Ақпарат пен технология үстемдік еткен қазіргі заманда алдыңғы орында ғылым тұратыны түсінікті жағдай. Демек ғылым мемлекетке өз пайдасын тигізу үшін бұл саламен жүйелі түрде айналысуы қажет. Ал осы мәселеде білім беру ошақтары, оның ішінде жоғары оқу орындары басты маңызға ие екені айдан анық. Бұл ретте білім беру жүйесіндегі стандарттардың және Қазақстан ЖОО-ларының әлемдік университеттермен салыстырғандағы деңгейі қандай деген сауал туады.
Елдегі жоғары оқу орындарының әлемдік білім беру жүйесіндегі деңгейін анықтаудағы мақсат – адамзатқа ортақ ғылым мен оның жемісі саналатын жаңа технологияларды игерудегі, тудырудағы шамамыз бен үлесімізді көру. Сол арқылы қазіргі жаһандану үдерісінен еншімізді иелену және оның иіріміне жұтылып кетпей ұлттық болмысымызды сақтап қалу маңызды.
Бүгінде Қазақстанда 128 жоғары оқу орны бар. Оның басым көпшілігі университет. Ал университет деңгейінің қаншалықты екенін анықтайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – рейтинг. Әлемде 20-дан аса танымал жаһандық рейтингтер болса, соның бірін 1990 жылы Нунцио Куакуарелли негізін қалаған британдық Quacquarelli Symonds компаниясы жасайды. Осы рейтингке назар аударып көрелік.
2021 жылғы әлемдік университеттердің топ-200 рейтингісінде Азия елдерінің 11 өкілі орынға ие болса, олардың арасынан Қазақстанды кездестіруге болады. Яғни бұл біздегі университет жүйесінің дұрыс бағытта екенін сипаттайды. Өткен жылы QS рейтингінде әлем бойынша 1002 университет бағаланған еді. Осы тұста мың университеттің ішінен QS компаниясының нұсқасы бойынша Қазақстан университеттері 24-орынға тұрақтады (https://www.topuniversities. com/university-rankings/world-university-rankings/2021). Бізде бұндай университеттер саны – 10. Атап айтқанда, ҚазҰУ – 165, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ – 357, М.Әуезов атындағы ОҚМУ – 490, Сәтбаев универитеті – 541-550, Қазақ ұлттық аграрлық университеті – 591-600, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – 601-650, Қазақ-Британ техникалық университеті – 751-800, ҚМЭБИ университеті – 751-800, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті – 801-1000, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті – 801-1000-орында.
Ал ғылыми оқытушылар құрамы санына студенттер санының ара-қатынасы өлшемін алып қарастырар болсақ, біздің университеттер әлемдік грандтармен бір деңгейде орын алады. Әрине, бұл қолжетімді өлшемдердің қатарына жататынын және бұндай жоғары деңгейді әрдайым уыстан шығармауға болатынын атап өткен жөн.
ҚазҰУ-дың екінші ең жоғары өлшемі – жұмыс берушілер қатарындағы беделі (63,1). Бұл көрсеткіш – университеттің жұмыс берушілер арасында қаншалықты беделді екенін көрсететін өлшем. Яғни түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі және олардың дәрежесі танымал компанияларда жұмыс істеуіне лайық болуы. Жұмыс берушілердің пікірі жаһандық сауалдама арқылы анықталатыны сөзсіз. Дегенмен жергілікті ұсақ компаниялар бұл сауалдамаға толықтай атсалыса алады деу де қиынға соғады. Ал түлектердің сапасы олардың танымал жергілікті, шетелдік немесе халықаралық компанияларға жұмысқа орналасуымен анықталады.
Келесі өлшем – университеттегі шетелдік оқытушылар үлесінде ҚазҰУ – 42, ЕҰУ 25,3 балл алған. Бұл арада ЕҰУ-дың профессорларды шақыруда айтарлықтай мүмкіндіктері бола тұрса да пайдалана алмағанын көреміз. Ал шетел студенттерінің үлесін анықтаушы келесі бір көрсеткіште ММУ – 76,8, ҚазҰУ – 30,7, ЕҰУ 6,1 балға ие болды. Шетел студенттерінің университетке келуі үшін ғалымдар мен профессорлар танымал болуы керек, сондай-ақ шет тілдерінде, яғни ағылшынмен қатар мүмкіндігінше француз, неміс, қытай және түрік тілдерінде де дәріс беруге дайын болуы керек.
Соңғы көрсеткіш – оқытушылар құрамының санына ғылыми жұмыстары бойынша дәйеккөз индекстерінің арақатынасында ҚазҰУ мен ЕҰУ ең төменгі балл алды. Қойылған талапты орындау – оңай шаруа емес, бірақ шешуге болады. Бұл – ортадағы делдалдарға қомақты төлем жасамай-ақ, сапалы ғылыми жұмыстармен, сонымен қатар Scopus және Web of Science базаларына кіретін басылымдағы журналдарды өзімізден шығару.
Сонымен Қазақстан бүгінгі таңда әлем университеттерінің топ-200-дігіне енді. Әрдайым алға жылжып, жоғарыдан көріну үшін университеттердің ғылыми-оқытушылар құрамының сапасы жоғары болуы маңызды мәселе. Сондықтан ғылыми-оқытушылар құрамы еңбекақыларының деңгейін, олардың қызмет бабында жағдайларының болуын қадағалау назарға алынуы керек.
Ғазиз ТЕЛЕБАЕВ,
философия ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының профессоры
Сәкен АРАЛБАЙ,
Қарағанды медицина университетінің Қазақстан тарихы және ӘСП кафедрасының ассистент-профессоры