• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қаңтар, 2022

Атырауда бірқатар шенеунік жазаланды

305 рет
көрсетілді

Атырауда Әдеп жөніндегі кеңес отырысында бірнеше шенеунікке қатысты тәртіптік істер қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Махамбет ауданы әкімі аппаратының басшысы бұрын қолданылған тәртіптік жазаға қарамастан, өзінің еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде қызметтік автокөлікті пайдалана отырып, заңнама талаптарын бұзды. Осыған байланысты Әдеп жөніндегі кеңес атқаратын мемлекеттік лауазымынан босату туралы ұсыныс енгізді», делінген әкімдік баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ, Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының басшысына қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Кеңестің пікірінше, ол ұжым ішінде іскерлік әрі достық қарым-қатынас орната алмады.

Жазаны Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы да алды. Шенеунік қызметкерлерге дөрекілік танытты. Кеңес ескерту түрінде тәртіптік жаза қолдану туралы шешім шығарды.

«Сондай-ақ, Индер ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларының тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын негізсіз алып тастауына және Есбол ауылдық округі әкіміне 656 609 теңге мөлшерінде заңсыз сыйақы беруіне байланысты Әдеп жөніндегі Кеңестің шешімімен сыйлықақыны мемлекет бюджетіне қайтару туралы шараларды жүзеге асыру туралы ұсыныс енгізілді», делінген хабарламада.