Кейінгі жылдары Алаш арыстарының мұралары жиі-жиі табылып, ұлттық ғылыми мирасымыз аясының кеңеюіне жол ашып жатқаны бар. Жаңадан табылған шығармалар санатына Алаш қайраткерлерінің түрмеде, айдауда жүрген кезде жазған еңбектері қосылды.
«Абақты да отырып жұмыс істеуге болатынын» (Ахмет Байтұрсынұлы), айдауда жүріп те шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік барын дәлелдеген қайраткерлер қатары Humbоldt (Берлин қаласы) университетінің түлегі, агроном-ғалым Ғазымбек Бірімжанмен толықты.
Humboldt университетін бітіріп, Еуропа өркениетін көріп келген, нағыз қайратты жастағы ұлтшыл азамат жиған ілім-білімін туған елінің мүддесіне жарата алмай, қуғын-сүргінге ұшырады. Ғазымбектей қайраткердің тағдыр талайына жазылған жер – Карелия елі. Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ азаматтарының көбі Архангельскіге, Магаданға, Сібірге, Карелияға, т.б. жер аударылған-ды. Бұл туралы Мұстафа Шоқай бас редакторлық еткен «Жас Түркістан» журналында жазылды. 1929 жылдың 7-8 санына «Ғазымбек сүргінде, Ғабдулуахаб Марат қамауда» атты мақала жарияланған. Мақалада: «Ғазымбек Бірімжан болса ауылшаруашылық, нақтырақ айтсақ, мал шаруашылығы саласында кәсіп еткендіктен Түркістан сахарасы үшін қымбатты бір маман саналар еді. Бұл жігіт қызметке де алынбастан сүргінге айдалған. Ғазымбек Алманияға келместен бұрын Ташкентте шығатын «Ақ жол» атты кеңес газетасында қызмет еткен болатын» [ Алаш көсемсөзі. 10 томдық. 3-кітап: Жас Түркістан. – Алматы, «Өнер», 2010. – 344 бет; 194], деп жазылған.
Ғазымбектің Карелиядағы мекенжайы Ақтеңіз-Балтық комбинаты, 14-үй, 15-бөлме деп көрсетілген-ді. Сол кезде Медвежья Гораның құрамында болған Беломорск (Ақтеңіз) 1938 жылы Сорок селосы мен маңайындағы деревнялардың бірігуі нәтижесінде шағын қала болып құрылған.
Карелия барша әлемге «халық жауы» атанған саяси тұтқындардың қол күшімен салынған «Ақтеңіз-Балтық каналымен» танымал. Соловецк лагерінде кеңестік тоталитарлық жүйенің қысымына ұшыраған, бас бостандығынан айырылған тұтқындар Ақтеңіз-Балтық каналын салуға қатысқан. Және алғаш рет тұтқындағы адамдардың КСРО-дағы ірі құрылыс алаңына қатысуы да осы нысанмен байланысты. Соловецкідегі лагерьден келгендер үшін Ақтеңіз-Балтық лагері (Белбалтлаг) құрылған. Ақтеңіз бен Онежск өзенін байланыстырған канал КСРО-ның экономикасына орасан зор әсер еткен. Өйткені адамға ауа қаншалықты қажет болса, канал да КСРО-ға соншалықты қажет болған. Сол себепті де И.Сталин каналдың жұмысын тездетуге тапсырма беріп, ұзындығы 227 км-ды құрайтын канал 1931-1933 жыл аралығында аз уақытта салынған. Тағы бір айта кетерлігі, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы да осы каналды салуға атсалысқан. Кейіннен фельдшер қызметін атқарып, лазаретте жұмыс істеді. 1935 жылы өмірден өтіп, Сосновец поселкесінің маңайына жерленген-ді.
Ақтеңіз-Балтық каналы салынып біткеннен кейін, 1933 жылдың 17 тамызында КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің №1774-384 «Ақтеңіз-Балтық комбинаты» туралы қаулысы шыққан. Қаулыда: «комбинаттың басты мақсаты – жолдас Сталин атындағы Ақтеңіз-Балтық каналының дамуы және маңайындағы аудандарды меңгеру» [Гнетнев К.В. «Беломорканал: времена и судьбы», Петрозаводск: Острова, 2008; 299], делінген. Дәл осы комбинатта кейбір деректер бойынша 1941 жылға дейін 81 446 адам жұмыс істеген. Ақтеңіз-Балтық каналы комбинаттың жұмысын біршама жеңілдеткен. Комбинат Медгорск, Повенецк, Водораздель, Выгозерск, Тунгудск, Сорокск, Туломск, Соловецк, Кемск, Мурманск, Верхне-Выгск, Урос-озерск, Монче-Тундрск сынды бөлімшелерден тұрған.
Ақтеңіз-Балтық комбинатының құрамындағы бөлімшелер, тірек пункттер мен стансалар жұмыстары мен нәтижелерін арнайы есеп түрінде жазып, оны Ақтеңіз-Балтық комбинаты жарыққа шығарып отырған. Осындай есеп түрінде жазылған көптеген еңбектің арасынан Ғазымбек Бірімжан мен И.В.Попов бірлесе жазған «Труды сельско-хозяйственной опытной станции» атты еңбек табылды. Кемск тірек пунктінің 1930-1933 жыл аралығындағы есебін көрсеткен бірінші шығарылым Ақтеңіз-Балтық комбинаты ІІХК (НКВД) есебінен шығарылған. Мың данамен таралған құнды мұра 55 беттен тұрады. 1935 жылдың 12 наурызынан теріліп, 5 мамырында баспаға жөнелтілген. Осы еңбекке қарай отырып Ғазымбек Кемск пунктінде қызмет етті деп топшылаймыз. Өйткені сол жердің топырағы мен өсімдігін, көкөнісін зерттеп жазу үшін әуелі бақылау керек. Бұл еңбекте тірек пункттің алғашқы 3 жылдағы нәтижесі мен өзгерістерін толық түрде баяндаған. Кемск тірек пункті 1929-1930 жылдары құрылған.
