• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Ақпан, 2022

Көз көргендер мен бастан кешкендер

315 рет
көрсетілді

Кеңестік қуғын-сүргінді біздің әулет те молынан бас­тан кешірді. Ата-бабамыз бай болғаны үшін ғана бізді қан шеңгел өкімет аяусыз қуғынға ұшыратты. Алдымен қайын жұртым туралы айтатын болсам, атам Оразбайды «бай-құлақ» деп ат қойып, мал-мүлкін тартып алып, өзін Түмен облысына қашуға мәжбүр қылады. Ол жаққа алдымен ағасы Қасым қашып барған екен. Атамыз ит тұмсығы батпайтын Тайганың ішінде күрке жасап күн көріп, жақын маңдағы орыс «селендерінің» малын бағуға жалданып жан сақтап отырған осы ағасын паналайды. Азды-көпті отырған соң ауылда қалған отбасына хабарын жеткізеді. Елде күнкөріс қиындап, «байдың құйыршығы» деген қысым көбейген соң әйелі Дәметкен 5-6 жастағы баласы Сейітті (менің күйеуім – авт.) жетелеп Түмен жаққа жаяу жетеді. Қаншама қиындық көріп, жол бойы азап пен қорлықты бастан кешеді. Жүре алмай қалған баласын жолда ат-арбалылар кездессе салып жіберіп, алдағы жол айрыққа тастап кетіңдер дейді екен. Аштық пен суық бір жағынан қысып, «баламнан айырылып қалдым ба?» деген қауіп екінші жағынан сорлатып, жолайрыққа жеткенде жолдың жиегінде отырған баласын көріп өлгені тірілгендей қуанатын көрінеді.

Адамға ас-су ғана емес, қорқыныш пен қуаныш та қуат беретінін өз көзімен көріпті. Шаршаған баласы жүре алмай қалса осы жерге тастап кетемін деп қор­қы­тады екен. Сонда қорыққан баласы томпаңдап алдына түсетін болыпты.

Оразбай атамыздың өзі елге пайдасын тигізген, халық арасында беделді адам болған. Әкесінің есімі – Мұқыш. Ол – жазушы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабында айтылған атақты «шешен Мұ­қыш». Елге қадірлі, малды-жанды, би болған адам. Мұқыш атамыз үлкен баласы Қабдоллаға Жанбура Керейдегі Кәлекен байдың қызы Дәметкенді айттырады. Бірақ Қабдолла Қызылжарда қызмет істеп жүргенде айықпас дертке шалдығып, қайтыс болады. Мұқыш атамыз айттырылған келіні болған соң Дәметкенді әмеңгерлік жолымен оның інісі Оразбайға қосады. Одан Сейіт туады. Қуғын-сүргін жылдарында енем Дәметкен осы Сейітті Ішке аман жеткізген. 

Сейіт қанша қиыншылық көріп жүр­се де оқып, мал дәрігері болды. Екеуміз қосылып, Ресейдің Түмен облысында тұрдық. Аштықтан аман қалған құт мекенді Сейіт қимай, Қазақстанға көш­­пей, сондағы бір кеңшарда тұра бер­дік. Дә­меткен шешеміз 1968 жылы қай­тыс болды. Сейіт қатты қайғырды, өзі де 68 жа­­сын­да қайтты. Артында 4 ұл, 4 қы­зы қал­ды. Кейін біз Қазақстанға қоныс аудардық.

Біздің атамыз Оразбайдың ағасы Қасымнан Ахметжан, Ахмедия, Ағыбай есімді үш ұл және Түкірік атты бір қыз туған. Ахметжанның үлкен баласы Ақжан ағайынның ұйытқысы болып, басымызды қосып жүретін. Ақжанның арқасында туыс-туғанды іздеп Ресейге талай барушы едік. Қысты қыс демей, жазды жаз демей барып жүрдік. Тіпті ұшақпен де барған күніміз болды. Бертін келе Ресейдегі туыстар өткен аруақтарға бата қылып, келіп-кетіп жүрді. Ақжан ағайын-туыстың үлкені болғасын Ресей мен Қазақстанның басын қосқандай ел-жұртты жинап, бәрін бір-біріне таныстыратын. Соның арқасында ағайын арасы суымады.

