Шағын ауылдардың шаңырағын шайқалтпай ұстап қалудың бір жолын ауыл тұрғындарының ынтымағы көрсетіп отыр. Осы бір оң мысал өзге ауылдарға да өнеге болса кәнекей!
Обалы – Бурабай баурайындағы шоқ жұлдыздай шағын ғана елді мекен. Тамылжыған тұмса табиғаты туралы таңды таңға ұластырып жырлауға болар еді. Курортты өңірдің етегін баса қоныс тепкен ауылдың темірқазығы іспетті орта мектепке биыл бала саны жетпегендіктен жабылып қалу қаупі туды. Атамекенді қимай, мал сүмесімен күн көріп отырған ағайын алғашқы бетте сары уайымға салынғаны да рас. Орта мектептің жабылғанына да көп болмаған, енді негізгі мектеп жабылса, қиын болғалы тұр. Бес жыл бұрын Обалыдан тоғыз шақырым жердегі Түлкілі ауылының мектебі оқушылардың азаюы себебінен бастауышқа айналып, соңында жабылып тынған.
Мектеп туралы мазаны қашырар қауесет пайда болғалы обалылықтардың ойы онға, санасы санға бөлінді. Енді не істеу керек? Ауылдың бас көтерер ақсақалдары ақылдаса келе, алдымен бір-екі үй дайындауға келісті. Көпбалалы отбасыларды ауылға көшіріп әкелсек, бала саны көбейеді, мектеп те жабылмайды деп болжады. Бұл үшін жаңағы көпбалалы отбасыға ауылдың бас көтерер азаматтары түгел қамқор болуға тиісті. Үлкеннің сөзін сыйлайтын кейінгі толқын да әлгі уәжге тоқталды. Ортаға ақша жинады. Бұрын көшіп кеткен отбасыларының бос тұрған үйлерін сатып ала бастады. Төрт үй алынды. Төртеуіне де жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мектеп мұғалімдері әлеуметтік желі арқылы Обалыдағы оңды бастама туралы хабар таратты.
Шын мәнінде Обалы адам қызығарлық жер. Мәңгі жасыл қарағайлар мен шоқ қайыңдар көмкерген, орман қойнауы жаз айларында жеміс-жидекке тұнып тұратын құнарлы өлке. Электр желісі бар, ұңғымадан тартылған таза су ауылдағы үйлерге таратылады. Ауыл көшелері тегіс асфальтталған. Жеке шаруамен айналысуға, төрт түлік малды түгел өсіруге жағдай әбден бар. Қандай қуаңшылық жыл болса да нулы өлкенің шабындығында өскен шөп аттылы кісінің кеудесінен келеді. Үй жанында көкөністің неше түрін өсіруге болады.
Ерінбеген адамға ел ішінде күнкөріс табылады емес пе? «Бурабай» ЖШС мен екі шағын шаруа қожалығы жұмыстарын ұршықша үйіріп отыр. Айта кету керек, ауыл ішінде жұмысшы жоқ. Серіктестікке механизаторлар, көлік жүргізушілері қажет. Тіпті мал бағатын адам таба алмай отыр. Өйткені әркім өзінің жеке шаруасын күйттейді.
Әлеуметтік желі арқылы хабар тараған соң Қаскелең қаласынан Камила Исмаилова атты көпбалалы ана хабарласыпты. Әуелі ауылдың жайын, тұрғын үй мен мектеп мәселесін сұрастырса керек. Мән-жайды әбден білген соң көшуге қамданатынын айтқан. Жергілікті мектептің директоры Қымбат Ахметова көшіп келу шығынына қаражат жіберіпті. Ақыры міне, көптен күткен күн жеткен. Дәл сол күні Обалының жұрты ақ түйенің қарны жарылғандай қуанған. Қаскелеңнен Бурабайға бет түзеген шағын көшті қаңтардың 15-і күні алыстан аңсап жеткен ағайындарынша құшақ жайып қарсы алды. Шағын ауылдың шырайын келтірген той болғанға ұқсайды. Қыс түскелі мұғалімдер кезек-кезек келіп от жағып, үйді жылытып тұрған. Ауыл азаматтары қысқа қажетті отынын жеткізіп берген. Әрбір отбасы көш көлікті болсын деп қолдарынан келгенінше азық-түлік әкеліп, шашу шашқан.
– Қаскелең қаласында пәтер жалдап тұратын едік, – дейді Камила Исмаилова, – пәтерақы төлейтін ақшамыз болмады. Осы бір жақсы хабарды естігеннен кейін тәуекел дедім. Ауыл адамдарының аңқылдаған ақ көңіліне, жан жадыратар жәрдеміне әбден ризамын. Қатты қиналып едім. Енді бақша егіп, азын-аулақ мал ұстап, ел қатарлы жұмыс істесем көштен қалмаймын ғой.
Ауыл адамдарымен бірден тонның ішкі бауындай араласып кеткені соншалық, тіпті әрқайсысын көптен білетін тәрізді. Енді міне, біздің де ел қатарлы шаңырағымыз бар деп шаттанып отыр.
Біз барған күні бірнеше азамат осы шаңыраққа ат басын бұрып, азық-түлік, кілем, кішкентай балалардың қысқы киім-кешегін әкеліп беріп жатыр екен. Көршісі Жарылғасын Шадыров өз үйінен су тартып беремін деп құлшынып отыр.
Камиланың төрт баласы мектепке барғаннан кейін негізгі мектептің жабылу қаупі сейілген. Бұрын 38 оқушы болса, қазір – 42. Мектепте асхана тұрақты жұмыс істейді. Құстың ұясындай жып-жылы.
Біз тарата айтып отырған бағалы бастаманың басы-қасында жүргендердің бірі Нұрлан Қабдуллин наурыз айында Қызылордадан төрт балалы бір отбасының көшіп келетінін айтып отыр. Басқа ауылдардан да келемін деп ынта білдірген табылып жатыр екен. Қазір үш бірдей үй дайын тұр. Обалыға ағылған ел қарасы көбейсе, орта мектептің қайтадан ашылып қалуы да мүмкін. Осының бәріне дем беріп отырған дүние – ауылын ойлаған азаматтардың ауыз бірлігі. Бірлік бар жерде тірліктің де оңынан оңғарылатынын Обалының оңды ісінен қарап білуге әбден болады.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы