Nur Otan партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып белгілі қоғам қайраткері және меценат Бекзат Алтынбеков тағайындалды, деп жазады Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа басшыны филиал төрағасы, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек саяси кеңестің кеңейтілген отырысында таныстырды.
Бекзат Қомарұлы Алтынбеков 1973 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келді. Еңбек жолын бұқаралық ақпарат құралдары саласында бастаған: «Арқа еңбеккері» газетінің тілшісі, Ақтоғай аудандық радиостансасының тележүргізушісі болды. Сонымен қатар ол ұзақ жылдар бойы білім беру саласында басшылық қызметтерді атқарған.
Қатарынан екі рет Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. Қазіргі уақытта Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.
Тарих ғылымдарының кандидаты. Білім беру ісінің құрметті қызметкері. «Алтын жүрек» Ұлттық сыйлығының лауреаты.
Nur Otan партиясының қатарында Бекзат Алтынбеков 2007 жылдың маусым айынан бері тіркелген.
Осы қызметті тоғыз жыл бойы атқарған Қадиша Оспанова облыстық мәслихатқа жұмысқа ауысты. Ол әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы болып сайланды.