Елдегі балабақшаларда 20 минуттық сабақтар орнына ойын және коммуникация әдістемесі енгізіледі. Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осындай жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Осыған дейін кішкентай балаларға мектептегі сияқты кестеге сәйкес 20 минуттық сабақтар жүргізіліп келген болса, енді жаңа модель бойынша педагог оқыту мен тәрбиелеуді баланың бақшаға келген тұсынан бастап, осы жастағы балалардың физиологиялық және психологиялық қажеттіліктері бойынша ойын және коммуникациялар арқылы арнайы әдістемемен іске асыратын болады. Шетелдік тәжірибелердің зерттеулері де осы әдістеменің маңыздылығын көрсетіп отыр», деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ ол балабақшалардың сапасын қамтамасыз ету үшін оларға деген талаптар күшейтілетін атады.
«Яғни материалдық-техникалық база, бейнебақылау жүйесі, педагогтердің біліктілігі, санитариялық, өртке қарсы нормаларға сәйкестігі, осының бәрі мемлекеттік тапсырысты берудің басты талаптары болады.
Соның ішінде жекеменшік балабақшалардан да балаларға қолайлы жағдай жасау талап етіледі. Үшіншіден, балабақшалардағы орындарды бөлу кезіндегі ашықтықты қамтамасыз ету үшін, облыстардағы электронды кезектердің бәрі енді республика бойынша бірыңғай базаға еніп, біріктірілетін болады», деді Асхат Аймағамбетов.