Бас прокуратура еліміздегі орын алған лаңкестік әрекеттердің мән-жайларын және себептерін анықтау жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды Egemen.kz.
Прокуратура органдарына азаптау және полиция қызметкерлерінің тергеу барысында азаматтардың құқықтарын бұзу деректері бойынша 91 шағым түскен.
19 арызда көрсетілген заңбұзушылықтар расталмаған. Ал 56-сы бойынша тексерулер жүргізілуде.
Сондай-ақ, кейбір жағдайларда азаматтардың құқықтарын бұзу расталды.
«Мысалы, 12 қаңтарда Алматы қаласының прокуратурасымен заңсыз қамауда отырған 24 қала тұрғыны босатылды», деді ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бұл фактілермен арнайы прокурормен тергеу жүргізілуде.
«Сонымен қатар, ұсталғандарға қатысты адам өлімі, азаптау, билікті асыра қолдану деректерімен қылмыстық істер тергелуде. Республика бойынша осындай 16 қылмыстық іс басталды», деді ол.
Айта кетейік, арнайы және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне жедел шара қолдану мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде арнайы мобильді топтар құрылған.
Бұдан бөлек «prokuror.gov.kz» ресми сайтында облыстық және Бас прокуратураның сенім телефондары жарияланған.