«Елің тыныш болса, өзің де тыныш боларсың» деген аталы сөздің ақиқатына «Қасіретті қаңтар» оқиғасы анық көз жеткізді. Елдің бірлігі мен тыныштығы қымбат. Ендігі арада өткен оқиғадан қорытынды шығарып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстан құру бастамасына халық болып қолдау көрсету парызымыз.
Еліміздің саяси өмірінде өзгерістер кезеңі басталды және бұл біздің қоғамның демократиялық, құқықтық негізде нығая түсуіне жол ашады. Осы орайда Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық құндылықтар жүйесіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға түбегейлі өзгеріс енгізу қажет екеніне тағы да назар аударды.
Жаңа Қазақстан жағдайындағы ендігі партия қандай болуы керек деген мәселені Президент орынды көтеріп, ұсыныстар енгізді. Ата Заңымыз бойынша Президент – барлық қазақстандықтың бостандықтары мен тең құқықтарының сақталуына кепіл тұлға. Олай болса Мемлекет басшысы Қазақстандағы бүкіл партияға ортақ тұлға болуы керек.
Бұған дейін Президент және облыс әкімдері Nur Otan партиясының жетекшілері болған соң, осы партияға жаппай мүше болу етек алды. «Біз сан жағынан мүшелері ең көп партиямыз» деген дақпыртқа жол беріліп, тіпті тізімдеп, еріксіз өткізуге дейін бардық. Көңіл-ықыласы мен сенімі жоқ, партияға еріксіз мүше болғандардың алды кешелі-бүгінді арыздарын беріп, Nur Otan партиясының мүшелігінен шығып жатқаны осы айтып отырған жайдың ақиқатына көз жеткізгендей.
«Nur Otan өзін-өзі жаңартуы керек. Партияның бүкіл жұмысын сөз жүзінде ғана емес, түбегейлі қайта құру қажет», деген Қ.Тоқаев ендігі арада біраз басымдыққа баса мән беруге шақырды. Ең әуелі партия ішіндегі ынтымақты нығайтуды, қоғамдағы барлық конструктивті күшті біріктіруді бірінші міндет ретінде атады. Президенттің «Жаңа Қазақстанды құру үшін ауызбіршіліктің, серіктестіктің, нық ұстаным мен болашаққа сенімнің маңызы зор» деген пікірін толық қолдап, сөйлер сөзімізде де халқымыздың ертеңгі жақсы күніне деген сенімін бекітетін сөз айта білсек етті.
Рас, біз Қазақстанның жаңа дәуірін құруды бастадық. «Отыз жыл бойы қайда болдыңдар, бұрын неге айтпадыңдар?» деген бос сөзді қоя тұралық та, елімізді қалай жаңартамыз, әділетті қоғамды қалай құрамыз, қайтсек бай да бақуатты өмір сүреміз, сол жайында ойланып, іске кіріскеніміз абзал.
Өткен отыз жылға да және кімнің кім екеніне де уақыт, сол уақыттың иелігіндегі тарих жауап береді. Ал әзіргіміз бос сөз болып қала береді. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасының 30 жылда ел мүддесі үшін атқарған жұмысын жоққа шығармау керек екенін, бұл тарихқа қиянат жасау екенін өте орынды айтты. Бұл – елдік сөз.
Қазақстанның жаңа дәуірін қалыптастырып, елімізді қазіргі тығырықтан алып шыға алатын және әділдік пен адалдық орната алатын кезеңнің басталғанына сенейік. Қазіргі уақытта бәрі арзандасын деген талап қоюмен бірге, бәрі арзан болуы үшін шахтаға түсіп кеніңді, көміріңді өзің өндір, теміріңді өзің балқыт, малыңды өзің бақ, астығыңды өзің өсір деген қағидатты алға тартқанымыз да жөн. Бірлікте, ынтымақта болайық, тәуелсіздікті нығайтайық!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
КӨКШЕТАУ