• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Ақпан, 2022

Құлсарының металл құймалары

775 рет
көрсетілді

Мұнайлы өңірге де металл құймалары қажет. Сол себептен, қазақ мұнайының алғашқы тамшысы алынған Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында орналасқан «МеталлПродукт» ЖШС-нің осындай өнім дайындайтын зауыты қайта жаңғыртылды.

Серіктестік директоры Қадыржан Құл­текеновтің айтуынша, жаңғыртудан өткен зауыттың қуаты екі есе артып, жылына 57 мың тонна металл құймалары өнді­реді. Қазір мұнда 130 адам жұмыс істей­ді. Бо­лашақта жұмысшылар саны 240-қа дейін көбейіп, екі ауысыммен металл құймаларын дайындау көзделіп отыр. Зауытты жаң­ғырту үшін қажетті құрал-жабдықтар шетелден жеткізілген. Өндіріс орны 90 па­йыз автоматтандырылған. Қазірдің өзінде көршілес елдерден сұраныс түсіп жатыр. Алдымен Өзбекстан Республикасына металл құймалары жіберіле бастамақ.

– Алдағы мақсатымыз – металды терең өңдеу. Өйткені мұны отандық на­рық­­ты ғана емес, экспортқа дайын өнім шы­ғару үшін қажетті жоба деп есеп­тей­міз. Біздің бұл жобамыз Құл­сары аталатын моноқала экономикасын әртарап­тан­дыруға ықпал еткенін қалаймыз, – дейді Қ.Құлтекенов.

«МеталлПродукт» ЖШС-нің зауытында ұзындығы 6 метр, салмағы 1 070 кило­грамм болатын металл құймалары шыға­ры­лып жатыр. Тапсырыс берушінің қалауы­на сай құймалардың пішіні өзгереді.

– Металл құймаларын шығаратын зауыттың құрылысы 2008 жылғы 15 қазанда басталған еді. Металл балқыту, қыздыру пешінен алғашқы өнім 2012 жылы алынды. Бастапқыда зауытқа Үндістаннан 7 тонна металды электрмен балқытатын екі пеш сатып алды. Содан бері құрылыс индустриясына қажетті металл құймалары тұрақты шығарылды. Ал 2018 жылы зауыттың қуатын арттыру үшін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге шешім қабылдадық. Осылайша, Түркиядан 10 тонна металды балқытатын электр пеші мен әлемдік стандартпен болат құймаларын дайындайтын қондырғы әкеліп орнаттық. Қазір біздің өнімімізді Өзбекстан Республикасының екі зауыты алуға келісім беріп отыр. Зауытты қайта жаңғыртуға 2 млрд 800 млн теңге инвес­тиция салынды, – дейді Қ.Құлтекенов.

 

Атырау облысы