Серджо Маттарелла Италияның президенті болып қайта сайланды. Апеннин түбегіндегі елде басқарушы коалициядағы келіспеушіліктерге қарамастан, мемлекет басшысы тараптардың қолдауын иеленді.
Осылайша, С.Маттарелла 759 дауыспен екінші жеті жылдық мандатқа ие болды. Премьер-министр Марио Драги 80 жастағы С.Маттарелланың «елдің игілігі мен тұрақтылығы үшін» қызметінде қалғанын жоғары бағалады. С.Маттарелла 3 ақпанда отставкаға кетуі керек еді. Ол мұның алдында келесі мерзімге сайланғысы келмейтінін бірнеше рет айтқан.
Маттарелла жеңіске жетіп, дауыс беру нәтижесі жарияланғаннан кейін депутаттар қол соғып қошемет көрсетті. Оқиғаға байланысты пікір білдірген М.Драги: «Серджо Маттарелланың республика президенті болып қайта сайлануы италиялықтар үшін тамаша жаңалық. Парламенттің оны екінші мерзімге қайта сайлау жөніндегі ерік-жігерін қолдағаны үшін алғыс айтамын», деді.