Сейіт көзі тірісінде Ресейдің Лопат­кино деген жерінде қайтыс болған атасы Мұқыштың басына 1960 жылдары тас орнатып еді. Өзімен бірге Мұқыштың бала­сы Әлім, Бейсен, Алпан, Байтас деген әкелерін, олардың кемпірлері Кәмел, Сәлкендерді де ала барды. Шешесі Дәметкенді де апарған.

2002 жылдары Ақжанның інілері, елге танымал Қасымовтар әулеті қазіргі Тимирязев, Шал ақын аудандарының аумағында өмір сүріп, би болған Құртай деген ұлы атамызға там салып, 2-3 ауыл­дың жұртына ас берді. 2012 жылы ауыл­дық округті жер атымен «Құртай ауыл­дық округі» деп атауға қол жеткізді. Одан кейін де бірнеше рет еске алып, ас беріп жүрді. 2015 жылы Сейіттің қайтқанына 20 жылдық еске алу асын балалары мен туыстары бірігіп берді. Аруақтарға берген дұғасы қабыл болғай, жандары жәннатта, иманды болсын деп тілек тілеймін. Артында қалған туған-туыс, бала-шаға, үрім-бұтақтарына Алла жар болсын.

Өзімнің әкем Қожахмет Еркәліұлы Кеңес Одағы орнағанша медресе бітірген адам екен. Кеңес жұмысында болып, амал­сыз компартияға өткен соң намазды жұртқа білдірмей оқитын болды. Жамбыл ауданындағы «Баян» ұжымшарын сол кісілер құрған. Әр ағаштың бауырында отырған 40 үйлі Қантай Керейдің ұрпақтарын бір жерге көшіріп, «Баян» ұжымшарын ұйымдастырып, оның алғашқы төрағасы да менің әкем болады. Ауылды «Баян» деп атаған себептері де бар. Ол Қантай атамыздың бәйбішесі екен. Ұжымшардың алғашқы қадасын қаққан Исабай Калин, Қажымұрат Үмітбаев деген ағаларымыз: «Баян дегенде алдымен Қантай атамыздың бәйбішесін еске аламыз. Екіншіден, баян­ды бірлік­те боламыз», депті. Сол сөз­ді бәрі құп­тап, ауыл «Баян» атанады. Ол сол маң­дағы ауылдардың арасында ал­дың­ғы қатардағы елді мекен болды, орта мек­­теп те алғаш рет осында ашылды. Көпте­ген көршілес ауылдың жастары мек­теп­­ті Баянда бітірді. Менің әкем осы ұжымшар­дың басқармалығынан кейін фер­маның меңгерушілігіне ауысты. Мен және басқа балалары осы ауылда өмірге келдік. Сондықтан бұл ауыл біз үшін киелі жер.

Әкеміз білімді адам болды. Қартайған шағында бізге білгенін айтып отырушы еді. Өз білгенін қағазға араб әріптерімен жа­зып отыратын. Біз «әке теріс жазба» деп күле­тінбіз. Сөйтсек ол кісі дұрыс жазады екен-ау. Оқыған дұғаларын, жазған жазуларын балалар тиіспесін деп орамалға орап жоғарыға іліп қоятын. Әкеміздің бес қызы, бір ұлы болды. Қазір, Аллаға шүкір, бір ұлы мен екі қызы бармыз – мен, сіңлім және інім. Мен 85-темін, сіңлім Ұлболсын 83 жаста, ініміз Жанұзақ 74 жаста. Бәрі де балалы-шағалы.

