Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру негізінде, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданына қарасты, Сайрам, Өтеміс, Достық, Исфиджаб, Қызыл су, Орманшы және Шапырашты тұрғын алабтарының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қалалық өзбек драма театрында болған кездесуде аталған 7 елді мекеннің белсенділерімен ашық сұхбат болды.
Жиынға келген елді мекен белсенділері көшелерді жарықтандыру, ауыз су, ішкі орамдық көшелерге орташа жөндеу жүргізу, Өтеміс тұрғын алабындағы 1960 жылы салынған клубтың орнына жаңа ғимарат салу, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесі мен кәріз жүйесімен қамту, балалар ойын алаңшасын салу, ирригациялық арықтар орнату сынды өтініштерін жеткізді.
Мұрат Әйтенов әрбір мәселеге егжей-тегжейлі тоқталып, шешу жолдарын сала жетекшілерімен талқылады.
- Біз әрқашан диалогқа ашықпыз, қала тұрғындары үшін жайлы жағдай жасау әкімдіктің басты міндеті екенін жеткізгім келеді. Түйткілді проблемалар мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шешілетін болады, - деді шахар басшысы.