• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қаңтар, 2022

Жетім көрсең, жебей жүр

846 рет
көрсетілді

Қостанайда ата-ана қамқорлығынан айырылған және жетімдер санатына жататын 2 мыңнан астам бала баспана кезегінде тұр. Бала дейміз-ау, кезінде кезекке бала болып тіркелген мұқтаждардың алды бүгінде отыздан асып кеткен. Мұның сыртында, үй кезегінде тұрған І және ІІ топтағы 795 мүгедек тағы бар. Олардың біразы мемлекеттен алатын азын-аулақ жәрдемақының көбін өздері жалдап отырған пәтердің айлық ақысына жұмсайды. Бұлар да жетім. Көп ішінде жоқтықпен, жалғыздықпен бетпе-бет қалып, тұрмыс пен денсаулықтың тауқыметін қатар тартып, шарасыздықтың шырмауынан шыға алмай отырған әлеуметтік жетімдер. Көбі жасық, момын, біртоға тіршілік етіп жатқан артық әңгімесі жоқ бұйығы жандар. Олардың жалдамалы пәтердің ішіндегі жалдамалы жастыққа төгілген ыстық көз жасын суық қабырғаның сыртындағы көпшілік сезіне алмайды.

Алексей

Қостанай облыстық балалар үйінің түлегі Алексей Климкович 2011 жылы 334-ші болып үй кезегіне тіркелген. Содан бері, міне, табандап жылжып 11 жыл өтті, қазір 192-ші орында тұр. Қостанайда жылына 5 жетім пәтерлі болды дегеннің өзінде, бұл азамат 2060 жылы, яғни 67 жасында ғана баспана бақытын сезіне алады екен.

Алексейдің әңгімесін түсіну қиын. Үстіңгі ерні мұрнымен бітісіп туған қоянжырығы бар баланың тілі ота жасағаннан кейін дұрыс дамымай қалған. Ақылы түзу, ойы сергек болғанымен, мұрнымен сөйлейді. Соның кесірінен бір жерге байыз тауып жұмыс істеп, тұрақтай алмай жүр. Соңғы рет «Светофор» сауда орталығында жүк түсіруші болып істеп жүрген жерінен әріптестері сөзін түсінбегендіктен басшылыққа шағымданып, жұмыстан шығартыпты. Көпшіліктен қағажу көрген жадау жан нанды қарызға алғанын айтып келген соң, жұмыс іздеп облыстық жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­­қар­масына бардық. Бізді жылы қа­был­­даған басқарма басшысының орынбасары Аида Төлендіқызы А.Климковичке алдымен қалалық жұ­мыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелу керектігін, ондағы мамандар содан кейін ғана лайықты жұмыс тауып бере алатынын айтты. Бірден орталық директорына қоңырау шалып, ол кісіден бізді кезексіз қабылдауын сұрады. Жақсы адамға алғысымызды айтып, жұмыспен қамту орталығына келсек, директор күтіп отыр екен. Алексейді дереу тізімге тіркетіп, айналасы жар­ты сағаттың ішінде жұмыс та­уып берді.

Мамандарының айтуынша, Қос­танай­дың өзінде бос жұмыс орнын­дары көп. Тіпті жұмысшы сұрап күн сайын қоңырау шалатын кәсіпорындар бар. Бірақ жұмыссыз қалғандардың көбі орталыққа келіп тіркелуді біл­мейді.

– Былтыр бізге балалар үйінде тәрбиеленген 12 бала келіп көмек сұрады. 9 балаға тұрақты жұмыс тауып бердік, үшеуі уақытша жұмыс істеп жүр. Сондай-ақ 2021 жылы мүмкіндігі шектеулі 180 адам жұмыс сұрап келген. Олардың 146-сы біздің ұсынысымызды қабыл алып, жұмысқа орналасты. Қазір 113 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр, қалған 33-і уа­қытша жұмыс орындарында еңбек етіп жүр, – деді қала тұрғындарын жұмыспен қамту орталығының басшысы Надежда Костенюк.

Алексей Климкович түстен ке­йін өзі жалдап тұрып жатқан үй­дің маңайындағы колледжге аула тазалаушы болып жұмысқа орналас­ты. Айтуынша, айлығы 80 мың теңге, қолына тиетіні – 70 мың.

– Былтыр Мария есімді қызға үйлендім. Әйелімнің ІІ топтағы мүгедектігі бар. Екі аяғының сіңірі қысқа, өздігінен тұра алмайды, арбаға таңылып отыр. Жер үйдің бір бөлмесін жалдап отырмыз. Ыстық суы жоқ. Дәретханасы сыртта болғандықтан, әйеліме биотуалет сатып алдым. Әйелім қабырғаға сүйеніп аздап жүре алады. Тамақты өзі пісіреді, кірді де жуады. Ас ішетін, әйелімді көтеріп дәретке отырғызатын, ұйықтайтын жеріміз де – сол қуықтай ғана бір бөлме. Жұмыстан шығарып жіберген соң, жағдайымыз тіпті қиындап кетті. Мария мемлекеттен 57 мың теңге жәрдемақы алады. Оның 40 мыңын пәтерақыға береміз. Қалғаны шайлығымызға жетпейді. Тамыр-таныстың бәріне қарызданып біттік. Өз үйіміз болса деп армандаймыз. Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет әрбір адамға назар аудару қажет деді, «Қазақстан халқына» деген қор ашып, біз сияқты мұқтаждарға көмек көрсетіледі деген жақсы сөздерді естіп-біліп отырмыз. Осыдан кейін үмітіміз қайта оянғандай болды, – деді Алексей Климкович.

 Мұхтар

Не қарайласатын жанашыр аға­йын-туысы жоқ, не қасында бұ­рын­ғыдай қамқоршы, тәрбиешісі жоқ жанның бірі – Мұхтар Нұрқанов. Алты жасында әкесі жол апатынан қаза тауып, ішкілікке салынып кеткен анасынан тірідей айырылған соң, Қостанайдағы №2 балалар үйінде тәрбиеленген. Бесіктен белі шықпай жатып жетімдіктің тақсіретін тартқан азамат үй кезегіне осыдан 11 жыл бұрын тұрғанымен, әлі күнге дейін баспанасыз жүр.

Мұхтар анау-мынау қиыншылыққа мойып, салы суға кететін жасық жан­дардың қатарынан емес. Барынша тырбанып тіршілік етіп, адал еңбек етіп жүр. 2008 жылы жұмыспен қамту орталығы арқылы орталық саябаққа әмбебап жұмысшы болып орналас­ты. 2011 жылдан бері қаладағы жол мекемесінде көше күтуші болып еңбек етеді. Бүгінде біреудің босағасын паналап жүрген жетім жігіт үй иесі аяқ астынан пәтер ақысын көтеріп жіберсе, далада қалам ба деп уайымдайды.

– Ең үлкен арманым да, күні-түні ойлайтыным да – бір-ақ нәрсе. Өз үйің бар екенін сезінуден артық бақыт жоқ сияқты. 97 мың теңге айлық аламын. Ақшам қолыма тие салысымен, пәтерақыны төлеп тастаймын. 2011 жылы жетімдер санатында 3 169-шы болып үй кезегіне тіркеліп едім, қазір 306-шы орында тұрмын. 11 жыл бойы созылып келе жатқан кезектің нәтижесі – осы. Үй кезегі осы қарқынмен жылжитын болса, алдағы онжылдықта пәтер алмайтыным анық. Биыл 32-ге толдым. Менің де үйленіп, отбасын құрып, бала-шағалы болғым келеді. Бірақ ертеңгі күнге сенім аз. Жақында баспасөз бетінен Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде пәтер жалдап жүрген баспанасыздарға айтарлықтай же­ңілдік жасалатынын, енді пәтерді жалдау құнының жартысын мемлекет төлей­тінін оқыдым. Біз сияқтыларға бұл да үлкен көмек болар еді. Ең бас­тысы, алдағы уақытта мемлекет ке­мінде 10 жыл пәтер кезегінде тұр­ған жетімдердің баспаналы болуы­­на шындап назар аударады деген үміттемін, – деді Мұхтар Нұрқанов.

 Ирина

І топтағы мүмкіндігі шектеулі Ирина сирек кездесетін гемодиа­лиз дер­тімен ауырады. Екі бала тәр­бие­леп отыр­ған жалғыз басты ана жеті жылдан бері пәтер жалдап тұрып жатыр. Ай сайын алатын жәрдемақысы жет­пейтін болған соң, біраз жылдан бері дүкенде сатушы болып жұмыс істеп жүр.

– Мемлекет мүгедектерге бастапқы жарнасыз ипотека беру жағын қарас­тыр­са екен. Бастапқы жарнаны біз қанша тырыссақ та, жинай алмаймыз. Мемлекеттен 86 мың теңге зейнетақы аламын. Таңғалатыным, банктер осы 86 мыңды табыс деп санайды. Қан қысымын түсіретін дәріні тегін аламын, ал ең қажет деген қымбат дәрілерді ақшаға сатып алуға тура келеді. Оған айына кем дегенде 20-30 мың теңге кетеді. Мұның сыртында балаларға да дәрі сатып алу керек. Қазір сау адамның өзі дәріге біраз ақша шығындайды. Үлкенім 11-сыныпта оқиды, бой жетіп қалды. Кенжем – 7 жаста. Оларды киім мен тамақтан тарықтырмау үшін сүл­дерімді сүйретіп дүкенге барып жұ­мыс істеуге мәжбүрмін, – деді екі баланың анасы.

 Күтуге тура келеді

Қалалық әкімдіктің тұрғын үй қа­ты­настары бөлімінің сектор мең­ге­ру­ші­сі Азамат Иманбаевтың айтуынша, Қостанайда соңғы төрт жыл ішінде әлеуметтік әлсіз топ­тар­ға жататын 744 адамға пәтер беріл­ген. Олардың басым көпшілігі – көпбалалалы аналар. Одан кейінгі орында кемтар бала тәрбиелеп отырған толық емес отбасылар, мүгедектер, зейнеткерлер мен қандастар бар. Ал жетімдер мен ата-ана қамқорлығынан қағылған бала­лар­дың 20 пайызы ғана баспаналы болған.

– Былтыр жетім және асыраушысынан айырылған балаларға 40 пәтер берілді, биыл бұдан сәл аздау бөлінейін деп отыр. Бәрі пайдалануға берілетін жаңа үйлердің санына бай­ланысты реттеледі. Қазір үй ке­зе­гінде тұрған көпбалалы аналар дербес әлеуметтік топ болып саналады, сондықтан олар пәтерге жылдам қол жеткізеді. Ал кемтар бала тәрбиелеп отырған толық емес отбасылар, мүгедектер, зейнеткерлер, қандастар мен жетімдердің бәрі бір ғана әлеуметтік топтың аясында қа­рас­тырылады. Сондықтан олар пәтер кезегін ұзақ күтеді. Қобыланды батыр даңғылында бір жатақхананың екі қабатын жалға алып, мұқтаж жандарды паналатып отырмыз, бірақ ол жерде қазір орын жоқ, – деді А.Иманбаев.

 

Қостанай облысы