Өткен 26 қаңтар күні «Egemen Qazaqstan» газетіне өрт сөндіру бөлімдерінің бірқатар проблемалары қаузалған «Құтқарушыға да құтқарушы керек» атты мақала жарық көрген-ді. Өрт сөндірушілердің мақалада айтқан уәждеріне байланысты Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Е.Нұрпейісовке де ресми сауал жолдадық. Ал осы мақалаға департамент бастығының орынбасары, полковник Д.Титов берген жауапты пайдаландық. Тек, қайталанып кетпеуі үшін кейбір жауабы мақалаға кірістірілмеген еді. Бүгін толықтырылған ресми жауапты газетке толық беруді жөн көрдік.
«Б.Шылай мен А.Э.Можановтың талаптары 2021-2022 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қалалық сотында Мемлекеттік қызмет агенттігі департаменті мен Еңбекті қорғау бойынша департаментінің қатысуымен қарастырылып, онда барлық қатысушы тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілген және Б.Шылай мен А.Э.Можановтың тарапынан болған бұзушылықтар расталып, ШҚО ТЖД іс-әрекетінде теріс қылық анықталған жоқ», деп жазады Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Д.Титов.
1.Аудандарда өрт сөндіру техникасы істен шыққан кезде қосалқы бөлшектерді сатып алуға ақша қаражаты бөліне ме?
– Қосалқы бөлшектерді сатып алу Мемлекеттік сатып алу жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі бөлетін қаражат есебінен жүзеге асырылады. Қосалқы бөлшектерді беру барлық аудандық және қалалық бөлімшелердің қажеттілігіне қарай жүзеге асырылады.
2.Неліктен Катонқарағай ауданының өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері қосалқы бөлшектерді өз есебінен сатып алды?
– Өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы есебінен қосалқы бөлшектерді сатып алу туралы ақпарат түскен жоқ. Қосалқы бөлшектерді сатып алу Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүзеге асырылады және қажеттілік бойынша бөлімше басшысының баянаты бойынша, сондай-ақ рұқсат қағазы бойынша беріледі.
3.Ескі техника қашан жаңартылады? Осы мәселе бойынша сіздің тарапыңыздан қандай да бір жоспарлар жасалды ма?
– Өрт сөндіру техникасын сатып алуды Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі орталықтандырылған түрде республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырады. Өрт сөндіру бөлімшелерінде өрт техникасын жаңарту жаңа өрт сөндіру автомобильдерінің түсуіне қарай қаралады.
4.27-ӨСБ жүргізушісі аға сержант Азат Можанов неге жұмыстан босатылды? Сонымен қатар Риддер қаласының 14 – ӨСБ бастығы Бақытбек Шылай неге лауазымынан төмендеді? Нақты себептерді түсіндірулеріңізді сұраймыз.
– Ерікті түрде жұмыстан шығу туралы А.Можановтың рапортына сәйкес, ол азаматтық қорғау органдарынан шығарылды. Қызметтік тергеу нәтижелері және тәртіптік комиссияның шығарған шешімі бойынша Б.Шылай өз функционалдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін лауазымынан төмендетілді.
Естеріңізге сала кетсек, сұрауымызға бұл жауаптар Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Д.Титовтың атынан келген еді.
P.S. Бақытбек Шылай мен Азат Можановтың тарапынан болған бұзушылықтар расталғанымен, екі азамат та аталған департаменттің шешімімен келіспейтіндерін алға тартып, сотқа арызданған. Болып жатқан келіспеушіліктерге заң бойынша нүктесі әлі қойылған жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы