• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 23 Қаңтар, 2022

Еуропарламенттің қарарында ескерілмеген мәселе көп

1431 рет
көрсетілді

Өткен аптада Еуропалық парламенттің жалпы отырысы өткен-ді. Жиынның жалпы тақырыбы Францияның төрағалығына арналды. Страсбургте өткен пленарлық отырыста, сонымен қатар адам құқығы, демократия мәселелері де талқыланды. Осы жарыссөздер аясында Қазақстандағы ахуал да назардан тыс қалмады.

Айта кетерлігі, елімізге қатысты дебат қорытын­ды­сы бойынша Еуропалық одақтың қарары қабылданды. Құжатта елдегі жағдайға қатысты көптеген мәселе айтылған. Мәселен, құқық қорғаумен айналысатын ұйымдарды сая­си себеппен қудаламау, бейбіт шеруге кедергі келтірмеу, оған қатыс­қандарды негізсіз ұстап, азаптауды доғару, адам құқығын таптаған жауапты тұлғаларға жекеле­ген санкция салу секілді талаптар көр­се­тілген.

Еуропалық парламенттің 671 депутаты қарарға дауыс беру рәсіміне қа­ты­сып, соның 589-ы қолдап, 35-і қарсы шығып, 47-сі қалыс қалды. Осы­лайша, Қазақстандағы адам құқы­ғы­на қатысты құжат басым дауыс­пен қа­былданды. Елімізге қатысты мә­се­ле­ге қарт құрлықтың депутаттары ерекше назар аударғаны мынадан-ақ байқалады. Жарыссөз кезінде парламенттің 33 мүшесі өз пікірін білдіріпті. Әрине, талқылау кезінде депутаттар Қазақстанда бейбіт шеруге шық­қандарға қарсы күш қол­да­ныл­ға­ны­на наразылық білдіріп, олар­ға оқ атуды сынға алғаны түсінікті. Бірақ жиын барысында әріптестерін ше­шім қабылдауда асықпауға шақыр­ған­дар да болды.

Талқылауда қарар жобасы ав­тор­ла­рының бірі Андриус Кубилюс сөз сөйледі. Оның айтуынша, Қазақ­стан­да­ғы қайғылы жағдайға объективті халықаралық тергеу қажет. Құжаттың тағы бір авторы, испаниялық депутат Начо Санчес Амор қарарда шеру­ші­лер­ге күш қолдануды айыптайтыны көрсетілгенін жеткізді. Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың осындай күрделі кезеңде терең де­мо­кра­тиялық өзгерістерді іске асыра­тын нағыз реформатор ретінде көр­се­ту­ге үндеді.

Бұдан бөлек, пікірталас кезінде Еуро­палық комиссияның комиссары Стелла Кириакидис Қазақстандағы жағдайға байланысты қарар жобасының енгізілуіне қатысты сөз сөйледі. Оның айтуынша, қарт құрлық Қазақстанда, атап айтқанда Алматыдағы зорлық-зомбылыққа таңғалған.

«2 қаңтарда басталған алғашқы бейбіт наразылық пен бүкіл елді шарпыған одан кейінгі зорлық-зом­былық арасындағы айырманы нақты ажы­рату керек. Соның салдарынан Президент төтенше жағдай енгізіп, Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мын террористік шабуылдар деп атаған оқиғаға қарсы тұру үшін көмек­ке шақырды. Мұздай қаруланған және арнайы дайындықтан өткен агрессивті топтар бейбіт наразылық ретінде басталған шеруді билеп-төстеп алғаны көрінеді. Алайда олардың кімдерге тиесілі екені және уәж-дә­лел­дері түсініксіз. Бұл топтар кейбір әс­кери құрылымдармен байланысты болуы мүмкін. Яғни олардың құрылуы мен жұмыс істегені кейбір күштік құрылымдардың тасасында өрбігенін көрсетеді», деді Стелла Кириакидис.

Еуропалық комиссия өкілі Қазақ­с­тан­дағы оқиғаға сыртқы күш­тер­дің ықпалын жоққа шығарған жоқ. Ол ресми ақпаратқа сілтеме жасай отырып, бастапқыда 10 000-ға жуық адам ұс­тал­ғанын, бірақ олардың көпшілігі боса­тылғанын атап өтті.