Әуелі редакцияның кіріспесінде тірек пункттің даму тарихы, жұмыс бағдарламасы, ауданның метеорологиялық жағдайы берілген. Кітаптың «Далалық тәжірибе» (агротехника және тыңайтқыш жөніндегі тәжірибе) атты бірінші бөлімін И.В.Попов, «Тұқымды сынақтан өткізу» атты екінші бөлімін Ғазымбек Бірімжан жазған. Соңында тәжірибелік пункттің фототүсірілімдері бар.
И.В.Попов «Далалық тәжірибе» бөлімін 10 тарау етіп жазған. Олар: 1. Батпақты жерлер. 2. Сыздандыру және известендіру (глина). 3. Избесті қолдану мөлшері. 4. Избесті қолданғаннан кейінгі әсері. 5. Батпақты жерлерді құнарландыру режімі. 6.Тыңайтқыш дозасы. 7. Ұн сынағы. 8. Қалдықтарды сынау. 9. Органикалық тыңайтқышты батпақты жерлерде қолдану мөлшері. 10. Топырақты биологиялық және бактериялық аурулардан залалсыздандыру.
Ал Ғазымбек жазған екінші бөлім 24 тараудан тұрады. Алаш агрономының жазған тараулары: 1. Арпа. 2. Сұлы. 3. Жаздық бидай. 4. Қара бидай. 5. Мыңжылдық шөптер. 6. Біржылдық шөптер. 7. Күнбағыс. 8. Жапырақты қырыққабат. 9. Талшықты зығыр. 10. Қарасора. 11. Ақкөганды түрлі қырыққабат. 12. Түсті қырыққабат. 13. Кольраби (капуста). 14. Жуа. 15. Асбұршақ және бұршақ тұқымдастар. 16. Қызыл ша. 17. Сәбіз. 18. Репа. 19. Шалғам (редиска). 20. Турнепс. 21. Брюква. 22. Мал азығының қызылшасы. 23. Картофель. 24. Қытай қырыққабаты және жапон шалғамы.
Ғазымбектің шығармашылық жұмысы, ыждағатпен жазған еңбегі еленген. Ресейлік жазушы, журналист, Карелия Республикасының Құрметті журналисі Гнетнев Константин Васильевичтің (1947 жылы өмірге келген) Карелия АКСР-і туралы, Ақтеңіз-Балтық каналы мен комбинаты жайлы жазған, 2008 жылы «Острова» баспасынан жарық көрген «Беломорканал: времена и судьбы» кітабынан Ғазымбектің есімін тапқан едік. Кітапта:
«Приказ по БелБалтКомбинату
НКВД СССР
Ст.Медвежья Гора, 14 апреля 1935 г.
10 апреля с.г. исполнилось 10 лет существования Соловецкого опытного пункта – пионера сельскохозяйственного опытного дела на Крайнем Севере, вылившегося в исследовательскую станцию из Общества краеведения б.УСЛОН.
За этот период времени Соловецкий опытный пункт проделал большую и ценную работу по разрешению ряда проблем северного земледелия. Результаты этих работ использованы как БелБалтКомбинатом, так и другими организациями, осваивающими Север.
Приказываю:
2) За инициативную и творческую работу объвить благодарность с занесением в личное дело и выдачей месячного премвознаграждения (з/к) руководителю пункта Кериму Казизаде, б. сотрудникам СОПа Беремжанову Г.К., Попову И.А., Сонину А.Г, начальнику с-х части 8 отделения Петрищеву Н. М., агроному Вихляеву И. П. и заведующей лабораторией Брянцеву.
Зам. нач. БелБалтКомбината НКВД и нач. Упр. Лагеря: Успенский [Гнетнев К.В. «Беломорканал: времена и судьбы», Петрозаводск: Острова, 2008; 305]», деп Ғазымбекке бір айлық сыйақы мен алғыс жарияланғаны туралы дерек келтірілген.
Қазаққа қажет мамандықтың бірі агрономдықты меңгерген Алаш зиялысы Ғазымбек еді. Агроном-ғалымның өз саласына қатысты жазған осы бір еңбегін көріп, төбеміз көкке екі елі жетпеді. Алаштың жас қайраткерінің қысқа ғұмырына Тобыл-Торғай өңірінің ауыл шаруашылығын емес, Карелиядағы Кемск деген батпақты жерін зерттеу жазған екен. Неде болса тұлғаның бұл еңбегі еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандарына көмекші құрал болары анық. Сол себепті кітаптың түпнұсқасын елге алдыртып, қайтадан бастырып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқу орындары мен кітапханалардың сөресіне қойса артық емес. Тұлғаның бұл мұрасы өзі өлгеннен кейін, ескерусіз қалып, іздеушісі болмағаннан кейін жоққа айналғандай болған.
Данияр ИХСАН,
жас зерттеуші,
Qyr balasy
ҚҚ ғылыми қызметкері