Біздің балалық шағымыз соғыс жылдарына тап келді. Тұрмыс өте ауыр болды. Киерге киім, ішерге тамақ жоқ. Қыста  жағып жылынар отын да жоқ. Көмір де­ген­­ді білмейміз. Орманнан ағаш кесіп әкел­­сең, айыппұл төлейсің. Тіпті соттап жібе­руі де мүмкін. Сондықтан отынды ор­ман­нан түнде ұрлап әкеліп, кесіп, жарып, жертөлеге тығып қоямыз. Дымданып тұратын ағашты жағудың өзі оңай емес, ал далада қырық градус аяз болады. Үй толы бала-шаға болдық, өзіміздің үйдің бес баласы, әкемнің қарындасы, шешемнің екі інісі – бәріміз бірге тұрамыз. Әкеміз бастық болса да үйге бірдеңе алуға қорқады, қит еткенді көрсететіндер көп. Кезінде медреседе оқығанын түртіп жіберсе сотталып кететінін біледі, сондық­тан аш болса да кеңшардан бірдеңе әке­лу­ден қатты қорқады. Тіпті ауданнан келген қонақтарды да үйде күте алмай, сатушының үйіне түсіретін. Әкеме қара­ғанда шешемнің ебі бар еді. Ол қыр­ман­да істейтін, кіші баласын емізуге апарға­нымызда жаялыққа орап екі уыс бидай беріп жібереді. Соны қол диірменмен үгіп, жалғыз сиырдың сүтіне шылап, талғажау қыламыз. Негізгі қорегіміз сол. Жалғыз сиырдың сүтін де өзімізге толық бұйыртпайды. Одан 10 кило май алып, ауылнайға салық ретінде өткіземіз. Оны орындамасаң сиырды тартып алады немесе тіпті соттап жіберуі де мүмкін. Майды шыртылдақ қылып, қайнатып өткіземіз. Кеңшар адамдарға көк тиын төлемейді, тек өкіметке астық өткізу орындалған соң ғана еңбеккүн деп халыққа жарты немесе бір қапшық бидай береді. Күздің қара суығында бала атаулы жалаңаш-жалпы масақ теруге шығамыз. Тышқанның інін тауып алсақ қуанамыз, өйткені ол жерден бір уыс дән шығатын...

Оны үгіп нан қылу бір азап, қол диір­мен­нің ауыр тасын шынашақтай қолдары­мызбен күні бойы айналдырып отырамыз. Неткен өмір десеңші... Бала болып бақыт дегенді сезінбедік, аш-жалаңаш болғанның үстіне үнемі қорқып-үркумен тіршілік кештік. Күн ыстықта егіннің арам шөбін жұлуға апарады. Ауру болсаң да, сау болсаң да бармаймын деген сөз жоқ, бәрін бірдей бригадир қуып бара­ды. Түскі тамаққа айран, сүт апарамыз. Олар ашып кетеді... Барлық ауыл тұр­ғын­дарының көрген күні осы болды. Со­ғыс бітіп, елде тыныштық орнаған бір жы­лы әкемізді жұмысты жақсы істеді деп, Москваға ВДНХ көрмесіне жіберді. Мәскеуді аралатып, бәрін көрсетіпті. Сол жолы Мәскеуден бізге бірсыдырғы жаңа киімдер сатып әкеліп, қатты қуантты.

1956 жылы әке-шешемнің қалауымен өзімнен 10 жас үлкен Сейітке тұрмысқа шықтым. Екеуіміз 38 жыл өмір сүрдік. 10 құр­сақ көтердім, екеуі шетінеп кетті. Қал­ған балалар аман-есен жүріп жатыр. Не­ше бала болса да, солардан қызық-қуа­ныш көргеніме ерекше қуанамын. Әттең, Сейіт өмірден 68 жасында ертерек кетіп қалды. Қазір балалардың бақытын тілеп, олардың жақсы хабарына марқайып отырамын. Кеңес өкіметінің қиындықтары, адамдарды ит құрлы көрмей қинағаны, аштық, жалаңаштық жасап, қу қабырғаға телмірткені еске түссе, тіпті осы күні арқам мұз­дап кетеді. Қандай асыл азаматтарды туған жерге сыйғызбай, көзін құртты ғой. Ондай күндер де, ондай өкімет те енді ешқашан келмесін.

 

Мәрияш ОРАЗБАЕВА,

зейнеткер

 

Солтүстік Қазақстан облысы