Хакім Абайдың 37-ші қарасөзінде: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбектік – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» деп айтылған даналықты пікіріне қайраттанасың әрі азаптанасың.
«Қасіретті қаңтардың» себептерін түсіндірген Президент 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Анығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі», «бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар», «Қазақстанға шабуыл жоспары әртүрлі аспектілерді қамтыды: әскери, саяси, идеологиялық, жалған ақпараттандыру және тағы басқалар», дейді.
Негізінде, мемлекеттің мықты болмағы елдің қорғаныс қабілеті мен әлеуетіне, тәуелсіздік, тіл, дін, ұлттық сана және де құқықтық-конституциялық құжатына, бабалар дәстүріне байланысты. Президенттің басты мақсаты – осы құндылықтарды қорғау, бастамашылық таныту.
Задында, бұрынғыша масылдық көзқараспен митыңдап жұмыс істейтіндерді аластап, қаһармандықпен, ұлтжандылықпен, ой-пікірі озық, тәжірибесі, білігі, кәсібилігі жоғары, озат, ар-ожданы, пейілі, рухы таза, еңбегі нақты көрсеткішке, нәтижеге, шынайы өнімге, сапаға ие, бюрократиядан ада, ел мен жерді кие, аманат тұтатын шыншылдарды билік басына отырғызған абзал. Мемлекет басшысы: «Мемлекеттік басқару саласы кешенді реформалауды қажет етеді. Кадрлық әлеуеттің төмендігін, формализмді, жемқорлықты және кадр тұрақтамауын мойындау керек. Сондықтан халықтың билік институттарына сенімі төмен» деп, қадап айтты. Әлбетте, билік тұтқасындағы әрбір жетекшінің интеллектуалдық-шығармашылық, рухани әлеуеті, ұстанымы, шешімпаздығы, тәуекелшілдігі, отаншылдығы, жауапкершілігі жоғары болғаны және оның табиғатында жақсы ой ойлау, жақсы сөз сөйлеу, жақсы іс істеу сынды қасиеттер табылғаны құба-құп болар еді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Халықты қаңсылату – обал, халықты зар жылату – мейірімсіздік, халықты тамақ үшін сату – иттік» дейтін тағылымды көсем ойы үнемі теріс жолдан, халық қарғысынан сақтандыратын кемел кеңес немесе Күлтегіннің «Жер-су иесіз болмауы керек», «Түркінің қасиетті жер-суының қарғысына қалма!», иә болмаса Тоныкөктің «Халқыңды ашындырма!» дейтін тұжырым-қағидалары билік пен халықтың тұтастығын сақтауға үндейді.
Бұдан былай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, мемлекеттік шекараны бекемдеу, ұлттық қауіпсіздікті сақтау, ішкі көші-қонды реттеу, жаңа экономикалық құрылымды қалыптастыру, ішкі саясатта халықтың әл-ауқатын, өмірін, тұрмысын жақсарту, әлеуметтік теңсіздік пен бюрократияны тізгіндеу, жұмыссыздықты азайту – басты мақсат.
Келешектің тұлғасы – елдің жарқын, сәулетті болашағын айқындайды. Ұлтымыздың рухани құндылықтары қазақ баласының құс баласындай самғап, шарықтап, саңқылдап, тұйғындай түлеуіне қызмет ететін-ді. Айбарлы, айдарлы, жайдарман, маңдайлы болсын деп уыз тілек тілеуші еді ғой. Көшелі бабаларымыз сәбиді бесікке бөлерде: «Балам қырандай алғыр болсын» деп, бүркіттің тұяғын бесікке байлаушы еді. «Жаужүрек батыр болсын» деп, бесіктің екі жағынан қылыш жарқылдатады екен, «Тақымынан тұлпар кетпесін, бәйге бермес шабандоз болсын» деп, қамшы үйіреді екен. Неткен көркемдік әсерлілік! Неткен алтын үміт!
Дүние әп-сәтте шыр айналды. Қазақ елі дағдарысқа душар болды. Алланың көзі дұрыс екен, аман қалдық апаттан. Енді не істеу керек?
Қазақтың тағдырына жауапты атқамінерлер, көш бастаушылар, Ұлы даланың ұшан-теңіз өлшеусіз игіліктерін мұқият сақтамайынша, ыждаһатпен көбейтіп-көркейтіп, төкпей-шашпай пайдаланбайынша, елдіктің, мемлекеттіліктің ардақты асыл қасиеттерін толық гүлдендірмейінше, «адамгершілік қарым-қатынас ғылымын» (Элеонора Рузвельт) өркендетпейінше, билікке халық, халыққа билік тұғырлы тірек болмайынша, қоғамның жаңаруына лайықты күрделі мінсіз, шынайы шешімдер қабылданбайынша, әділдік, ізгілік, мейірімділік, көркем іс қанатын кеңге, тереңге жаймайынша, тәуекелшілікті, бастамашылдықты, құндылықты, инновацияны серік етпейінше, елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмейінше, бейбітшілік, молшылық, тоқшылық болмайынша, «байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздемейінше», «ақылды сөзді ақылды іс қылмайынша (Әлихан Бөкейхан) күңіренген елсізге ел қондырмайынша халық ісі, ұлт намысы мен жұмысы» алға аршындап басу мүмкін емес. Сондықтан да Міржақып Дулатовша айтсақ, «Оян, қазақ!» дейміз.