Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратура мен ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті «Қасіретті қаңтар» оқиғасы бойынша ұсталғандарды тергеу барысы, лаңкестік әрекеттердің мән-жайлары және жаппай тәртіпсіздіктің себептерін анықтау жұмыстарына қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов елімізде болған жаппай тәртіпсіздік пен лаңкестік оқиғаларға қатысты 819 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл істердің 45-і – терроризм, 36-сы – жаппай тәртіпсіздік, 15-і адам өлтіру дерегі. Сонымен қатар ұрлық, тонау, қаруды жымқыру, билік өкіліне күш қолдану фактілері бойынша 970 күдікті қамауға алынып, олардың 182-сі сот санкциясымен ұстауға алынса, 29-ы үй қамақта отыр. Ал терроризм және жаппай тәртіпсіздік бойынша ұсталғандар саны – 464.
Бас прокуратура өкілі бұдан бөлек 226 адамның ұрлық, 60 – қаруды заңсыз сақтау, 39 – қару жымқыру, 25 – бұзақылық, 21-нің тонау деректері бойынша қамауға алынғанын хабарлады. Бір қылмыстық іс бойынша бірнеше адамның сыбайлас болуы мүмкін екенін ескерткен Е.Қилымжанов прокурорлардың қамауға алынғандарды ұстау мекемелерін күнделікті тексеретінін де жеткізді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, ұстауға еш негіз болмауына байланысты 96 адам уақытша ұстау изоляторларынан босатылған. «Прокурорлар Алматы қаласының уақытша ұстау изоляторын тексеру кезінде дене жарақатын алған 73 адамды анықтады. Олардың үшеуіне қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, үшеуі де босатылды. Оқ жарақатын алған 29 адам да прокурорлардың нұсқауымен қалалық ауруханаларға жатқызылды. Сондай-ақ ауыр жарақат алған 41 адам тікелей изоляторда ем алуда», деді Е.Қилымжанов.
Қатыгездік таныту, сондай-ақ медициналық көмек көрсетпеу секілді жағдайларды тексеру мақсатында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және басқа да ұйым өкілдеріне ұстау мекемелеріне кіруге рұқсат берілген. Сондай-ақ Республикалық адвокаттар алқасының бастамасымен, ұсталғандарға уақтылы білікті заң көмегін көрсету және қорғаушылардың мекемелерге кіру мәселелері шешімін тапты.
Е.Қилымжановтың мәлімдеуінше, прокуратура органдарына азаптау және полиция қызметкерлерінің тергеу кезінде азаматтардың құқықтарын бұзу деректеріне қатысты 91 шағым келіп түскен. «Біз әр шағымға шара қолданудамыз. 19 арызда көрсетілген заң бұзушылықтар расталмады, ал 56 шағым әлі тексеріліп жатыр», деген спикер ұсталғандарға қатысты адам өлімі, азаптау және билікті асыра қолдануға қатысты еліміз бойынша 16 қылмыстық істің қозғалғанын да мәлімдеді.
Бас прокуратура өкілі брифингте Президенттің ауырлататын мән-жайлар болмағанда, жазаларды жеңілдету жөніндегі тапсырмасына сәйкес атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. «Жалпы, сотта «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты 9 213 әкімшілік іс қаралды. Сот шешіміне сәйкес шын өкінген және мән-жайдың жеңілдігін ескере отырып 4 561 адамға ескерту жасалды. Сонымен қатар прокурорлардың өтініш хатының негізінде 1 083 адам қамаудан босатылып, 490 айыппұл жазасы ескертуге ауыстырылды. Бұдан бөлек, 386 әкімшілік іс құқық бұзушылық құрамның болмауына байланысты тоқтатылды», деді ол.
Жаппай тәртіпсіздікке қатысты әр істің жіті қаралып жатқанын айтқан Е.Қилымжанов: «Қазіргі уақытта 362 адам әкімшілік қамауға алынып, 1 245-іне айыппұл салынды. Прокурорлардың әкімшілік жазаны жеңілдету туралы 298 өтініш хаты сотта қаралуда. Осыған ұқсас жұмыстар онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша жүргізілуде», деді спикер.
Ал 12 қаңтарда іске қосылған Stopterrorism.kz ресми сайтына осы уақытқа дейін 1 500-ден астам ақпарат келіп түскен. Бас прокуратура өкілі сайтқа жолданған әр фото және бейнежазба жан-жақты тексерілетінін айта келіп, осындай ақпараттың арқасында Алматы қалалық әкімдігінің алдында жаппай тәртіпсіздік жасағандардың анықталғанын да хабарлады.
Ал ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев ҚАЖ мекемелеріне жеткізілген барлық адамдардың міндетті түрде медициналық тексеруден өтетінін, қажет болған жағдайда оларға тиісті емдеу тағайындалатынын айтты. «Егер қамауға алынған адамға стационарлық емдеу қажет болса, біз оны азаматтық ауруханаларға жіберіп, емдейміз», деді бұл жайында ол.
«Мекеме тиісті медициналық көмек көрсете алмаған жағдайда олар азаматтық ауруханаларға жеткізіледі және арнайы күзетпен емделеді. Бүгінгі таңда мұндай 31 адам бар, олардың 29-ы Алматы қалалық ауруханаларында, қалғандары Қызылорда және Атырау қалалық ауруханаларында емделуде. Олар тергеу изоляторларына келгенге дейін жарақаттанған», деп мәлімдеді М.Аюбаев.
Спикер сондай-ақ кәмелетке толмаған жеткіншектердің ересектерден бөлек ұсталатынын, олардың қамауға алынғаны туралы туған-туыстары мен адвокаттарының білетінін де жеткізді. «Кәмелетке толмағандардың барлығы сот шешімімен қамауда ұсталуда. Бұл шешімдермен келіспесе, азаматтар прокуратураға немесе сотқа шағымдана алады. Айта кетейік, Ұлттық алдын алу тетігі мен қоғамдық бақылау комиссияларының өкілдері барлық мекемелерге кедергісіз кіре алады, адвокаттар қорғауындағы азаматтармен еркін кездеседі, ал сәлемдемелер әдеттегідей қабылдануда. Қазір барлық өңір коронавирустық инфекцияға байланысты «қызыл аймақта» болғандықтан санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады. Бір апта ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Ұлттық алдын алу тетігінің мүшелері 12 өңірдегі 12 тергеу және 67 уақытша ұстау изоляторына барып, қамалғандардың ұстау жағдайларын тексерді. Бұдан бөлек, прокуратура органдары да заңдылықтың қамтамасыз етілуін үздіксіз қадағалап отыр», деп атап өтті комитет қызметкері.
Естеріңізге сала кетейік, ҚАЖ-да және барлық өңірлік департаменттерде «колл»-орталықтар ұйымдастырылған, олардан қамауға алынған адамдар туралы және өзге ақпарат алуға болады. Адвокаттардың да осы орталықтардан мәлімет алуға мүмкіндігі бар.