WBO тұжырымы бойынша орта салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Деметриус Андраде Жәнібек Әлімханұлымен кездесуден бас тартқаннан кейін инстаграмда жұмбақ жазба қалдырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бұл – менмін! Алдағы күндерде мені өте жақсы өзгерістер күтіп тұр», делінген оның жазбасында.
Естеріңізге сала кетейік, Деметриус Андраде міндетті қарсылас Жәнібек Әлімханұлымен кездесуден бас тартып, екінші орта салмаққа көтерілген болатын. Ол WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлемнің уақытша чемпионы, ұлыбританиялық Зак Паркермен шаршы алаңда кездеспекші. Қысқасы, Андраде Сауль Альвареске міндетті қарсылас атануды көздеп отыр.
Андраде екінші орта салмаққа көтерілгеніне қарамастан, бүкіләлемдік бокс ұйымы боксшыдан чемпиондық белдікті тартып алған жоқ. Әзірге Жәнібек Әлімханұлы бразилиялық Эскива Фалькаомен қолғап түйістіреді. Осылайша орта салмақтағы уақытша чемпионды анықтайды. Ал Андраде екінші орта салмақта түбегейлі қалатын болса, WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы автоматты түрде Әлімханұлы-Фалькао шайқасының жеңімпазына бұйырмақ. Егер Андраде орта салмаққа оралса, аталмыш жұптың жеңімпазымен жұдырықтасады.