• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Футбол 27 Қаңтар, 2022

«Зениттің» «құдалығы» шынайы ма?

256 рет
көрсетілді

Футболдың есеп-қисабын жүргізетін CIES Football Observatory зерттеу компаниясының ұсынған мәліметі бойынша, 2021 жылы 15 қазақстандық футболшы шетел чемпионаттарында доп тепкен. 2019 жылғы жағдаймен салыстырсақ, әрине, бұл – жақсы көрсеткіш. Өйткені үш жыл бұрын небәрі 8 футболшымыз нәпақасын шетелден іздеген екен. Ал ең көп футболшысы шетел біріншіліктерінде ойнайтын ел – Бразилия. Футболды ұлттық ойын ретінде қарайтын оңтүстікамерикалықтардың 1 287 ойыншысы қазір шетел клубтарында доп теуіп жүр.

Қазіргі таңда қазақстандық футболшылардың алды Испания, Бельгия, Польша секілді елдердің негізгі біріншіліктерінде болмаса да, екінші, үшінші деңгейлі лигаларында өнер көрсетіп жүр. Сонымен қатар кейінгі жылдары солтүстіктегі көршілеріміздің клуб­тары да біздің жігіттерге жиі «құда түсе» бастады. Се­бе­бі қазақстандық футболшылар Ресейде легионер болып са­налмайды. Бүгінде Ресей бірін­шілігінде үш жерлесіміз бақ сынап жүр. Олар: тараздық Бақ­тиер Зайнутдинов (ЦСКА, Мәс­кеу), қос­танайлық Марат Быс­тров («Ах­мат», Грозный) және тал­ды­қорғандық Алексей Щеткин («Ротор», Волгоград).

Былтыр бұл ойыншылардың қатары бұдан әлдеқайда көп болатын. Өкінішке қарай, бірнеше жерлесіміз Ресей чемпионатында лайықты ойнай алмай, ел чемпионатына қайта оралды. Атап айтар болсақ, қорғаушылар Дмитрий Шомко мен Юрий Логвиненко, жартылай қорғаушылар Исламбек Қуат, Роман Муртазаев, шабуыл­шылар Абат Айымбетов, Арман Кеңесов өз мүмкіндіктерін көр­сете алмады.

Жуық арада жоғарыдағы үш жерлесіміздің қатарын маңғыс­таулық Нұрәлі Әліп толықтырып қалуы әбден мүмкін. Қазақстан ұлт­тық құрамасы мен алматылық «Қайраттың» қорғаушысы бұл күн­дері Дубайда Санкт-Петер­бургтің «Зенитінде» қаралымда жүр. 14 қаңтарда басталған Ресей чемпиондарының оқу-жаттығу жиыны 25 қаңтарда аяқталды. Екі аптаға жуық жиынның нәти­жесінде Н.Әліп «Зенит» сапында екінші жаттығу жиынына барады.

– Біз Әліпті көптен бері ба­қылап жүрміз. Ол – жас ойыншы. Төлқұжат жағынан да ол Ресей чемпионатында легионер болып есептелмейді. Қазіргі таңда біздің клубта үш орталық қорғаушы бар. Нұрәлінің келуімен клубтың қор­ғаныс шебінде бәсекелестік пайда болады. Егер Әліп өзінің жақсы қорғаушы екенін дәлелдей алса, оны командада қалдырамыз. Жалпы Нұрәлінің «Зенитте» қалу-қалмауы өзіне байланысты, – дейді «Зениттің» бас бапкері Сергей Семак.

