• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Қаңтар, 2022

Асығыс шешім

3188 рет
көрсетілді

Қазақстанда «Қасіретті қаңтар» оқиғасына байланысты бүкіл рес­пуб­лика бойынша жарияланған төтенше жағдай аяқталмай жатып, Еу­ро­па пар­ламенті 19 қаңтар күні осы оқиғаларға қатысты қарарды тал­қы­лау­ға кірісіп кетті. Тіпті 20 қаңтар күні оны асығыс жағдайда қабылдап үл­герді.

Кейінгі 2 жыл ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен де­мо­кра­тия­лық, саяси ре­формалардың 4 бірдей топтамасын қабылдады. Нәтижесінде, қазақ қоға­мында ұзақ жылдар бойы қордаланған көптеген проблема оң шешімін тапты. Отандық заң жүйесіне бейбіт шерулерді бұрынғысынша арнайы рұқсатпен емес, тек алдын ала мағлұмдау арқылы өткізу, сая­си партияларды тіркеуге қажетті шектеулікті 40 мың адамнан 20 мыңға дейін төмендету, әйелдер мен жас­тар­ға арналған міндетті 30 па­йыз­дық квота енгізу, парламенттік оп­по­зиция институтын қалыптастыру сияқты нормативті құқықтық өзге­ріс­тер енгізілді. Бұдан басқа ауыл әкім­де­рін тікелей сайлау қолға алынып, ол өткен жылы ойдағыдай жүзеге асы­рылды.

Мәжіліс депутаттарын сайлау үшін ұзақ жылдар кедергі болып келген 7 пайыздық талап 5 п­а­йыз­ға дейін төмендетіліп, сайлау бюл­ле­теньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Өткен жылдың соңында бір топ Парламент депу­тат­ының авторлығымен «Адам құ­қы­ғы жөніндегі уәкіл туралы» Заң қабылданып, қолданысқа енгізілді. Осының бәрі небәрі 2 жыл ішінде жүзеге асырылды. Бұл аталған қысқа мерзім үшін аз жетістік емес.

Дәл қазіргі кезде отандық заң­на­маның демократиялық талапқа сай екендігі жөнінен Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ал­дында тұр десек, артық айтқандық бол­майды.

Демократия – өз құқығыңды айқай­лап талап ету ғана емес, өзгенің де құ­қығын сыйлау. «Қаңтар оқиғасы» кезінде осы талап өрескел бұзылды. Бейбіт шеруге шыққан халықты қалқан еткен ішкі және сыртқы деструктивті күштер құқық қорғау қыз­меткерлеріне оқ атып, салдарынан ха­лықтың заңды құқықтарын қорғау күзетінде тұрған қаншама азамат қаза тапты. Ауыр жарақат алып, мүгедек болған жандар, асыраушысынан айы­рылып, қара жамылған отбасылар қаншама?!

Міне, осындай бүкіл Қазақстан хал­қының қауіпсіздігі мен бос­тан­ды­ғы­на, ел тәуелсіздігіне қауіп төнген жағдайда Конституция кепілі саналатын Президент бірден-бір дұрыс шешім қабылдап, елге ұжымдық қауіпсіздік күштерін уақытша енгізді. Нәтижесінде, зор қауіптің алды алынып, арада небәрі бір апта уақыт өт­кенде бұл күштер түгелімен кері қай­тарылды.

Қазір Қазақстанның құқық қорғау органдары «Қаңтар оқиғасы» бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, бұл қанды оқиғаны ұйымдастырушылар мен жазықтыларды анықтауда. Міне, осындай заңдық шаралар басталмай жатып, Еуропа Парламенті асығыс шешімге жол беріп отыр. Өз басым Еуропарламенттің бұл қарарымен мүлдем келіспеймін.

Қазақстан 2015 жылы ғана Еуропа Парламентімен кеңейтілген әріптестік туралы келісімге қол қойып, ол тек елімізде демократиялық реформаларға кең жол ашылған 2020 жылдың 1 нау­ры­зында бекітілген болатын. Сон­да­ғы Еуропа Парламентінен біздің күт­кені­міз осы ма еді?

