Дәл осы Төтенше жағдайлар департаментінде темірдей тәртіп орнаған деп ойлайтынбыз. Қызметтері адам өмірімен, тілсіз жаумен тікелей байланысты болған соң, өрт сөндірушілер, құтқарушылар керек-жарақтарымен толық қамтылғандай көрінетін. «Бақсам, бақа екен» демекші, бұл департаментте заңды белден басып отырған басшылар бар сияқты. Ол туралы өрт сөндіру бөлімдерінің мамандары ашып айтып берді. Пікір білдірген қызметкерлердің бірі қысым көріп, жұмыстан шығып кетсе, енді бірі шындық іздеп, шырылдап жүр, сотқа арызданған. Түсінгеніміз, бұл екі азаматтың ғана емес, мұқым өрт сөндіру бөлімдерінің проблемасы ма деп қалдық.
Әлеуметтік желіге әлем телмірген заманда дөп жазылған бір пікірдің өзі білдей басшының тағын шайқап жіберуі әбден мүмкін. Керісінше, пікір иесін ит қосып жұмыстан қуып шығуы да қазіргі заманның көрінісі.
Катонқарағай №27 өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп жүрген азаматтық қорғау аға сержанты, өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізушісі Азат Можанов былтыр Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің инстаграм желісіндегі парақшасына өзінің жеке пікірін жазған соң жұмыстан шығып кетуге мәжбүр болған. Арызды өз еркімен жазды деген аты ғана... Жұмыстан шығатындай не жазды дейміз ғой. Әлбетте, жеке басындағы мәселені айтпаған. Ашынғаннан жазылған пікір еді: «Райондағы өрт сөндіру бөлімінде тұрған техникамен халықтың көзіне көрінуге ұят. Үстеріне киіп жүрген форманы өз ақшаларына алып, техникаларды өз қалталарынан ақша жинап жөндеп жүр. Ал сіздерге атақ болса, болғаны ма? Елім, жерім деп, күйіп жүрген бір офицер жоқ» деп бір тоқтайды да «райондарға неге жаңа техника бермейді, соғыстан қалған шірік техникалармен әлі жүр. Әлде показуха сіздер үшін маңызды ма?» деп, жасырынбай, жасқанбай бар мәселені жайып салған. Жұмыстан шығып қалуына себеп болған соңғы тамшы осы еді. Әйтпесе, ол бұған дейін де бірқатар проблеманы қозғаған.
Қазына қаржысы қайда?
– Бұл әлеуметтік желідегі пікірлерге бола басталған қудалау емес. Ұшы әріде жатыр. 2019 жылдары өрт сөндіру бөліміміз мүлдем қараусыз қалды. Жылу жоқ, техника әбден тозған... Мүшкіл күйге түскенбіз. Тіпті өрт сөндіруге бару мүмкін болмай қалған. Жоғарғы жақтағылар жергілікті бастықты қысып, өздерің ретке келтіріңдер деген. Өрт сөндіру қызметкерлері жылдар бойы ақша жинап, көлік тетіктерін өздері ауыстырып келді. Ақша жинау әбден мезі еткен соң бейне үндеу жасап, Әміре Фархат Сәкенұлы деген бастыққа жібердім. Қыстың күні жылусыз отырғанбыз. Бір аптадан соң комиссия келіп, уәде етті. Екі аптадан соң 6 тонналық «Урал» өрт сөндіру көлігін берді. Жылу жүйесі ретке келтірілді. Содан бастап, бастықтар соңыма майшам алып түсті, – дейді өрт сөндіру бөлімінде қызмет еткен Азат Можанов.
Алайда екі-үш жыл бұрын берген «Урал» көлігінің артқы «мосты» істен шыққан. Тегі, ескі көліктердің бірі болса керек...
– Сынған «мостты» шешіп, департаментке жібердік. Бірақ басшылық бізге «сатып жібердіңдер» деп жала жауып, 300 мың теңгеге «мост» сатып алуға мәжбүрледі. Амалсыздан алдық. Алмасақ, бөлім басшысының жұмыстан шығатынын ескерткен, – деп Катонқарағай ауылындағы №27 өрт сөндіру бөліміндегі мәселелерді бүкпесіз әңгімеледі А.Можанов.
Сөздері дәлелді болуы үшін фотокамераға түсіріп алған бейнежазбаларын, фотосуреттерін де көрсетті. Автобөлшек сататын дүкендерде арнайы өрт сөндірушілердің қарызын жазып қойған дәптерге дейін бар екен. Сонда деймін, мемлекеттік мекемелерге қазынадан қаржы бөлінбей ме? Бөлінген жағдайда, техникаларды жөндеу үшін өрт сөндіру қызметкерлері неге ақшаны қалтадан шығарады? Тізе берсек, сұрақ көп.
