• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Ақпан, 2022

Қой шаруашылығын құнттасақ...

350 рет
көрсетілді

Өңірдегі төрт түліктің ішінде басынан бағы тайып тұрғаны – қой шаруашылығы. Қазір қожалықтар мен жеке шаруалардың отарларында небәрі 86 мыңға жуық қой бар. Қой тұқымын асылдандыру кемшін, терісі мен жүні текке рәсуа.

Былтыр тиісті орындар өңірдегі бос жатқан жерді есепке алып, тексере келе, 10 млн гектарға жуық жердің босқа жатқанын анықтады. Соқаның тісі, шалғының жүзі тимеген, тусырап жатқан түзде қаншама қой өсіруге болар еді. Ата кәсіптің алдында кесе-көлденең жатқан тосқауыл қайсы? Осы сауалға жауап іздеп көрелік. Сулы, нулы Қорғалжын өңірі мен мал шаруашылығына аса қолай­лы, жайы­лымдық жері мол Ерей­ментау ауданының бірқатар қой шаруа­шы­лы­ғымен айналысатын малсақ қауымы­мен сөйлестік. Мәселенің мәнін індетсек, қой шаруашылығына қоң бітірмей тұр­ған кеселдің бірі әрі бірегейі – ел ішін­де қойшының табылмауы. Қайсыбір серік­тестік басшылары айына 150 мың тең­ге тұрақты жалақы төлеп, өз малына қажет­ті жемшөпті тегін үйіп тастасақ та, мал бағатын адам таба алмайсыз деп зар илейді. Оның үстіне өз малын қо­жа­лықтың малына қосып бағуға да рұқ­сат еткен.

Әйтпесе, бұл шаруа бейнетін ақтай­тын кәсіп. Қазір қой еті қымбат. Жалпақ әлем­ді жаман тұмау жайлаған кезде қой­дың еті мен сорпасы дертке дауа болады деген ұғым қалыптасты. Онсыз да қымбат ет бағасы шарықтап кетті. Қазір облыс орталығындағы базарларда қой етінің килосы 2 500-2 800 теңге аралығында. 15-20 кило таза ет беретін тоқтылардың тірідей құны 40-45 мың теңге төңірегінде. Ал 25-30 кило таза ет беретін ісектер 60-70 мың теңгеден сатылуда.

– Қой тұқымын асылдандыру ақсап тұр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Қайрат Көшенов, – мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны­мен, малсақ қауымның ынтасы төмен. Мә­се­лен, шетелден әкелінген асыл тұ­қым­­ды әр бас үшін 30 мың теңге субсидия тө­ленеді. Ел ішіндегі асыл тұқымды ша­­руа­­шылықтардан алынған әр басқа 15 мың теңге көлемінде өтемақы жасалады. Оның үстіне қолдан ұрықтандыру мәсе­лесін де жетілдіру қажет болып тұр. Бұл тарап­тағы іс жан-жақты ойлас­тыруды қажет етеді.

Мал тұқымын асылдандыру мәсе­лесі қожырап тұрғаннан соң қолда барды қанағат тұтып, өз төлі есебінен басын кө­бейтудің де ауыртпалығы аз емес екен. Мәселен, несиеге қой алып, шаруа­шылығын ұйымдастырып отырған­дардың айтуларына қарағанда, банктің алдындағы қарызын өтеу үшін төлі өсіп-жетілмегендіктен, саулық қойлардың етке өткізілуі жиі.

Ерейментау ауданындағы Ново­мар­ков­ка ауылындағы шаруа қо­жа­лы­ғы­ның же­тек­шісі Қуандық Сәбитов 1 700 қой бағып отыр. Жар­ты­лай асыл тұқымды.

– 3,5 мың гектар жайылымдық жеріміз бар. Бұл тарапта кемшілік жоқ, су мәселесі ғана қинап тұр, – дейді ша­руа қожалығының иесі, – несиенің же­ңіл­дігін қайта қараса жақсы болар еді. Әйтпесе мал басын көбейту мүм­кін емес. Енді-енді өсіп келе жатқан­да банк алдындағы қарызымызды қайта­ра­­мыз деп шетінен етке өткізіп жатыр­мыз. Бәлкім, малсақ қауымның тіле­гіне орай қой басын көбейтемін деп ұмтыл­ған­дарға жеңілдетілген несие түрлері қарас­тырылса, оң болар еді. Бізде де шы­ғын аз емес, 600 бас қой сиятын мал қора­сын салдық, өз қаражатымызға құдық қаз­дырдық. Су 65 метрден шықты. Әр метрі­не 25 мың теңгеден төледік.