Дәл бұл жолы олар Қазақстанға қаны қас кейбір саяси күштердің жетегінде кетіп, солардың ықпа­лын­да­ғы депутат­тар­дың ұсыныстарымен атүсті, тіпті ұшқары шешімге барып отыр. Еу­ро­па Парламенті сияқты беделді ұжым мұндай шешім қабылдау үшін Қазақстанға келіп, оқиғадан зардап шеккен, құқығы аяққа тапталған, біреудің әкесі, біреудің ұлы қаза тапқан отбасылармен кездесіп, ой­ран­далған қалаларды өз көзімен көруі­ керек еді. Олар осындай ең қара­пайым адамгершілік, моральдық қа­ғи­даттарды аяққа басып, біржақты шешім қабылдаған.

Шешімді қабылдау кезінде сөйле­ген депутаттар Қазақстанның пози­ция­сын қолдап, әділ пікір білдірді. Франциялық депутат Тьерри Мариани Қазақстанның үнемі бейбітшіл саясат ұстанатынын, ондағы ұлтаралық, дін­аралық келісімге бағытталған сая­­сат­тың оң нәтиже беріп келе жат­қа­­нын тілге тиек етіп, ресми билік ор­ган­дарының нақты ақпаратын күту керектігін орынды алға тартты.

Тіпті германиялық депутат Мак­си­милиан Краның бейбіт шеруші деп жүргендердің мұздай қаруланған топ екендігін, ал қарулы топқа қарсы қару қолдануға болатындығын айт­қан уәждерін сыртқы күштердің ық­палында кеткен кейбір әсіреқызыл де­путаттар қаперіне алғысы келмеді.

Латвиялық депутат Татьяна Жда­нока Еуропа Парламенті депутат­та­рының судья емес екендігі, сон­дық­тан Қазақстан билігімен өзара сенім мен сыйластыққа негізделген диалог орнату керектігі жөніндегі пікірін, әншейінде саяси диалог мәдениетін ұстану керектігін алға тартатын еуродепутаттар байқағысы келмеген сыңай танытты.

Жалпы, қарарды талқылау барысында Қазақстанды, онда болған қасіретті оқиғаларды тоқтату жө­нін­дегі ресми билік қабылдаған ше­шімдердің дұрыстығын қолдап сөй­ле­гендер аз болған жоқ.

Болгариялық депутат Иво Хрис­товтың бұл оқиғаға қатысушылар арасында діни экстремистер болуы мүмкіндігі мен одан төнген қауіп туралы пікірі Орталық Азияда қалыптасқан күрделі жағдайдан мол хабар берсе де, сыңаржақ ойлар же­те­гінде кеткен депутаттар қарарды  қа­бы­лдап жіберді.

Еуропа Парламентінің бірде-бір депутаты немесе депутаттық тобынан Қазақстан тарапына дәл бүгінгі күнге дейін «Қаңтар оқиғасына» байланысты мағлұмат сұраған ешқандай өтініш келіп түскен жоқ. Ақпараттық телекоммуникация дамыған заманда бұған сенудің өзі қиын.

Әріптестік үшін екіжақты қимыл, өзара іс-әрекет, пікір алмасу болуы керек. Бұл мемлекеттер мен олардың мүдделерін жақындастырады. Қа­зақ­стан Еуропа Парламентімен ке­ңей­тілген әріптестікке қол қойғанда осыны көздеген. Өкінішке қарай, олардың асығыс, атүсті қабылдаған шешімдері бұған мүлде кереғар болып шықты. Бұл саясатын қашанда өзара сенім мен құрметке негізделген ынтымақтастыққа және адал әріп­тес­тік­ке құратын Қазақстанның Еуропа Парламентіне деген сенімін азайта түсті. Еуропалық әріптестер өз қателіктерінен тиісті қорытынды шы­ға­рады деп үміттенеміз.

Еуропарламенттің біржақты және асығыс қабылдаған қарарына қарамастан, кеше Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев атап көрсеткендей: «Қазақстан халықаралық міндет­те­мелеріне және адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы әмбебап қағидаттарға бейілдігін сақ­тайды. Біз саяси жаңғыруға негіз­дел­ген ба­ғы­тымызды ешқашан өзгерт­пей­міз. Хаос жағдайында даму, тұрақ­ты­лықты сақтау және реформалар жасау мүмкін емес. Заң мен тәртіп – тұрақтылығымыздың негізі болып қала береді», деді.

 

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенаты

Халықаралық қатынастар,

қорғаныс және қауіпсіздік

комитетінің төрағасы