– Осы жолы Катонқарағай ауылында зейнеткер Елдос Байғонысовтың үйі өртенді. Шағын үйден шыққан өртті техникалық ақауға байланысты сөндіре алмадық. Себебі өрт сөндіру көлігі өздігінен су сора алмайды. Мотопомпамен сору дегенің – уақыт. «Қысқа жіп күрмеуге келмейді» деген осы да. Ертесі инстаграмды ашсам, ТЖД парақшасында су жаңа техникаларымен мақтанып, жазба қалдырыпты. Аудандағы ескі-құсқы көліктер туралы сөз жоқ. Содан, азаматтық пікірімді жазып жібердім. Ертесі комиссия келіп, қызметтік этиканы бұздың деп айыптады. «Өз еркіммен жұмыстан шығамын деп арыз жазып қой. Біз сені қорғап қалуға тырысамыз. Өйткені бастық шығарамын десе, осы арызбен бапсыз шығасың» деп алдап, арыз жазғызды. Қызметтік тергеу де дұрыс жүрмейді. Ақша туралы мәселе айтпаңдар деген. Келген комиссия мені тексеру үшін ғана келіп жүрді. Бірақ тапсыр деген нормативтерін тапсырып, өзіме жүктелген міндеттерді мүлтіксіз атқардым. Жанға батқаны сол ғана, техникаларымыз өртке жете алмайтыны. Балабақша, мектептен өрт шықса, не болады, білмеймін. Басшылық болса, шындықты айтқан қызметкерлерді қудалауды ғана біледі, – деді жұмыстан шығып қалған Азат Можанов.
Айтқандай, Катонқарағай ауылындағы №27 өрт сөндіру бөлімінде тұрған үш өрт сөндіру машинасы өздігінен су сора алмайды. Сорғылары жұмыс істесе, екі-үш минутта төрт-бес тонна су толтырып алар еді. Өкініштісі, өрт сөндірушілер мотопомпа құрып жүріп уақыт жоғалтады. Ал тілсіз жау жалмаған кезде, әр секунд қымбат. 1977, 1980, 1990 жылдары шыққан техникалардың қаусап тұрғаны сондай, цистерналарына дейін шіріген. Дәнекерлеуге жарамайды. Аталған бөлімнің қызметкерлері өздері ақша жинап, 150-200 мың теңгеге екі цистерна сатып алғандарын да айтып қалды. Демек, мемлекеттен қаржының бөлінбегені ме? Бөлінсе, мақсатсыз жұмсалды ма? Бұл сауалдарды ресми түрде Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Е.С.Нұрпеиісовке жолдадық.
Олардың берген жауабына сүйенсек, қосалқы бөлшектерді алу мемлекеттік сатып алу жоспарына сәйкес Төтенше жағдайлар министрлігі бөлетін қаражат есебінен жүзеге асырылады екен. ТЖД департаменті бастығының орынбасары Д.Титовтың берген мәліметінше, өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы есебінен қосалқы бөлшектерді сатып алу туралы ақпарат түспепті. Қосалқы бөлшектерді сатып алу «Мемлекеттік сатып алу» порталы арқылы жүзеге асырылады және қажеттілік бойынша бөлімше басшысының баянатымен рұқсат қағазы негізінде беріледі.
ТЖД департаменті берген жауаптарға қарасақ, жұмыстардың барлығы заң жүзінде. Түсінгеніміз, қажет болса, автобөлшектерге мемлекет тарапынан қаржы бөлінетін сияқты. Ал түсінбегеніміз, №27 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерін ақша жинауға неге мәжбүрлеген? Егер бір бөлімнің өрт сөндірушілері ақша жинайтын болса, басқа бөлімдер де осы әдіспен техникаларын жөндеп жүрген жоқ па? Иә, тұманды, күмәнді сауалдар көп. Қажет болса, құзырлы органдар тексеріп, ақ-қарасын анықтайтын шығар. Алайда ТЖД департаментін сотқа берген Азат Можановтың сөзіне сүйенсек, судья да заңды белден басып, шешім шығарып жүр. «Ет сасыса, тұз себесің – тұз сасыса не себесіңнің» кебі болып жүрмесе болғаны...
Қызметтен не себепті төмендеткен?
Қызметкерлерді қудалау секілді әрекеттер Катонқарағайда ғана емес, Риддер қаласындағы өрт сөндіру бөлімдерінің бірінде де бар секілді. Естеріңізде болса, өткен жылдың 10 мамырында Риддер орманынан өрт шығып, отыздан астам тұрғын үйді жалын шарпыған. Болары болып, бояуы сіңген соң әдеттегідей кінәлілерді анықтады, шара қолданылды. Бұл жолы орманнан шыққан өртке тікелей қатысы жоқ №14 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Бақытбек Шылай қызметінен төмендетілген. 2019 жылы «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған оның қызметіне тергеу жүргізіліп, тәртіптік комиссия функционалдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін лауазымынан төмендетіпті.