Кешегі кеңес заманында облыс орта­лы­­ғын­дағы «Киіз» кәсіпорынында қой жүні өң­­делетін еді. Негізінен пима мен киіз ба­сыл­ған. Солтүстіктің сақылдаған сары ая­зында кәдімгі пима да үлкен сұра­­нысқа ие. Қазір көпшілікке аса қажет­ті пима басу ұмыт болып, Көкшетау ба­зар­­­­ларында қырғыздың пимасы ғана са­­­ты­­­лады. Ауылдағы ағайын сатып алып, киіп жүр. Бұл төңіректегі табыс қыр­ғыз аға­йынның қалтасына түсуде. Ал елі­міз­дегі қой жүні көшеде шашы­лып жатыр. Са­рап­тап қарасаңыз, қой жүні еш­бір қал­дықсыз кәдеге асатын өнім. Тіпті ша­йы­­ры да іске жаратылады. Кос­метикамен ай­на­лысатын кәсіпорын­дарға аса қажетті шикізат.

Қой жүні екіге бөлінеді. Биязы және қылшықты жүн. Мамандардың айтуына қарағанда, қадірлісі – биязы жүн. Биязы жүнді қойды өсіру оңай-оспақ шаруа емес. Біздің далада негізінен ақсе­леу мен қаудан өседі. Бұл шөптердің басын­дағы ине қой терісіне қадалып, аурудың туындауына себеп болмақ. Сол себепті қылшық жүнді қойды өсірудің оңай екендігі белгілі. Қыбын тапса, қыл­шық жүн де кәдеге асады. Айталық, ірге­дегі Ре­сей қыл­шық жүнді іске жарату ар­қылы Қару­лы күштерін жұнттай қылып киін­діріп отыр.

– Моңғолияда бір жапырақ тері, бір шөкім жүн далада қалмайтын еді, – дейді Көкшетау қаласының іргесіндегі Нұрлы көш ауылының тұрғыны Мырзабек Бәйіт­хан, – ондағы жұрт бүгінге дейін мал­дың терісі мен жүнін пайдаланып келді. Тұрмыстық бұйымдар да тері мен жүннен жасалды. Теріден жасалған киім киіп, кем болған бірі жоқ.

Қой шаруашылығын дамытуға қа­жетті алғышарттың бірі – жайылым. Елді мекендердің іргесіндегі мал жа­йылымы тұяқтесті болып біткен. Бәлкім, Көк­сеңгірдің кең көсілген, бүгінде бос жатқан жайлаулары тәрізді оты мол жерді игеруді ұйымдастыру қажет шығар. Мал азығын жеткілікті етіп дайындауға малсақ қауымның өзі де ұмтылуда.

– Былтыр 200 гектар жерге екпе шөп ектік, – дейді Қуандық Сәбитов, – тәп-тәуір шықты. Алдағы уақытта бұл көлемді көбейтеміз деп ынталанып отырмыз. Қойға жайылымның кең болғаны керек. Кейде бос жатқан жерге қарап, иманың қасым болады. Табиғаттың сыйын түпкілікті пайдалана алмай отырмыз.

Қой шаруашылығын табысты салаға айналдыру үшін ең алдымен жүні мен терісін кәдеге асыруымыз керек. Сонда ғана малсақ қауымның жыл бойғы бей­неті ақталады. 

– Заманында қой шаруашылығы еліміздегі мал шаруашылығының бас­ты салаларының бірі еді, – дейді еңбек ардагері Ақылбай Ахетов, – астананы азық-түлікпен қамту белдеуіндегі облыс болғандықтан бұл саланы да дамыту аса қажет. Түпкілікті мән берсе, түбегейлі нәтиже болатынына дау жоқ. Өйткені қой өте өсімтал түлік. Кешегі кеңес заманында 100 саулықтан 140-150-ге дейін төл алынды. Төлі де тез жетіледі. Небәрі 1,5 жасында-ақ ірі қойдың есебіне кіреді.

Еңбекпен көзін ашқан ақсақалдың айтуына қарағанда, өңірдің табиғи жағдайы қой шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Себебі қой таулы-тасты Ерейменнің етегінде де, құлазыған Жақсының жалпақ даласында да өсе береді. Ел экономикасының әлеуетінің артуы мұнай мен шикізаттан кейін мал шаруашылығына тікелей байланысты екенін ескерсек, өңірдегі қой шаруашылығын дамыту қажет екендігі ешбір дау тудырмайды.

 

Ақмола облысы