«Оқиға барысында 225 адам қаза тапты, соның ішінде күштік құры­лым­дардың 19 қызметкері көз жұмды. 5000-ға жуық адам жарақат алды. ҰҚШҰ тарихында алғаш рет шамамен 2030 әскери қызметші тартылды, әскердің басым бөлігі Ресейден жіберілді. Соңғы ақпаратқа сәйкес, 13 қаңтарда басталған ҰҚШҰ әскер­ле­рінің шығарылуы аяқталды. Оқиға­лар­ды ресми тергеп-тек­серу басталды. Қазіргі уақытта дағ­дарыстың күрде­лі­лігі оған абайлап тү­сін­дірме беруді және жіті ден қоюды талап етеді. Еуропалық одақтың аталған ел­дің келешектегі саясаты туралы қо­ры­­тынды жасауына әлі ерте шығар. Шеші­мін таппаған мәселелер көп, оның ішін­де шабуылдаушылардың қайдан және кімдер екені, түпкі ойлары қандай екені түсініксіз. Билікпен жүргізілген келіс­сөздерде оқиғаларды, оның ішінде адам құқықтарының бұзылуы мәсе­ле­сін толық, ашық және тәуелсіз түрде тергеп-тексеруге шақырдық. Бейбіт наразылық білдірушілерге қыл­мыс­кер ретінде қараған дұрыс емес. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбіт шеруге қатысушылар қылмыс­тық қудалауға ұшырамауы тиіс деп мәлім­деме жасағанын атап өтеміз», деді С.Кириакидис.

Еурокомиссар қайғылы оқиғаларды тергеп-тексеру нәтижелері ашық түрде жүргізілетініне үміт білдірді. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды әлеуметтік-экономикалық рефор­маларды жүргізуге уәде берге­нін атап өтті. Сөз соңында спикер Қа­зақ­станды саяси реформалар мен де­мок­ратияландыруды жалғастыруға шақырып, осындай реформаларды еуропалықтар қолдайтынын айтты.

Франциядан сайланған депутат, «Бірегейлік және демократия» тобының мүшесі Тьерри Мариани Қазақс­тандағы ахуалдың күн тәртібіне енгі­зіл­геніне таңданыс білдірді. Де­путат бастапқыда жағымды мәселе талқы­ла­на­ды деп ойлағанын атап өтті.

«Біз Қазақстанда не болғанын нақты білмейміз. Маған дейін сөйлеген басқа спикерлер мұны баса айтты… Әйтсе де, шерушілер арасында да, қауіпсіздік күштері қатарында да қаза тапқандар көп екенін білеміз. Тәртіпсіздіктер инфляциядан туындады ма? Әлде ел ішінде іріткі салу мақсатында түрлі ұйымдарды қаржыландырған Әбілязов мырзаның Қазақстан халқын тонаған миллиардтаған доллары есебінен жасалып жатқан кезекті айла-шарғысы ма? Немесе бұл саяси шиеленістің салдары ма? Қазіргі уақытта ештеңе кесіп-пішіп айта алмаймыз. Бірақ депутаттардың көпшілігі оңды-солды айыптап жатыр. Дегенмен Қазақстанның алған асулары, оның Жаңа Жібек жолындағы басты рөлі, саяси эволюциясы назардан тыс қалғаны анық байқалады. Меніңше, Парламенттегі көпшілікті қы­зықтыратын басты мәселе осы жағ­дайды Ресейге немесе Қытайға қар­сы қолдану секілді», деді Тьерри Мариани.

Депутат наразылық кезінде әскери және қатардағы адамдар арасында зардап шегіп, құрбан болғандарға көңіл айтып, Қазақстанның экономикалық, әрі демократиялық дамуына қайта оралып, бейбітшілік орнығуын тіледі.

Нидерланд елінің өкілі, «Еуропалық консерваторлар мен реформистер» тобының мүшесі Мишель Хугевин Қазақстан – «геосаяси кермеде» тұрған ел деп мәлімдеді. Қытай мен Ресей секіл­ді елдермен шектесу оңайға соқ­пай­тынын атап өтті. Депутат Еуро­палық одақ Қазақстанның ең ірі сауда әріптесіне айналғанын жеткізді.

