Қаңтар оқиғалары кезінде қару-жарақ дүкендері тоналды. Осыған байланысты қаруды заңсыз сақтағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз дәстүрлі брифинг барысында мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
«Қаңтар айындағы оқиғалар барысында қылмыскерлер қару-жарақ дүкендерінен, құқық қорғау және арнайы органдардың ғимараттарынан атыс қаруы мен оқ-дәрілерді ұрлады. Олар заңсыз мақсаттарға пайдаланылып, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өту қажет», деді ол.
Естеріңізге сала кетейін, заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар, егер олардың әрекеттерінде өзге қылмыстар болмаса, жауапкершіліктен босатылады.
«Осыған байланысты ІІМ азаматтарды заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және арнайы құралдарды өз еркімен тапсыруға шақырады. Жазатайым оқиғалар мен жарақаттанудың алдын алу мақсатында табылған жарылғыш материалдарға және оқ-дәрілерге тиіспеуге және оларды тасымалдауға тырыспауға, бұл туралы полицияға 102 немесе 112 телефондары бойынша хабарлауды сұраймыз», деді Нұрділдә Ораз.