Осы жерде оқырмандар арасында Нұрәлі Әліп деген кім, ол қайдан келген футболшы де­ген сауал туындауы мүм­­кін. Оқырмандарға түсінікті болу үшін айта кетсек, Нұрәлі 1999 жылдың 22 желтоқсанында Ақ­тау қаласында дүниеге келген. 2008 жылы жергілікті «Кас­пий» клубының балалар академиясына қабылданып, футболдың қыр-сы­рына қаныға бастады. Ал 2015 жылы Н.Әліп Алматының «Қай­рат» клубының академия­сына оқу­ға түсіп, футболшы ре­тінде шеберлігін одан әрі шың­дай түсті. Сол уақыт ара­лы­ғында ол «Қай­раттың» жас­тар ко­манда­сымен бірге бірқатар ірі жетістікке қол жеткізіп, сауат­ты ойынының арқасында не­гізгі құрам бапкерлерінің назарын өзіне аударды. Орталық қорғау­шы позициясында ойнайтын ол 2018 жылдың 11 наурызында Премьер-лигадағы дебютін өт­кізсе, араға бірнеше күн салып Қа­зақстан ұлттық құрамасының жейдесін киюге лайық футбол­шы екенін дәлелдеді. Сол уа­қыттан бері ол «Қайраттың» да, ұлттық құраманың да негізгі қорғау­шысына айналып үлгерді.

Қазақстандық спорт журналисі Бек Төлеуов «Зениттің» Нұр­әліні оқу-жаттығу жиынына ша­қырғанына таңқалғанын және ол клубпен келісімшарт жасас­қанның өзінде басқа клубқа жалға берілуі мүмкін екенін айтады.

– Нұрәлінің «Зенитпен» бірге Дубайға аттанғаны мені аздап таңдандырды. Себебі ол «Қайрат» чемпион атанған 2020 жылмен салыстырғанда былтыр жоғары деңгейлі ойын көрсете алған жоқ. Бұл жерде клуб қожайыны Қайрат Боранбаевтың байланысы себеп болып отыр­ғаны түсінікті. Бауыржан Ислам­хан­ды да «Зенит» сынақтан өткіз­генін білеміз. Нұрәлінің Бауыржанмен салыстырғанда бір ғана артықшылығы бар. Яғни ол әлі жас. Сондықтан «Зе­нит» болашақты ойлап, оны клуб­та алып қалуы мүмкін. Со­дан соң Ресейдің ортаңқол коман­даларының біріне жалға беруі де ғажап емес. Мысалы, «Крылья Советовке» деген сияқты. Екі команда арасында жақсы байланыс орнатылған. Ал командаға дәл қазір алып қалмасы анық, – дейді спорт сарапшысы.

Ал ресейлік «Спорт-Экспресс» басылымының жазуынша, дәл қазіргі уақытта «Зенит» орталық қорғаушыға мұқтаж. «Клубта Чистяков, Ловрен, Ракицкий және 19 жастағы Хотулев бар. Әзірше Семактың бапкерлер штабы Хотулевқа сенім артпай отыр (осы маусымда ол 1 минут қана ойнаған). Сонымен қатар көктемде украиналық Ярослав Ракицкийдің келісімшарты аяқ­талады, сондықтан «Зенитке» қазір орталық қорғаушы керек. Оның үстіне Әліпте қазақстандық төлқұжат болғандықтан, аса көп ықтималдылықпен ол «Зенитте» қалуы мүмкін», деп жазады басылым.

Айта кетейік, Нұрәлі Әліп «Зе­ниттің» оқу-жаттығу жиынына шақырылған алғашқы қазақ­стандық футболшы емес. Жанкүйерлердің есінде болса, осыдан екі жыл бұрын Бауыржан Ислам­хан да «Зениттің» жатты­ғуына қатысқан болатын. Өкініш­ке қарай, Исламханның ойыны бас бапкер Сергей Семактың кө­ңілінен шықпаса керек, онымен келісімшарт жасаспады. Сон­дай-ақ 2017 жылы Еркебұлан Сей­дахмет те «Зениттің» жастар клу­бының қатарына шақырылған-ды. Алайда жерлесіміздің кәмелет жасына толмауына байланысты бұл трансфер де іске аспай қалған еді.