Білім саласындағы аса маңызды міндеттің бірі – ауыл мектептерінің сапасын көтеру. Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назарда ұстап отыр. Осы орайда өткен жылдың соңында Дүниежүзілік салыстырмалы білім беру қоғамдары кеңесінің (WCCES) журналында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайыновтың «Оқушылардың білім сапасын арттырудағы ішкі резервтің рөлі» атты мақаласы жарияланғанын атап өту керек.
WCCES-ті 1970 жылы Оттавада (Канада) әлемнің жетекші компаративист ғалымдары құрған еді. Қазіргі уақытта WCCES құрамына әлемнің 50-ден аса жетекші елінің салыстырмалы білім беру қоғамдары кіреді. Аталған кеңес ЮНЕСКО-мен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ал WCCES журналы – салыстырмалы және халықаралық білім беру саласындағы әлемдегі жетекші журналдардың бірі. Әр мақаланың толық аннотациясы ағылшын, француз, испан, орыс, қытай және араб тілдерінде жазылады.
А.Құсайыновтың мақаласының аннотациясында: «Мақалада орта білім беру жүйесінің құрамдас бөліктері және олардың білім сапасымен байланысы Педагогикалық ғылымдар академиясы мен шетелдік ғалымдардың зерттеулері негізінде саралап көрсетілген. Зерттеу қорытындысы Түркістан облысындағы мектептерде екі жыл бойы жүргізілген эксперимент деректеріне негізделген. Автор эксперимент тұжырымдамасын және оны жүзеге асырудың кешенді бағдарламасын әзірлеген, сонымен қатар эксперимент нәтижелерін ұсынған. Автор оқушылардың білім сапасын арттырудағы білім беру ұйымдарының ішкі резервінің рөлін атап көрсетеді және оны McKinsey&Company компаниясының «Мектептегі оқытудың тұрақты жоғары сапасына қалай жетуге болады?» және «Ең жақсы мектеп жүйелері қалай жетілдіріліп жатыр?» тақырыптарында жүргізген зеттеулеріне сүйене отырып дәлелдеген. PISA және TIMSS зерттеулерінің 2003 жылдан бергі нәтижелері, сондай-ақ олардың сәттілігі мен тиімділігін қамтамасыз ететін факторлар талданған», деп жазылған.
А.Құсайынов Түркістан облысының Төлеби, Ордабасы, Отырар және Сайрам аудандарында жүргізген экспериментке 40-тан аса мектептен 3 мыңнан аса оқушы мен 400-ге жуық мұғалім қатысқан.
Төменде білім сапасы мен оның құраушыларының өзара байланысын көрсететін формула мен тұжырымдама берілген. Журнал редакциясы бұл формуланы профессор А.Құсайыновтың формуласы деп белгілеген:
Сбіл = Сст + Со + Сккб + Смс + Ст + Сғзж + Сбас +Смтб
Сбіл – оқушылардың білім сапасы;
Сст – білім стандарттары мен оқу бағдарламаларының сапасы;
Со – оқу әдебиетінің сапасы;
Сккб – педагог кадрлардың кәсіби біліктілігі сапасы;
Смс – білім мониторинг сапасы;
Ст – рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру сапасы;
Сғзж – ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы;
Сбас – басқару жүйесінің сапасы;
Смтб – материалды-техникалық база сапасы.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, барлық елде осы бағыттар бойынша көптеген жұмыс жүргізіледі. Алайда бұл жұмыс жүйелі және ғылыми негізде жүргізілген елдерде ғана оқушылардың білім сапасы көтеріледі. Яғни А.Құсайынов бір сынып оқушыларының білім сапасын көтеру үшін осы құраушылардың барлығының сапасын арттыру жұмыстары осы сынып оқушыларымен байланысты жүргізілуі керек екенін жазады.
Осы уақытқа дейін білім сапасын көтеру проблемасы бір формуламен қысқа, ықшам және өте түсінікті жазылмаған еді. Әлемнің 50-ден аса еліне тарайтын журналда А.Құсайыновтың 21 беттік көлемді мақаласының жариялануы – қуантарлық жайт. Осы эксперимент жұмыстары тиянақты зерттеліп, еліміздің барлық өңірінде жүргізілсе, дұрыс болар еді деп ойлаймыз.
Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
АЛМАТЫ