«Қазақстандағы орын алған оқи­ға­лар баршамызға сабақ болуы тиіс: энергия тасығыштар бағасы­ның күрт өсуі үкіметке қарсы наразылықтарға әкел­ді. Сон­дықтан стратегиялық тұр­ғыдан ойланып, ЕО мен оның аза­маттарының мүдделерін ескеруіміз керек. Энергетика саласындағы баға­ның қосымша өсуін біздің азама­т­тарымыздың қалтасы көтер­мей­ді. Еуро­па­лық одаққа Қазақс­танның тұ­рақты және сенімді ел ретінде қа­лыптасқаны керек. Осы тұрғы­дан алғанда, санкция­лар немесе Қазақстанның ішкі ісіне араласу бізге де залалын тигізеді», деді Мишель Хугевин.

«Еуропалық консерваторлар мен ре­формистер» тобының мүшесі Рышард Чарнецкий Қазақстанға 11 рет барғанын айта келіп, елдегі жағдайдан аз-кем хабары бар екенін атап өтті. «Аталған елге бірде-бір рет бармаған, орынды-орынсыз тұжырым жасайтын адамдарға сабырлық тілеймін. Ме­ніңше, әріптесімізге, Еуропалық одақтың аса маңызды серіктесі және әлемдегі ең ірі 10 елдің бірі – Қазақ­стан­ға тұрақтылық тілеуіміз керек», деді ол.

Астраханда туған германиялық депутат Сергей Лагодинский қазақ хал­қына көңіл айта отырып, елдегі нара­зылық кезінде қаза тапқандарды көргенде жүрегі қарс айырылғанына екпін берді. Сондай-ақ осы оқиғалардан кейін де үміт бар екенін атап өтті.

«Бақуатты және алып елдің Прези­денті мен үкіметі осы дағдарысты мүмкіндік ретінде пайдаланады деп үміттенемін. Билікті қолда ұстап қалу үшін емес, реформалар енгізіп, адам құқығын қорғап, сөз еркіндігіне, саяси өзгерістерге жол ашады деп сенемін. Алдағы уақытта үмітіміз қаншалықты ақталатынына куә боламыз», деді С.Лагодинский.

Болгариялық саясаткер Илхан Кючюк Қазақстанға қайғылы оқиғаның се­бе­­бін түсіндіруге уақыт беру керек деген пікір білдірді.

«Еуропалық парламент әрқашан демократиялық құндылықтарды жақ­тайды. Осы айдың басында Қазақ­с­танда орын алған қайғылы оқиға­лар­ды назардан тыс қалдыра алмаймыз. Қазақстан – Орталық Азия­да­ғы стратегиялық серіктес және біз бұл елдегі оң өзгерістерді әрқашан құп­тай­мыз. Бірақ сонымен бірге ондағы адам құқығының бұзылғанына пікір біл­діргеніміз де дұрыс. Иә, бейкүнә аза­маттар әлеуметтік-экономикалық өмірді жақсарту үшін наразылық біл­дір­ді. Бірақ бұл наразылықтар не­ліктен үшінші елдің әскери араласуына әкеліп соқтырған зорлық-зомбылыққа, анархияға ұласты деген сұрақ туындайды», деді Илхан Кючюк.

Латвиялық депутат Татьяна Ждано­ка да осыған ұқсас пікір айтып, Еу­ро­палық парламент сот кейпіне енгенін сынға алды. Оның айтуынша, Қазақ­стан­ға қатысты қарарда бірқатар мәселе бар.

«Бейбіт шерушілер мен зорлық-зомбылық көрсетіп, қылмыс жасаған­дар­ды дұрыс ажырата аламыз ба? Бірқатар халықаралық журналистің кең­­се­леріне мемлекеттік күштер ша­буыл­­дағанын айтамыз да, қазақстан­дық ірі телеарналар мен халықаралық «МИР» арнасының ғимараттарын қа­ру­лы топтың немесе дайындықтан өткен адамдардың өртеп жібергеніне көз жұма қараймыз? Бірнеше саяси тұт­қынның атын атадық, бірақ одан да маңызды істерді ұмытып жатқан жоқпыз ба? Орталық Азия аймағындағы парламенттік ынтымақтастық коми­те­ті­­нің мүшесі және осы делегация төрағасының бұрынғы орынбасары ре­тінде Қазақстанмен тиімді диалог жүр­гізуді сұраймын», деді Татьяна Жданока.