ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Германияның ірі компанияларының басшыларымен онлайн-кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараның күн тәртібінде Қазақстан-Герман сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын тереңдетуге, «жасыл экономиканы» дамытуға, бірлескен жобаларды іске асыруға, сондай-ақ неміс инвесторларының құқықтарын қорғау шаралары талқыланды.
Онлайн-кездесуге Қазақстандағы неміс компаниялары мен филиалдардың 90 өкілі қатысты, олардың ішінде CLAAS, Svevind Group, Volkswagen, Siemens, Deutsche Bank, Knauf, Deutsche Bahn AG және басқалары бар.
Өз сөзінде Роман Скляр Германиядан келген серіктестерді Қазақстандағы ағымдағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен ҚР Үкіметінің тұрақты экономикалық өсуді, қоғамдық әл-ауқат пен инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралары туралы хабардар етті.
Ол шетелдік серіктестермен ынтымақтастықтың Қазақстан үшін ерекше мәні бар екенін атап өтіп, германиялық әріптестеріне Қазақстанның инвесторлар мен бизнес алдындағы барлық міндеттемелері мен кепілдіктері қатаң сақталып, толық көлемде орындалатынына сендірді.
Герман бизнесінің өкілдеріне ESG талаптарын күшейту, жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу жағдайында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу туралы хабардар етілді.
Германия экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы О. Гермес аймақтағы ГФР-дың бас серіктесі Қазақстанмен ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ел тұрақты энергия өндіру үшін үлкен әлеуетке ие.
Осы тұрғыда ол германиялық іскер топтар Қазақстан Президентінің бастамаларын қолдайтынын және елдің дамуына өз үлестерін қосатынын жеткезді. Сондай-ақ, О.Гермес осы жылдың мамыр айында неміс бизнес-делегациясының басшылығымен Қазақстанға іскерлік сапар жасау ниеті туралы хабарлады.
Герман бизнесінің өкілдері соңғы оқиғалар Қазақстандағы компаниялардың инвестициялық жоспарларына әсер етпегенін атап өтіп, инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында жүргізіліп жатқан саясатқа қолдау білдірді.
Елші М.Иверсен, сондай-ақ CLAAS, Deutsche Bahn және Svevind Energy компанияларының басшылығы да Президенттің ахуалды тұрақтандыру жөніндегі шараларына қолдау білдіріп, бірлескен жобаларды іске асыру бойынша Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді.
Онлайн-кездесу барысында «сұрақ-жауап» форматында пікірталас өтті, онда қатысушылар практикалық мәселелердің іске асырылу барысын егжей-тегжейлі талқылады.