Nur Otan партиясының съезінде айтылған дүниелер үлкен істерге ұйытқы болады деп ойлаймын. Өйткені Президент қоғамдағы ой-пікірлердің елеусіз, ескерусіз қалмайтынын анық көрсетті. Демек бастамалардың бәрі оң нәтиже береді деген сенім мол.
Бұл ретте Nur Otan партиясынан сайланған депутаттарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Мемлекет басшысы партия өзгеруі керек деген ойды айтты. Меніңше, еліміздегі ірі саяси құрылым бірінші кезекте ашықтыққа айрықша мән беруі керек. Әсіресе партия фракциясы барынша ашық болуы керек. Яғни партия да, партия атынан сайланған депутаттар да халық алында есеп беруді қалыпты әдетке айналдыруы керек.
Президент баяндамасынан кейін әркім партияны қалай өзгертуге болады деген сауалға жауап іздеп, ой-пікірлерін білдіруде. Осы орайда мен де аз-кем пікір айтуды жөн көріп отырмын. Меніңше, халықты кеңседе отырып қабылдауды азайту керек. Халықтың сеніміне ие болу үшін халықтың ішінде жүрген дұрыс. Кеңседен тыс жерде кездесулер ұйымдастырып, тұрғындардың бетпе-бет келіп отырған түйткілді мәселелерімен танысуы керек. Негізі мұндай жұмыстар бұрын да жүргізілетін. Енді соны одан әрі күшейте түскен абзал және бұл жасанды болмағаны дұрыс.
Президент айтқандай, ел ішіндегі партия беделін өсіру маңызды. Бұл ретте партияның органдарын тиімді пайдалану керек. Партия белсенді жастарды көбірек тарту керек және олар әртүрлі саланың өкілі болуға тиіс. Сонымен қатар партия қатарына шағын және орта бизнес өкілдері алынуы керек.
Жалпы алғанда, Президент қолдан келетін және оң нәтиже беретін тапсырмалар жүктеді. Енді оны сапалы әрі тиянақты орындау керек.
Берік БИЯТОВ,
«Темірмаш» зауытының директоры
Павлодар облысы