Қазақстанды саяси реформалардың күтіп тұрғаны анық. Оның шет жағасы Президенттің отандық телеарнаға берген сұхбатында тағы айтылды. Еліміздің саяси құрылымы жанданатын күнді асыға күткен адам аз емес.
Саясаттағы бәсекелестік жалпы қоғамның, экономиканың дамуына бастайтыны сөзсіз. Сондай-ақ сайлауда саяси партиялардың легитимді жеңіске жетуі өзге партиялар арасындағы доданы арттыра түспек.
Президент өз сөзінде парламенттік және партиялық жүйені реформалау туралы айтып өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Парламенттің төменгі палатасында бірнеше мықты партия болуға тиіс деген пікір білдірді. Бұл еліміздегі саяси реформаның негізі бағыттары деп ойлаймын. Көппартиялықтан қорықпау керек. Бәсекелес партиялар арқылы саяси мәдениет қалыптасады.
Қазір қазақстандық саяси мәдениетті қалыптастыру жайында жиі айтылып жатыр. Парламентте бәсекелес бірнеше партияның болуы қоғамымызда саяси мәдениеттің нығаюына ықпал етеді. Партиялар қоғамның түрлі жігі мен тобының мүддесін қорғайды. Бұл мәселелер, ең алдымен, алаңда емес, Парламент қабырғасында көтерілуі керек.
Руслан АХМАҒАНБЕТОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, PhD докторант