Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының кезектен тыс съезіне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.
Елбасы Nur Otan партиясы еліміздің басты саяси күші екенін айтты.
«Партия қоғамның барлық тобының мүддесін қорғай отырып, әрқашан да Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігімізді қорғау жолында тұрды. Бірге көп нәрсеге қол жеткіздік. Ең бастысы - Қазақстанның одан әрі дамуы үшін сенімді іргетас құрылды. Бұл алға қарай жылжу үшін маңызды», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев биылғы съездің тарихи маңызын айтып, партия мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевты Nur Otan партиясының төрағасы етіп сайлау туралы ұсынысын қолдайтынына сенім білдірді.
«Кейінгі бір жарым жыл ішінде партия жұмысы жүйелі түрде қайта жаңғыртылды. Осы процестің кейінгі кезеңі ретінде партияны басқару мәртебесін қазіргі Мемлекет Басшысы - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беру деп есептеймін. Партияны президент сайлауында ұсынған және қолдаған адам басқаруы керек. Бүгінде Қазақстан Президентінің басшылығымен маңызды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар кешені жүзеге асырылып жатыр. Nur Otan партиясы барлық қажет ресурсқа ие бола отырып, оларды жүзеге асыруда сенімді көмекші болуы тиіс», деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті қоғамның қолдауымен ғана Қазақстан тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған ауқымды реформалардың елеулі нәтижелеріне қол жеткізуге болатынын мәлімдеді.
«Мен ұлы мақсаттарға қоғамның топтасуы арқылы, сондай-ақ, елдегі бейбітшілік, тұрақтылық пен келісім жағдайында қол жеткізуге болатынын әрдайым айтып жүрмін. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тәжірибесі бұл деректі айқын көрсетеді. Бүгін Тәуелсіздігіміздің төртінші онжылдығына аяқ бастық. Бұл - жаһандық трансформация, күрделі және жауапты шешімдер кезеңі. Қазақстан жаңа уақыттың барлық сын-қатерін ойдағыдай еңсеретініне сенімдімін. Айқын мақсаттар, саяси ерік-жігер және ең бастысы халықтың қолдау осының кепілі болмақ», деді Нұрсұлтан Назарбаев.