Басшылықтың бұл әрекетіне үзілді-кесілді қарсы болған Бақытбек Шылай әділдік іздеп, Президентке хат жолдаған, сотқа арызданған.
– Риддердегі үлкен өрт сыныққа сылтау болды. Оған дейін де жала жабылған. Он рет тексеру жүргізіп, жұмысымнан кінәрат таппаған. Ал Риддердегі өрт қаладағы бөлімшеге қарайды. Тек сол күні төтенше жағдай басқармасы бойынша жауапты болып, кезекшілікке түстім. Оның алдында да тәулік бойы кезекшілікте болғанмын. Содан «сен ақпарат берген жоқсың» деп жала жапты. Менің ақпарат бергенім дәлелденді. Сот шешімі бес күн ішінде шығады деген. Ал ТЖД басшылығы екі күн болмай жатып «Бақытбек Шылайды жеңдік» деп тойлаған. Қазіргі уақытта карауыл басшысы етіп, екі сатыға түсіріп тастады. Кезекшілікке түскен күндері үш ретке дейін тексеру жібереді. Енді медициналық комиссиядан өтуім керектігін айтып, қудалап жатыр. Анада облыстық «ТЖД ӨС және АҚЖҚ ММ» бастығының орынбасары Болат Самарханұлы Нұрдыбаев шақырып алып, «мына қызметтен кетсеңші» деген. Менің қандай кінәм бар?! Ең бастысы, өз міндетімді атқардым. Риддердегі өртте жауапты басқа маман болса да, тілсіз жаудың тұрғындарға қауіп төндіргенін мен хабарладым. Айналып келіп, таяқтың ұшы маған тиді, – деп әділетсіздіктің орын алғанын айтты Бақытбек Шылай.
– Тағы бірде кадр бөлімінің басшысы Дамир Битешов хабарласып, «қарауыл басшысы бол» деді. Қысқасы, жоғарғы бастықтар орынды босатсын депті. Ал өздері туыс-туғандарын жинап, тамыр жайып алған. Қыл аяғы, «өрт болғанда, ақпарат берген жоқ» деп мені қызметтен төмендетті. Негізгі қателік, қарауыл басшысы Ю.Карабениковтен кеткен еді. Ол «ашық жерде құрғақ шөп жанып жатыр» деп жаңсақ ақпарат берген. Комиссия оның қателігінен хабардар. Бірақ Ю.Карабеников қатаң ескерту алып, мен қызметтен төмендедім. Ол аз десеңіз, мені жақтағандардың да қызметі төмендеді. Себебі облыстық ТЖД бастығы Е.Нұрпеиісовке мен ұнамаймын. Тағы бірде жала жапқандарын айтса кетсем, былтыр 31 мамырда Риддердегі дүкендердің бірінен өрт шықты. Қалалық өрт сөндіру бөлімінің аумағынан шыққан өрт 3 дәрежелі қауіптілігі бар нысанға жатпайды. Оны айтып отырғаным, «3-дәрежелі өрт болып жатыр, сен неге бармайсың?» деп Б.Нұрдыбаев хабарласты. Бардым. Біздің бөлімнің диспетчерлеріне ешкім хабарламаған. 1-МӨСБ бастығы (бүгінде орынбасарлық қызметке түсіп қалған) Ерікжан Дәлібаев ауқымы үлкен болып кете ме деп үшінші дәрежелі деп айтып жіберген екен. Ал ондай жағдайда басшылар, офицерлер бәрі келуі керек. Қалай дегенмен, 3-дәрежеге жатпайды. Өрт өшірілді. Мені тергеді, қудалады тағы. Ақыры қызметтен төмендетіп тынды. Мұнда «біреуді қалай құртсам, қалай ақша тапсам?» деген оймен отырған басшылар мемлекеттік қызметтің сиқын кетіріп отыр, – дейді осы уақытқа дейін мінсіз қызмет атқарып келген өрт сөндіру бөлімінің майоры Бақытбек Шылай.
Сөз соңында бұл мақала шыққан соң мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз назарына алмаса, шындықтың тұншығып, қудалаудың күшейетінін тағы бір мәрте еске салды. Оның үстіне Мемлекет басшысы жемқорлықпен күресті күшейте түсу керектігін айтқан. Әрине, проблема көтеріп отырған Азат Можанов пен Бақытбек Шылайда «жұмыссыз қалсам, отбасымды қалай асыраймын» деген қорқыныш та бар. Бес бала тәрбиелеп отырған Бақытбектің басқа жұмысқа ауысып кетуі де оңай емес. Қалай болғанда да, «Жаңа Қазақстанда» бір жақсылықтың боларына сенім білдіріп отыр олар. Біз болсақ, болып жатқан жағдайды баяндадық.
Шығыс Қазақстан облысы