Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жол-көлік апаты бүгін, сағат 16:00 шамасында болғанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Атырау облысының Доссор кентінен Маңғыстау өңіріндегі Бейнеу ауданы бағытына қатынайтын тас жолдың 71-шақырымында екі көлік соқтығысқан. Оның бірі – Өзбекстан Республикасында тіркелген «MAN» маркалы жүк тасымалдайтын, ал, екіншісі – Алматы облысының тұрғынына тиесілі «Toyota Camry» маркалы жеңіл көлік.
«Жол-көлік апатының салдарынан «Toyota Camry» көлігінің жүргізушісі мен 4 жолаушысы оқиға орнында мерт болды. Көз жұмғандардың екеуі – кәмелет жасына толмаған жасөспірім», деп мәлім етті баспасөз қызметінен.
Полиция қызметкерлері жол-көлік апатына байланысты тергеу амалдарын жүргізуде.