Алматы-Талғар тас жолында Toyota Prado жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Honda Stream көлігімен соқтығысып, нәтижесінде бір адам қайтыс болды. Бұл туралы Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Honda Stream жүргізушісі мен жолаушысы Алматы облыстық ауруханасына жеткізілді. Алайда 20 жастағы жолаушы алған жарақаттарынан көз жұмды. Toyota Prado жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен», делінген хабарламада.
Полицейлер жол талғамайтын көлікті ішкі істер органының қызметкері басқарғанын анықтады.
«Осы факті бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, облыстық ПД тәртіптік комиссиясының шешімімен қызметтік беделге нұқсан келтіргені үшін ішкі істер органдары қызметінен босатылды. Оқиғаны объективті зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде», деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.