Жан баласына жақсылық жасаудан артық жүрекке жылылық ұялатар дегдар іс жоқ-ау, сірә?! Кеудеңе шәрбат құйғандай рухыңа тыныштық сыйлайтын да сол. Болмыста бар бұл қасиет бойда бұғып қалса көңіл кірлеп, ниет өзгере бастағанның белгісі бәлкім... Адамзат баласы аялдар тұсқа дейін тіршілікті арайға бөлейтін құлдырамас құндылық әлі де миллиард кеуденің тоңын жібітіп, өмірді нәрлендіре бермек.
Жақсылық жайлы айтудың өзі жанға жалау, көңілге мият. Қайырымдылық қанына сіңіп, қағидасына айналған халық ұрпағын да осы рухта тәрбиелеген. Қайсыбір қиын-қыстау кезеңдердің өзінде қасиет-қалыбынан жаңылмаған жұртымыз жығылғанға медеу, сүрінгенге демеу болғанын тарих-таразы айшықтап тұр. Қаңтардың қасіретті көріністерін еріксіз ойға оралтатын бейнежазбаларды шолып отырып, еңсеңді езетін эпизодтардан бір сәт санаңды жарық сәулеге қарай суырып алатын тағы да сол мейірімді жандардың жанкештілігі.
Қалың топтың тепкісінен бой тасалауға тырысқан әскери жігітке сырт киімін ұсынған бойжеткеннің ниеті көңіліңді тербемей көрсін. Көзін тұман торлағандарға тоқтау айтып, «ұрмаңдар» деп ұран салған жігіт ағасы мен сапта тұрған сарбазға нан-су ұсынған ақсақал адамдықтың алғаусыз көрінісі. Сол секілді сын сағатта жолдасын жолға тастамай иығына салып ауруханаға апарған курсанттың ісі ізгіліктің үздік үлгісі демей көріңіз.
Көлігімен кездейсоқ өтіп бара жатып, жолайы кездескен жаралылардың жанын аман алып қалуға атсалысқан, одан соң да бірнеше адамды ауруханаға тасыған әйелдің әрекеті шүбәсіз азаматтық. Осы тұста Мұқағали жырындағы «қанша жанның жүзіне шуақ септің?» деген жолдар адамдық биігіне шақырған өмірлік маңызды сауал екенін аңғарасыз.
Алматыдағы алашапқында көпшілікке көмек қолын созғандардың бірі – Ілияс Сариев. Дүрбелең тыйылған тұста жолдастарымен бірге жараланғандардың жағдайын біліп, мұқтаждарға ас-су таратқан тәуелсіздіктің құрдасы шағын кәсіпкер. Кәсіпкер болғанда да үйіліп-төгіліп жатқан ештеңесі жоқ. Адамға жақсылық жасау үшін кішкентай мейірім мен ниеттің өзі жеткілікті деген жігіттің жігері ризашылығыңды оятады.
– Біздің азаматтығымыз сын сағатта танылады. Президент шұғыл шешім қабылдап, халыққа «Күшіміз – бірлікте» деп үндеу тастады. Бұл сөз бәрімізге рух берді. Шынында тәуелсіздіктің қадір-қасиеті жоғары, оны құлатып алсақ бәрінен айырылатын едік. Сүйікті қаламыз тас-талқан болғанда жағдайдың ушыққанын түсіндік. Мұның бәрін экраннан көріп отырып, біз де көмегімізді тигізіп, бір адамға болса да жақсылық жасайық деген ойға келдік. «Елге көмек» қоры арқылы бұған дейін де қайырымдылық шараларына үлес қосып тұратынбыз. Достарымызбен бірге ауруханаларға барып, науқастарға рухани қолдау көрсеттік. Байыптап қарасақ олардың бәрі де өз бауырларымыз. Қаланы ретке келтірумен айналысқан көше қызметкерлеріне ыстық тамақ ұсындық. Жүздеген отбасына азық-түлік себетін үлестірдік. Мұны азаматтық борыш деп білеміз. Кешегі аталарымыз жесірі мен жетімін қаңғытпаған. Қолда барын мұқтаждарға бөліп берген. Солардың ұрпақтары біз де осы дәстүрді өлтірмеуіміз керек, – дейді І.Сариев.
