Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Нидерландтың Амстердам және Гронинген қалаларында өтіп жатқан Еуропа чемпионатын тең нәтижемен бастады. Жерлестеріміз В тобының алғашқы турында еуропалық рейтингте 8-орында тұрған Словения құрамасымен кездесті.
Жасыратыны жоқ, Қазақстан құрамасы биылғы Еуропа чемпионатының алдында бір-қатар кадрлық қиындыққа тап болды. Алғаш елдегі саяси жағдайға байланысты Украинамен жоспарланған жолдастық кездесуді өткізе алмаса, турнирге бірнеше күн қалғанда бас бапкер Кака мен негізгі құрамның бірнеше ойыншысы коронавирус жұқтырып алып, чемпионаттың алғашқы ойынына қатыса алмады. Ал жарақатына байланысты әлем біріншілігінде ұлттық құрамаға көмектесе алмаған Лео тағы да жаттығу барысында жарақат алып, екі айға қатардан шығып қалды. Сөйтіп, жерлестеріміз Нидерландқа бас бапкерсіз және бірнеше ойыншысыз аттанды.
Осы жағдайдың бәрі Словениямен болған ойында кері әсерін тигізді. Жігіттерде ойын тәжірибесі болмағандықтан матч барысында бір-бірін түсінбей, доп беру сәтінде жиі қателесті. Тіпті команда капитаны Игита да өте нашар ойын көрсетті. Алғашқы гол да қақпашының қателігінен кейін соғылды. Абырой болғанда жерлестеріміз Словения құрамасынан жеңіліп жатып, матч соңына дейін таразы басын теңестіріп үлгерді. Қорытынды есеп – 4:4. Бұл матчта Қазақстан құрамасы сапынан Жомарт Тоқаев, Біржан Оразов және Дуглас (дубль) мергендігімен көзге түсті.
Ал топтағы екінші ойында Финляндия мен Италия құрамалары кездесіп, бұл матчта да жеңімпаз команда анықталмады – 3:3. В тобының фавориті саналған «Скуадра адзурралықтар» күтпеген жерден скандинавиялықтармен ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Төрт құрама да бір-бірімен тең ойнағандықтан, турнир кестесінде әзірге Қазақстан құрамасы бірінші орында келеді. Жерлестеріміз екінші турда Финляндиямен кездеседі. Бүгінге дейін екі құрама бір-бірімен мүлде жолықпаған. Қазіргі таңда скандинавиялықтар рейтингте 13-орында тұр. Матч елорда уақытымен бүгін 01:30-да басталады.
Өзге топтағы нәтижелерге тоқталар болсақ, А тобының бірінші турында Португалия Сербиядан 4:2 есебімен басым түссе, жарыс қожайындары Нидерланд Украинаны 3:2 нәтижесімен жеңді. Ал С тобында Ресей 7:1 есебімен Словакияның тас-талқанын шығарса, Хорватия Польшаны ұтты – 3:1. D тобында Грузия Әзербайжанды 3:2 есебімен жеңіп, чемпионаттың сенсациясын тіркеді. Ал рейтингте көш бастап тұрған Испания Босния және Герцеговинаны 5:1 нәтижесімен қапы қалдырды.