Қызылордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен жанар-жағармай бағалары ұдайы бақылауда тұр. Азық-түлік қорының ортайып қалмауына да баса назар аударылған.
Осы мәселеге орай облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Нұрланбаев және басқа да департамент басшылары есеп берді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев азық-түлік қорына қатысты нақты шаралардың орындалу барысын баяндады. Бүгінде 34 әлеуметтік дүкен мен 18 супермаркеттегі арнайы бұрышта 19 түрлі өнім шекті бағада сатылады. Сондай-ақ елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде өңірдегі сауда желілерінде тапшылық болмас үшін Түркістан облысынан азық-түлік өнімдерін тасымалдайтын 122 жеке кәсіпкердің тізімі жасалды.
Тұрақтандыру қорында 291,4 млн теңгені құрайтын 1 393 тонна өнім бар. Оның ішінде бірінші сұрыпты бидай ұны, қарақұмық жармасы, күріш, макарон, күнбағыс майы, қант және көкөніс өнімдері секілді азық-түлік қоры жиналған. Мұнан бөлек, «Байқоңыр» ӘКК» арқылы «айналым сызбасы» бойынша бағаны тұрақтандыру үшін кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіруге 500 млн теңгеге келісімшарт жасалуда.
«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» басқарма төрағасы Ерлан Нұрланбаевтың айтуынша, қырыққабат пен картоп бағасында өсім байқалып тұр. Ол тұрақтандыру қорының өнімдерінен жәрмеңке ұйымдастыру арқылы бағаны ұстап тұруға болатынын айтып өтті.
Жиында өңірдегі жанар-жағармай қоры туралы да сөз болды. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы облыс аумағындағы мұнай өнімдерінің саудалануы туралы хабарлама жасады. Бүгінде бағаның шекті мәннен аспауына күнделікті мониторинг жүргізілуде.
Қызылорда облысы