Ілияспен бірге тағылымды істе табандылық танытқан Бағдаулет Құдайқұл, Естай Басекенов, Мерей Жолшы секілді азаматтарды да ерекше атауға болады. Балалы әйелдерді, қарт кісілерді тегін тасымалдаған алматылық такси жүргізушісі Жандос Әлімғожаның әрекеті де ерлікпен пара-пар. Нан тапшылығы туындағанда өз қаржысына шет аудандардан нан алып, қала тазалығы қызметкерлеріне үлестірген мейірімді жан Беделбек Таласбай да қатардағы көлік жүргізушісі. Халық ішінен шыққан осындай қарапайым қаһармандар адамгершіліктің нәзира үлгісін көрсетіп, ізгіліктің бәсін биіктетті.
Ойда жоқ ойраннан Алматыдағы қаншама тарихи нысанның зардап шеккені мәлім. Мәселен, өртке оранған қала әкімдігі ғимаратын тазалауға 150 ерікті өз еркімен үлес қосты. Олардың басым бөлігі студент жастар, арасынан мыңбояулы шаһардың зейнет жасындағы тұрғындарын да көзіміз шалды. Жүздерінен сүйікті қаласына деген аяныш пен махаббаттың, бекем бірліктің бейнесін байқадық. «13 қаңтар күні басталған тазалау жұмысына 660 адам жұмылған болса, оның 150-і еріктілер. Олар өз еркімен келді, бұл жұмыстарға қатысуға ниет білдіріп хабарласқандар негізі бұдан да көп болды. Бұл қала тұрғындарының ынтымақ-бірлігін, жақсылық жасауға бейіл тұратынын білдірді», дейді HAQ қоғамдық қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиева.
Оның айтуынша, соңғы 3 күнде бір ғана Алатау ауданында тұратын 600 мұқтаж отбасына азық-түлік себеті берілген. Себетке күнбағыс майы, кеспе, күріш, ұн, картоп, сәбіз, алма секілді өнімдер толтырылған. Жомарт жандардың көмегімен жүзеге асқан жобаға 60 волонтер жұмылды. Сол секілді жаппай тәртіпсіздіктен кейін қала көшелеріне тау-тау болып үйілген қалдықтарды тазалауға өз еркімен қол ұшын созған жігерлі жастардың ниеті не тұрады.
«Көп түкірсе көл» дегендей, қоғамдағы қордаланған мәселелердің түйінін тарқатуға қайырымдылық қорлары да қомақты үлес қосып келеді. Әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдаланған танымал азаматтар мұң-мұқтажы көп талай тағдырға араша болып жүр. Жеке қорлардың көмегімен қаншама отбасының баспана жыры байыпты шешімін табуда. Бұл ізгілікте шекара болмайтынының дәлелі.
Алматыда қайырымдылықпен үздіксіз айналысатын азаматтар аз емес. Солардың тағы бірі – жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсету дәстүрін үзбей келе жатқан Сырымбек Тауұлы. Кәсіпкер таяу күндері ғана жүз отбасына ішіне азық-түлік толтырылған жақсылық жәшігін үлестірді. Жомарт жанның бұл жобаны бірнеше жылдан бері қолға алғанын білеміз. «Қазақта «бөліссең тоқ боласың, бөлінсең жоқ боласың» деген мәні терең сөз бар. Жағдайлы азаматтар барымен бөлісіп, жоқ-жітікке қарайласса ісі де ілгері басады. Бұл жаратылыстың бұлжымас заңы. Қиын-қыстау кезде халыққа, сол арқылы мемлекетімізге көмек көрсетуіміз керек. Ең бастысы, мұны жай ғана науқаншылдыққа айналдырмай, өмірлік мақсатымыз ретінде қарасақ сауабы да мол болмақ», дейді ол.
Қайырымдылық қанат қақса қандай жақсы. Жақсылыққа негізделген әрбір істің түпкі өзегінде жақсы үміт, игі сенім, бауырмалдық пен береке бар. Жер бетінде құм түйіріндей ізгілік пен мейірім болмаса тіршілікте мән де қалмас еді. Басымызға төнген тұманды жағдай бірліктің, жақсылықтың, қайырымдылықтың бағасын бұрынғыдан да биіктетті. Жалғыз Алматыда ғана емес, өңір-өңірлерде «Халық жасағы» деген атпен жақсылыққа бастамашы болған жандардың қай-қайсысы да зор құрметке лайық. Олардың бәрін бір мақсатқа жұмылдырған тұтастық пен тілектестік һәм ұлт рухының мызғымас беріктігі. Өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тіккен қаһармандарды көпшілікке үлгі ету жақсылықтың арнасын одан сайын кеңіте бермек.