескер күйші, дарынды композитор Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіш-мүсіні ашылды. Атақты сазгердің сонау 1943 жылы өзі сұранып майданға аттанғанын біреу білсе, біреу білмес. “Мен кешегі Ұлы Отан соғысына өзі тіленіп барған қазақ­тың бірімін. Жасым әскер жасы­на жетпесе де басты “бәйгеге” тіккенім бар”. Бұл – Нұрағаның өз сөзі. Нұрағаң туралы сөз түзіп, сыр шерт­кендер, әдетте, оның музасы тура­лы айтады да, ал майдангер ретіндегі қаһармандық жолына мән бермей жатады. “Жалғыздың жары – құдай”. Абы­рой болғанда, күйші болар баланы сарыауыз балапан кезінен жыға танып, үлкен өнер жолына салған Ахмет Жұбанов 1945 жылы соғыс аяқталуға небары екі ай қалғанда елге демалысқа келген Нұрғисаны сол кездегі респуб­лика партия ұйымының бірінші хат­шы­сы Жұмабек Шаяхметовке алып барып, “Жеңістің төбесі көрініп тұр. домбырашыға қатпыз, Нұрғиса ауадай қажет боп тұр” деген қолқамен, алып қалады. Бірінші хатшының сөзіне Түркі­стан әскери округінің бас қолбасшысы да қарсы болмайды. Десек те, көкірегі күйге толы асыл аға 1943-1945 жылдары майдангер ретінде қаншама тар жолдан, тайғақ кешуден өтті деген сауал мазалай береді. Өйткені, 1925 жылы Алматы облысындағы Жамбыл ауданына қарасты Жамбыл ауылында дүние есігін ашып, Берлинге дейінгі жорық жолынан өткен Нұрғиса Атабайұлының соғыс туралы естеліктері де бір төбе болса керек еді. Бүгінде Жамбыл облысының орталы­ғындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернаттың құрылғанына 10 жыл­дан асып отыр. Мектеп директоры Кәми­лаш Ахметжанова мектеп-интернат­тағы оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына бар күш-жігерін жұмсауда. Жеңіс мерекесі қарсаңында ашылып отыр­ған майдангер, сазгер ағаның ескерткіші де мек­теп басшысы біліктілігі­нің жарқын мысалы. Ескерткіш мүсіннің ашылу салтана­тына Нұрғиса Тілендиевтің құдай қосқан қосағы Дариға Тілендікеліні мен қызы Дінзухра және күйші мұрасы жанашыр­ларының бірі Оралжан Масатбаев бастаған қонақтармен бірге Жамбыл облысы әкімі­нің орын­басары Мейрамбек Төлеп­бер­ген қаты­сып, аяулы аға туралы тебірене сөз сөйледі. Атақты күйшінің оркестр алдында шалқып тұрған сәтін еске салатын айшық­ты мүсіні бұған дейін тек қана Жамбыл баба бейітінің қасындағы күйші қабірінің басында болатын. Сондықтан Жамбыл облы­сының орталығындағы Нұрғисаның мүсінін еліміздегі алғаш рет ашылып отырған ескерткіш деуге толық негіз бар. Мүсіншілер Болат Құсайынов пен Елдар Исақов күйші бейнесін асқан шеберлікпен сомадап шыққан. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Тараз.